Спорт және туризм

Шарипованың шайқасы кейінге шегерілді

Шарипованың шайқасы кейінге шегерілді

Кәсіпқой бокстан қазақ арулары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, жерлесіміз Фируза Шарипова мен жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы, финляндиялық Ева Вальстрем арасында өтеді деп жоспарланған кездесу кейінге шегерілді. 22 желтоқсан күні Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында өтеді деп хабарланған жекпе-жекте Фируза өзіне тиесілі IBO белбеуін, Вальстрем WBC тұжырымының белбеуін беске тігуі тиіс еді. Өкінішке қарай, кездесу дер кезінде ұйымдастырылмайтын болды. Жамбылдық боксшы Фируза Шарипова дайындық барысында жарақат алып қалды. Сол себептен жекпе-жек сәл кейінірек өтпек. – Фируза жарақатына қарамастан шайқасқа шығуға дайын болды. Алайда жоғары деңгейдегі кездесуге біз Фирузаны жарақатпен шығара алмаймыз. Сол себепті бапкерлік құраммен бірлесіп, жекпе-жекті кейінге қалдыру туралы шешім қабылдадық. Фирузаның денсаулығы бізге маңызды. Сондықтан дәрігерлердің кеңесіне жүгінеміз. Бұл туралы Ева Вальстремнің командасына айттық. Біздің мақсатымыз – әлі де WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын иелену. Жақында шайқастың жаңа мерзімін анықтау туралы келіссөздер жүргіземіз, – дейді Фирузаның менеджері Сергей Завилейский. Біз де Фирузаның Вальстремге қарсы жекпе-жекті жедел өткізгенін қалаймыз. Өйткені мықтыны жеңу арқылы ғана өзіңнің әлеуетіңді көрсете алатының анық.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.