Қазағымның үнісің сен, домбыра!
Қазағымның үнісің сен, домбыра!
Назарбаев зияткерлік мектебінің 1500 шәкірті күй тартты
Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептерінің 1500 оқушысы бір мезгілде күй тартты. Бұл шараға Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебі «Small» сауда үйінде үн қосты. Назарбаев зияткерлік мектебінің 50 оқушысы «Балбырауын», «Қара жорға», «Келіншек», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін зор құлшыныспен орындады. Сондай-ақ аталған мектептің оқушылары Әйгерім Дәулетқызы, Нұрайым Тойланбаева, Үмітай Бегалиева, Ақерке Мұратбекқызы патриоттық әндер шырқады. Бұл шараға «Small» сауда үйіне келушілер дән риза болып, қол соғып, қолдау көрсетті. Физикалық бағытта білім беретін оқу ордасында мықты домбырашылардың бар екеніне көзіміз жетті. – Еліміздің Тұңғыш Президенті күні – өте үлкен мейрам. Сондықтан бұл шараның еліміз бойынша жүзеге асуы көңіл қуантады. Біздің мектепте физикалық бағыттағы мамандар ғана емес, талапты өнерпаздар бар екенін көріп отырсыздар. Мекемеміз біліммен қатар, өнерге де көңіл бөледі. Домбырашы балалардың өнерін тамашалап, Президент атындағы зияткерлік мектепте осындай лайықты балалар білім алып жүргеніне қуанамыз, – дейді аталған зияткерлік мектептің директоры Талғат Байназаров.
Е.Жаңабайұлы.
Тараз қаласы.