Экономика

Әлеуетіміз әлемдік деңгейге лайық

Әлеуетіміз әлемдік деңгейге лайық

Немесе барлық бағытта жаңғырту жүргізілуде

12Кез-келген мемлекеттің экономикасын өркендетуде темір жолдың алатын маңызы орасан. Елімізде халық шаруашылығы жүгінің 70 пайыздан астамы болат жолмен тасымалданады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында темір жол тасымалы мен оны басқаруды кезең-кезеңімен нарық негізіне көшіру арқылы еліміздегі темір жол желісін жаңарту, қозғалыс қауіпсіздігі, жеткізу мен қызмет көрсету шапшаңдығы жағынан әлемдік стандарттар талабына сәйкес болуы қажеттігі жөнінде жиі айтып келеді. Елбасы тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ филиалы – Жамбыл жол бөлімшесінде уақыт талабына сәйкес ауыз толтырып айтарлықтай істер қолға алынып, жүзеге асырылуда. Кейінгі кезде ғылым мен техника жаңалықтарын енгізу жемісті жалғастырылуда. Мұның өзі пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еңбек өнімділігін арттырып, елеулі өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізуде. Үстіміздегі жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы өзінің құрылғанына 110 жыл толуын кеңінен атап өтеді. Әлбетте, бұл көп уақыт емес, әйтсе де осы мерзімде салада ел игілігі үшін ғаламат жұмыс атқарылды. Біз Көлік қызметкерлері мерекесі қарсаңында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ филиалы – Жамбыл жол бөлімшесінің директоры, «Құрметті теміржолшы», «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы Дәулетбай Есімбековпен жолығып, салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгіме өрбіттік.

13Қазақстан темір жолына – 110 жыл

Қазақ темір жолының тарихы 1904 жылы Орынбор-Қазалы телімдерінде Орынбор-Ташкент темір жолында баяу жылдамдықты жүк және жолаушылар тасымалдайтын пойыз қозғалысының ашылуымен басталады. 1912 жылы Арыс стансасынан Пішпекке дейін Жетісу темір жолының құрылысы басталды, ал, 1917 жылы Бурный стансасына дейін болат жол тартылды. Қуатты техниканың жоқтығына байланысты жұмыс бірқатар телімдерде үлкен қиындықпен жүргізілді. Осы мерзімде Бадам өзенінде көпір салып, Машат шатқалында 25 метр биіктік жерді аласартуға, Маймақ тоннелін салуға тура келді. Осыған қарамастан 1920 жылы 28 қарашада болат жол желісі Әулиеата стансасына жеткізілді. 1924 жылдың 8 тамызында Пішпекке дейін рельс төсеу аяқталып, жаңа жолдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. 1924 жылдың 1 қыркүйегінен Жетісу темір жолы елдің темір жол пайдалану жүйесіне енгізілді. Осы бір мезгілде Әулиеатада депо, вагон жөндеу деполарының және қазіргі Тараз локомотив жөндеу депосының құрылысы жүргізілді. Локомотив жөндеу депосы биыл өздерінің 90 жылдық мерейтойын атап өтпек. Осынау мемлекеттік маңызды істі бастап, соңына дейін жеткізуде РСФСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың сіңірген еңбегі өлшеусіз. Жетісу темір жолының Семейге дейін жеткізілуі еліміздің халқын қажетті тауарлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Болат жолдың төселуі Қазақстан және Қырғызстанның ауыл шаруашылығы мен тау-кен өндірісін өркендетуге, Сібірге Орта Азиядан жеміс-жидек жеткізуге кең жол ашты. Бұрынғы одақтың Батыс Қытай мен Батыс Моңғолиямен тауар айналымы дамыды. 1927 жылы 7 қаңтарда РСФСР Халық комиссариаты кеңесінде магистраль құрылысына ықпал ету комитеті құрылды. Оған РСФСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов жетекшілік етті. Осы жылдың 28 ақпанында РСФСР Халық комиссарлары кеңесі Жетісу темір жолы магистралінің құрылысы туралы» Қаулы қабылдады. Осы Қаулыға сәйкес Жетісу темір жолы Түркістан-Сібір магистралі деген атқа ие болды. Түрксіб темір жолының құрылысы 1930 жылы 31 желтоқсанда белгіленген мерзімнен бір жыл бұрын бітті. Халық комиссарының бұйрығымен 1931 жылдың 1 қаңтарында Семипалатинск телімінің құрамындағы Арыс, Луговой-Қант бойындағы 2052 шақырым жол жалпы пайдалану үшін ашылып, КСРО темір жолының құрамына енді. Түркістан-Сібір теміржолының Жамбыл бөлімшесі 1947 жылы құрылды. Қазақ темір жолы базасында Целинный-Алматы және Батыс Қазақстан теміржолының ұйымдастырылуына байланысты 1977 жылы Жамбыл бөлімшесі Алматы темір жолының құрамына енгізілді. 1997 жылдан 2003 жылдар аралығында «ҚТЖ» РМК, «ҚТЖ» ҰК ЖАҚ қайта құрылуына байланысты Жамбыл бөлімшесі «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» АҚ филиалы болып табылады. Темір жол телімдерін электрлендіру маңызды оқиғаның бірі болды. Шу және Луговой стансаларының арасындағы болат жолды электрлендіруге Ресейдің, сондай-ақ, Шу мен Жамбыл дистансаларының білікті мамандары қатысты. Сол кездегі көптеген қиындықтарға қарамастан жұмыс кестеге сай жүргізілді. 1995 жылы Шу-Луговой телімдерінде электрлендірудің аяқталуына байланысты тарихи оқиғаға Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. – Салада енгізіліп жатқан инновациялық технологияларға тоқталсаңыз? – 2013 жылы компанияның қызметі негізінен ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға, активтерді модернизациялауға, темір жол машина құрылысы өнімдерін өндіру, көліктік-логистикалық жүйені қалыптастыру және қызмет көрсетудің сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталды. Көліктік-логистикалық кешен ел экономикасындағы маңызды буынның бірі болып табылады. 2020 жылға дейін Қазақстанның көліктік-логистикалық кешенін дамыту ішкі жалпы өнімнің орташа жылдық өсімін бір пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында бірлескен кәсіпорын құру туралы «KTZ Еxpress» АҚ және Ляньюньган порты компаниясымен келісім-шартқа қол қойылды. Үстіміздегі жылдың ақпан айының соңында Қытай Халық Республикасына барған кезде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ президенті Асқар Мамин Ляньюньган порты делегациясының әкімшілігімен екіжақты кездесу өткізді. Үстіміздегі жылдың мамыр айында Ляньюньган теңіз портында негізгі кешен ашылды. Бұл терминал қазақстандық және Оңтүстік Шығыс Азия елдері, Австралия және Канаданың транзиттік жүктерін түсіріп, ауыстырады, қажетті жеріне жеткізеді. Қытай Халық Республикасының Гонконг ауданында арнайы әкімшілікте «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ – «KTZ Еxpress» АҚ еншілес кәсіпорынның коммерциялық кеңсесінің ашылу салтанаты өткізілді. Мұның өзі іскерлік қарым-қатынасты арттыра түсуге игі ықпалын тигізеді. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ президенті Асқар Мамин атап көрсеткендей, компания темір жол саласының барлық бағыттарында: жүк және жолаушылар тасымалдау, инфрақұрылымға қызмет ету саласында инновациялық технологияларды кеңінен енгізуде. 2013 жылдың желтоқсан айында компанияның директорлық кеңесі «Қазақстан темір жолының» 2018 жылға дейінгі инновациялық-технологиялық стратегиясын бекітті. Онда әлемдік озық технологиялар шоғырланған, сондай-ақ, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қызметті, басқарудың жаңа автоматтандырылған жүйесін енгізу ерекше атап көрсетілген. Компания инновациялық стратегияны жүзеге асыру аясында әлемдегі алдыңғы қатарлы General Еlесtric, Siemens, Alstom, Вombardier, Тalgo, Тetra сияқты кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Инновациялық саясатты жүйелі жүргізу нәтижесінде еңбек өнімділігі, энергия тиімділігі, қоршаған ортаны қорғау және пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігі едәуір артты. Өткен жылы «Астана-Атырау», «Алматы-Атырау» бағыттары бойынша екі жылдамдықты пойыз жолаушылар тасымалдауға кірісті. Үстіміздегі жылы «Астана-Қызылорда», «Алматы-Ақтөбе», «Астана-Өскемен», «Алматы-Өскемен», «Астана-Шымкент» және «Алматы-Ташкент» бағытында бес жылдамдықты жолаушылар пойыздарын іске қосу көзделуде. Биыл жыл соңына дейін «Қазақстан темір жолы» АҚ «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» жаңа темір жол желісі кешенінің алғашқы буынын пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Ақтау теңіз портын кеңейту жобасын жүзеге асыру аяқталады. Алдағы екі жылда Қазақстанда көліктік-логистикалық орталықтың желісі құрылады. – Ағымдағы жыл да ортасынан ауып барады. Осы мерзімде атқарылған жұмыстар туралы тілге тиек етсеңіз... – Бізде темір жол көлігін дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бар. Біз бағдарлама бойынша жұмыс істейміз. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысында бөлімшеден 3418,1 мың тонна жүк жөнелтілді. Цемент, қант, граншлаг, астық, мұнай және басқа да маңызды жүктерді тиеу жоспары асыра орындалды. Осы мерзімде негізгі көрсеткіш жүк айналымы 10766,0 миллион тонна километрді құрады. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жүк айналымы 2,3 пайызға артты. Бөлімшеден 2186 ауыр салмақты пойыздар жөнелтіліп, тапсырмадан тыс 1113,388 мың тонна жүк тасымалданды. Бүгінде бөлімшеде жолаушылар көлігінің жылдамдығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осыған қарай үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылында 29,04 шақырым жол күрделі жөндеуден өткізілді. Белгіленген тапсырма толық орындалды. «ДУОМАТ» машиналандырылған жол кешенінің тиімді жұмыс істеуі – басты назарда. Осы мерзімде басқа өндірістік көрсеткіштер де асыра орындалды. Бөлімше қызметкерлерінің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі – жолаушылар тасымалдау қызметін дұрыс жолға қою. Сіздер білесіздер, ағымдағы жылдың шілде айының басында «Жамбыл-Қаратау-Жаңатас» бағытындағы пойыздың үш вагоны жаңасымен алмастырылды. Олардың артықшылығы көп. Вагондарда кондиционер және теледидар бар. Жол жүру уақыты да бір сағатқа қысқарды. Енді Тараздан Жаңатасқа төрт сағатта жетіп барасыз. Егер облыстық әкімдік осы мақсатқа облыстық бюджеттен 17,3 миллион теңге бөлмесе, мұндай игілікке қол жеткізілмес еді. – Мекеме облыстағы ірі салық төлеушінің бірі. Осы бағыттағы жартыжылдық көрсеткіштер туралы да айтсаңыз... – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ филиалы – Жамбыл жол бөлімшесі үстіміздегі жылдың жарты жылының қорытындысында салыққа 1212882 мың теңге аударды. Ұжымдық шартқа сәйкес қызметкерлеріміздің әлеуметтік мұқтаждықтарын қанағаттандыруға күш саламыз. Жұмысшыларымыздың тістерін емдетуге, ардагерлеріміздің мерейтойларын атап өтуге қаржы бөлінеді. Жұмысшыларымыз бен зейнеткерлерімізге шипажайларда емделуге жолдамалар беріледі. Күнкөрісі төмен зейнеткерлерге және осындай жұмысшыларға материалдық көмек көрсетіледі. Облыс аумағындағы, Жасөркен ауылындағы балалардың «Болашақ» сауықтыру лагерінде жыл сайын 80-нен астам бала демалады. Мекеменің «Жастар саясаты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында үстіміздегі жылдың 19-20 мамырында «Жоба-менеджмент» және «Болашақ басқарушылар» бағдарламалары бойынша аймақтық инновациялық оқу-тренингі өткізілді. Оған 30 жасқа дейінгі 104 жас маман қатысты. – Міне, жыл сайын асыға күтетін кәсіби мерекелеріңіз де келіп қалды... – Бізде өздерінің кәсіптерін жетік меңгерген білікті мамандар көптеп саналады. Бүгінде филиалда 12 мыңнан астам адам жұмыс істесе, солардың 56-сында «Құрметті теміржолшы» атағы бар. Көптеген теміржолшыларымыз жыл сайын жоғары өндірістік көрсеткішке қол жеткізіп, әріптестеріне өнеге көрсетіп келеді. Солардың қатарында Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорнының директоры Қайрат Терлікбаев, Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясының электр-монтері Біржан Балмашов, ірілендірілген Жамбыл дистанциясы жолының жол бригадирі Тілепбай Ғаниев, Сарышаған белгі беру және байланыс дистанциясының электромеханигі Ибрай Тенисов, ірілендірілген Сарышаған дистанциясының диагностикалық блогының бастығы Самат Айнақұлов, Жамбыл вагон депосының қадағалаушы-жөндеушісі Тұйғын Құндызбаева, Шайқорық стансасының пойыз құрастырушысы Жұмабай Бақытов, Сарышаған стансасының кезекшісі Сәтенкүл Әділбекова, Жаңатас стансасының бастығы Бескен Нарбаев, Шығанақ стансасының кезекшісі Гүлнара Кәрібозова және Жамбыл локомотив депосының электровоз машинисі Евгений Костиченконың есімдері ерекше құрметке лайық. Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, облыстағы барлық теміржолшыларды төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, еңбекте табыс, отбасыларыңызға бақыт және игілік тілеймін.

Ақылжан Мамыт, «Ақ жол».