Саясат

Қазақстандық сананы жаңғыртудың жаңа моделі

Қазақстандық сананы жаңғыртудың жаңа моделі

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұжымы Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының мұғалімдер үшін өскелең ұрпаққа білім және тәрбие беру ісінде әдістемелік мәні зор деп есептейді. Сол себепті осы мақаладағы басымдықтарды оқыту үдерісінде кеңінен қолдануды ұсынады. Тіпті облыс ұстаздарын осы мәндегі пікірлер жазып, әлеуметтік желілерде ақпараттық материал жариялауға шақырады. Президент айтып өткендей, қазір біздің төл тарихымызға оң көзқарас керек. Ол үшін көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Осындай тұжырымға сүйенген ұжым мүшелері мақаланың «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деп аталатын I бөлімінде қамтылған: «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы Даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деген 7 бағытқа баса көңіл бөлу керек деп есептейді. Тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз үшін Мемлекет басшысы біріншіден, ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасап, іске асыруды ұсынды. Елбасы архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет екендігін атап көрсетті. Осы ретте біздің филиалдың кітапханасы «Рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарды ары қарай кеңейту туралы өз ұсыныстарын әзірлеп жатқанын айта кеткен жөн. Енді осы қолға алынған бастама «Ұлы Дала Елі» жобасын мақаланың «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» тақырыбындағы бірінші бөлімімен байланыстыра отырып, кеңейтілмекші. Президент «Ұлы Даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек», деді. Бұл мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауға мүмкіндік беретінін айтқан жөн. Осы бағыттағы жұмыстар филиалда «Қазақстанның 100 есімі» бағдарламасы бойынша жасалып жатқан жоба арқылы өз жалғасын табады. Еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, Елбасы: «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет. Нәтижесінде, біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ шетелдегілер де білетін болады» деп атап көрсетті. Ұлт Көшбасшысы Дала фольклоры мен музыкасына баса назар аударып отыр. Бұл жоба аясында Н.Назарбаев «Дала фольклорының антологиясын» жасауды ұсынады. Елбасының айтуынша, осы арқылы Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта жаңа тыныс алуға тиіс. Осы жобаны әрі қарай ілгерілету үшін филиалдың тренерлері облыс, қала, аудан мектептерінен келіп, өз біліктіліктерін арттырып отырған курс тыңдаушыларын оқыту бағдарламаларына арнайы бөлімдерді енгізуді жоспарлап отыр. Қазақстандықтардың дүниетанымы, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты «Тарихи сананы жаңғырту» деп аталған екінші бөлімнің «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» жобалары – іс жүзінде жүзеге асыруды және қолдау көрсетуді, насихаттауды қажет ететін міндеттер. Тұңғыш Президент – Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Себебі «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі» дегеніміз осы.

Гүлшат МЕДЕТБЕКОВА, «Өрлеу» БАҰО » АҚ филиалы облыс бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры.