Әлеумет

Қайыр сұрау:кәсіп пе, күнкөріс пе?

Қайыр сұрау:кәсіп пе, күнкөріс пе?

Тараздағы мекемелер алдында алақан жайған қайыршылардың басын қосса, бір қауым жұрт болатын шығар. Олардың арасында жағдайы жоқ мүсәпірлер де, мүгедектер де кездеседі. Одан бөлек, біраз уақыт көрінбей кетіп, көрші елден «гастрольдетіп» кенеттен келе қалатын тіленшектер қаншама? Міне, осылардың жай-күйі қалай? Төмен деп ешкім айта алмас. 10 9Балаларын соңынан шұбыртып, кейбірі сәбилерін жол-жөнекей емізіп жүріп-ақ қайыршылық ісін жүзеге асыра береді. Аңқауларды алдап-арбап, болашағын «болжайды» да қалтасын қағады. Алдымен «Меккеден әкелдім» деп тәспісін, «Сізге көз тимесін» деп моншағын сатады. Содан соң «қармағына» қалай ілінгенін білмей де қалады. Бұлар ақша табу үшін келген соң сол елдің тілін үйреніп, сенгіш, ерме, аңғал мінезіне дейін тап басып зерттеп біліп алғандарына таңғаласың. Бұл, әрине, пайда табу үшін өте қажет қасиет.

– Тарихи ескерткіштерімен, таза табиғатымен жаныңды баурап алатын қонақжай қаламыз көз алдымызда күннен-күнге көркейіп, гүлденіп келеді. Алайда, қаланың көрікті жерлерін аралағанда, кейбір «әттеген-айларды» көзің шалып қалып, көтеріңкі көңіл мен қуанышыңның су сепкендей болатын кездері де жоқ емес. Көше бойларында, әсіресе, орталықта соңғы уақытта қайыршылықпен айналысатын жандар көбейіп кетті. Олар негізінен әйелдер (қай ұлт екенін де білмейсің). Емізулі нәрестелері қолында, қалт-құлт еткен кішкентай балалары соңында. Одан бөлек, жасөспірім ұл-қыздары (шамамен 7-13 жас аралығында) әрбір аялдамада тұрып, жолаушыларға алақандарын жаяды. Ал, кейбір балалары қала автобустарына міне салып, зуылдатып Құран аятын оқиды. Тиісті нәпақаларын алғаннан кейін, келесі аялдамадан түсіп қалады да әрі қарай кәсібін жалғастырады. Таңқаларлығы, қайыр сұраушы әйелдердің барлығы да сап-сау. Былайша айтқанда, қол-аяқтары балғадай, жұмыс істеуге қабілеттері жетерлік. Олардың бой көрсетіп жүретін жерлері – «Глобус», «Достық алаңы», «Бектұрғанов көшесі» аялдамалары мен қалалық аурухананың Төле би даңғылы бойындағы аула есігінің кіреберіс алды. Жалпы, көше кезіп жүргендер қайдан келген жандар? Осы бір келеңсіз құбылыстарды бақылап, оларға заң талаптарына сәйкес тосқауыл жасайтын құзырлы органдар бар ма? Бар болса, неге олар тым-тырыс? Қалай болғанда да көрікті қаламыздың атына кір келтірмес үшін, оның сыншы қонақтарынан ұялмас үшін бір әрекет керек-ақ, – деп алаңдаушылығын жасырмады қала тұрғыны, еңбек ардагері А. Меңлібайұлы. Біз «Қазфосфат» мекемесі алдында жайғасып, сәбиін емізіп, екі бүлдіршінін жанына алып отырған қайыршыға теңгемізді ұсынып, сөзге тарттық. – Сіздер қайдан келдіңіздер? – Өзбекстаннан. – Шекарадан қалай өттіңіздер? – Бізде Қазақстанның төлқұжаты бар. –?.. Таразда тұрасыздар ма? – Иә, Фурманов (Көшеней) көшесінде тұрамыз. – Қазақ тілін қалай үйрендіңіздер? – Он жылдан бері осында келіп-кетіп тұрған соң, қазақ тілін үйреніп алуға тура келді. – Өзбекстанға оралсаңыздар, ол жақта сіздерді төлқұжатсыз қалай қабылдайды? – Бізде Өзбекстан азаматы деген де төлқұжатымыз бар, – деді ешқандай қулық-сұмдығы жоқ «ақкөңіл» қайыршы. Осындай жағдайдан соң, қаламызда шетелдіктердің топ-топ болып «тайраңдауы» жуық арада тыйыла қоймас деген ойға қалдық еріксіз. «Қайыршылардың» қос азаматтық алып алған соң, басқа байшыкештерінде мұндай мүмкіндіктер жоқ деп кім кепілдік бере алады?! Бірде облыстық аурухана жанында сәбилерін бауырына басқан екі қайыршы келіншек жылы сөздерін маған арнап, «болашағыңызды айтып берейін» деді. Мен «қалтамда ұсақ ақша жоқ сіздерге беретін» дедім бірден. Сонда олар: – Ірі ақшаңыз қанша еді? – деді. – Бес мың теңге! – Оны ұсақтап береміз. Сіз тоқтап, айтқанымызды тыңдаңыз, – деді. Мен олардың «ертегісін» тыңдауға уақытымды аяп, жөніме кеттім. Міне, біздегі пысық «қайыршылардың» хал-ахуалы. Қанша ірі ақшаңыз болса да ұсақтап беруге әзір. Олардың көпшілік жүретін жолда, сауда орындарында, базарларда, ірі мекемелер орналасқан маңайда, асханалар алдында, жолаушылар көлігі аялдамаларында, емханалар мен ауруханалар алдында топтасып жүргендері. Қалалық ауруханаға дертімен түскен жақындарының көңілін сұрауға келгендер осында «батасын» жаудырып тұрған қайыршыларға «бастан құлақ садақа» деп міндетті түрде тиын-тебенін тастап кетеді. Қайыршылар бұл жерде қолдарының «майланатынына» бек сенімді. Себебі, олар өздерінше «психолог». Қайда барарын, онда қаншалықты пайда табарын «болжап» сезіп отырады. Көп адам олардың қолдарын бос қайтармайды. Әсіресе, олар жұма намазы кезінде мешіттерді жағалайды. Кейбіреулері көше аралап, үй-үйге кіріп, қайыр сұрауға маманданған. Жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық автобус ішіне еніп, Құран аятын оқитын балалары да аз ақша таппайды. Білетіндер оларды «Тараз қаласындағы Щорс (Көшеней) көшесінде тұратын лолылар ғой» дейді. «Долы» дегенді білуші ек, ал «лолы» дегендері кімдер болды екен? Мейлі, ол кім болса, ол болсын, өздері төркініне, балалары нағашысына келгендей неге «еркелеп» жүр? Басқаны былай қойғанда, көшелер қиылысында бұл қайыршылар бағдаршамға тоқтаған көлік жүргізушісінен де теңге тілеп жүргенін кім көрмеді дейсіз?! Ол жол-көлік апатына душар етсе қайтпек? Кім жауап бермек? «Қайыршы» ма, жүргізуші ме? Сөздің тобықтай түйіні, қаламыздың сәнін кетіретін мұндай келеңсіз жайттардан арылғанымыз жөн. Оған қалай қол жеткізу керектігін тиісті орын басшыларының ойланғаны абзал. Әйтеуір, жан-жақтан келген қонақтар мен туристер Таразды «қайыршысы көп қала» деп атап кетпесе болды.

Лесбек Сайлаубек, 

«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.