Жамбылда не жаңалық?

Біздің сүйікті дәрігер

Біздің сүйікті дәрігер

Есімінің өзгешелігіне қарап, сырттай орысша тәрбиеленген жан шығар деп ойлап жүргенмін. Жүзбе-жүз кездесіп, тілдесіп көрмесем де оның денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтіні менің дәл осылай тұжырым жасауыма түрткі болды-ау шамасы. Бірде аудандық мәдениет үйінде әжелер байқауы өтті. Сахна төрінде әппақ кимешек киген әжелердің ортасында осы уақытқа дейін «орыс тілді» деп санап келген Ирина Жолшыбекқызы тұр. Ол сахнаға жәй ғана шықпаған екен. Ақ жаулықты аналардың қазақы тәрбиесі көрініс табатын шараға қатысып, мақал-мәтелдер айтып жарысқа түсті.

Сол жолы оның он саусағынан өнер тамған жан екеніне көзім жеткен. Қазақтың салт-дәстүрінен көрініс көрсетіп, кесте тікті. Әсіресе, үлкен ақ матаға түсірілген кестелері керемет-ақ. Көктем шыға қырға көрік беретін қызғалдақ, раушан гүлі, бәрі-бәрі бар. Ас пісірудегі шеберлігі өз алдына бір бөлек әңгіме. Бар дәмдісін үйіне келген мейманына ұсынатын мәрт, шәйді баптап беретін қазақы мінездің адамы екен. Ауыл жұрты Ирина Тұрманбетованы «біздің дәрігер» деп атайды. Қашан көрсең күн-түн демей басы ауырып, балтыры сыздаған көгершіндіктерге медициналық көмек беру үшін шапқылап жүргені. «Зейнетке шығар жасқа келдім» деп кабинеттен шықпай отырып алмайды. «Ира дәрігер ауыра қалсақ, қасымыздан табылады. Алдына барсақ, жылы сөзімен-ақ дем береді», – дейді ауыл тұрғыны Сәулегүл. Денсаулық сақтау саласында отыз жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Ирина Жолшыбекқызы дәрігер болуды бала кезінен армандапты. «Бала жақсы адамға қарап еліктеп өседі ғой. Ақылбек Исаев деген жездеміз ауылда мақтаулы маман болды. Сол кісідей болсам екен деп армандайтынмын. Бала кезімде аурушаңдығыма қарап, әке-шешем мектеп бітіргенде мединститутқа жібермей қойды. Бірақ, өз дегенімнен қайтпай жүріп, бір жылдан кейін Целиноград мемлекеттік медициналық институтына оқуға түстім. Бұрын солай аталатын. Тағдырдың жазуы шығар, солтүстікте жүрсем де, өз ауданымның жігітіне тұрмысқа шықтым. Институтты бітіргенде екі баласы бар мамандарға жолдаманы тұрғылықты жері бойынша береді екен. Жолым болып, Тараздағы №2 қалалық ауруханаға жұмысқа жіберді», – дейді ол. Жас маман интернатураны осы ауруханада өткізіпті. Кейін Луговой (қазіргі Т. Рысқұлов) ауданы, Көгершін ауылындағы ауруханаға жұмысқа орналасады. 1981 жылдан бастап осы емдеу мекемесінде терапевт-дәрігер, бөлім меңгерушісі, аға дәрігер болып қызмет атқарды. Қазір осы ауылдағы ауылдық амбулаторияның бас дәрігері. Оның есімі еліміздегі үздік медицина қызметкерлеріне арналған «Өмір сыйлаған жандар» атты энциклопедиялық жинаққа еніпті. Еткен еңбегінің өтеуі шығар, ақ желеңді абзал жан былтыр «Гиппократ» медалімен марапатталды. Ирина Жолшыбекқызы жұмысына қаншалықты жауапкершілікпен қараса, отбасы шаруаларына да жинақы. Жолдасы Оңалбек екеуі ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немере сүйіп, ата-әже атанды.

Ардақ СЫРЫМБЕТ.

Т. Рысқұлов ауданы.