Әлеумет

Жер-судың аты - ата-баба хаты

Жер-судың аты - ата-баба хаты

НЕМЕСЕТОПОНИМДЕР - ӨТКЕН ҒАСЫРЛАР КУӘСІ

«Жердің аты - бабаңның хаты» деген қанатты сөз бар. Шын мәнінде әрбір жердің, өзен, көлдің, қалалар мен таулардың аттарының астарында тарихтың хаты жатқаны анық. Мәселен, облыста Сарысу деген аудан бар. Неге ол аудан Сарысу деп аталды? Бұл жерде Сарысу деп аталатын өзен де, көл де жоқ. Кешегісіне үңілсеңіз аудан тұрғындарының бір бөлігі тарихи оқиғалардың салдарынан қазіргі Қарағанды облысының аумағынан, сол өңірдегі Жаңарқа деп аталатын аудан өңіріндегі Сарысу өзенінің бойынан көшіп келген. Сол кездегі советтік биліктің қысымына шыдамай, бүкіл аудан құрылымдарын сақтай отырып оңтүстікке қарай ауған. Биліктің араласуымен көш тоқтатылып, олардың сұраныстары бойынша Сарысу деген аудан құрылған.

Қалалардың атаулары туралы сөз еткенде алдымен ауызға екі мың жылдан аса тарихы бар Тараз түседі. Тарихшылар мен өлкетанушылар қаланың атауы Талас өзенімен тікелей байланысты дегенді айтады. Мұнымен келіспейтіндер бар. Тараз - сауда құралы. Сондықтан Ұлы Жібек жолындағы ірі сауда орталығы болып табылатын әлемге танылған қаланың атауы таразыдан да алынуы мүмкін. Қаланың тарихи атауы қайтарылуы астарында көп мән бар. Ең бастысы Тараз атауымен бірге кешегі күні «бұратана халық», «мәдениеті жоқ» деп жүргендердің аузына құм құюға ықпал жасағанын жоққа шығаруға болмайды. Тараз немесе оған дейін аталған Талас атауы біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-І ғасырларда тарихшылар мен саяхатшылардың еңбектерінде кездесетіндігі бұған дейін белгілі болған. Соны айғақтауда қаланың тарихи атын қайтарудың мәні зор екенін Елбасы да, ел де түсінді. Жер-су атауларын қайта қалпына келтіру еріккеннің ермегі емес екенін бүгінгі ұрпақ түсінгені жөн. Сондықтан да еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап республикамыздың кез келген өңірінде осы бағытта нақты жұмыстар жүргізілді. Жер-су атауларын атау туралы заңдар мен ережелер қабылданды. Нәтижесінде өзгенің боданында болғанымызды айғақтайтын жер-су атауларынан арылып, егемендігімізді әйгілеп тұратын атауларға орын беру жұмысы қанат жайды.

Өзендер, көлдер, таулар атаулары олардың жаратылысына байланысты қойылғанын аңғару қиын емес. Мәселен, Жуалы ауданында Теріс деп аталатын өзен бар. Табиғаттың жаратылысында өзендердің барлығына дерлігі шығыстан батысқа қарай ағады. Ал Жуалы ауданын қақ бөліп, ағып жатқан өзен батыстан шығысқа қарай жылғалайды. Сондықтан да өзеннің аты «Теріс» деп аталған. Облыс аумағында Ащыкөл, Ақкөл деген көлдер де бар. Бұлардың бәрінің суы ащы, тұзды болғандықтан атына заты сай. Басында мәңгі қар жататын Алатау, қарауытып жататын қарт тау Қаратау деп аталуы заңды. Топонимдер арқылы шекаралар анықталған.

Қай заманда болсын, әсіресе көшпенділер үшін жердің аты ең маңызды жол сілтеуші болған. Жердің атына қарай қазақ ол жердің кімге тиесілі, ауа райы, жер бедері қандай екенін бірден білген. Жердің аты шекара, меже немесе белгіге айналған. Тіпті геологтер топонимдерге қарап кен орындарын тапқандары жөнінде де мәлімет көп. Бұл жөнінде кезінде атақты ғалым, академик, қазақ геологиясының атасы Қаныш Сәтбаев пайдалы кен қазбаларды іздестіруде топонимдердің сенімді жөн сілтеуші болғанын айтады. Топонимдерден қоныстанудың тарихи кезеңдерін, сол ортаның тыныс-тіршілігін, тіпті шаруашылық әрекетін, ұлтаралық қарым-қатынасының тарихы, саяси және әлеуметтік экономикалық сипаттарын аңғаруға болатыны жөнінде ғалымдар мен зерттеушілер айғақтаған. Ата- бабаларымыздың еліміз бен жерімізді сыртқы жаулардан қорғау кезіндегі ерліктерін әйгілейтін жер-су атаулары өмірімізге енген. Топонимдер халқымыздың ауызша әдебиетінің ескерткіші ретінде де танымал.

Соңғы жылдары бұл тақырыпта көптеген ғылыми еңбектер, анықтамалықтар жарық көрді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мұрағат және ақпарат комитеті көп жұмыстар атқарды. Әртүрлі тақырыптарда сөздіктер мен түсініктемелер жарық көрді. Осы салада облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық мемлекеттік мұрағат та жемісті жұмыстар жүргізгенін жақсы білеміз. Атаулар халқымыздың рухын, тіл байлығын, мәдениеті мен саясатын, қажет десеңіз шекарамызды анық көрсетеді. Себебі жер-су аттары сол жерді мекен еткен халықтың шығармашылығының жемісі. Сондықтан да халықтық атаулар атадан балаға мұра болып жалғасқан, оның ұлттық дүниетанымының, рухани болмысының көрінісі. Сондықтан болса керек, Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Географиялық атаулар жөніндегі сарапшылар тобы бұл мәселеге аса құрметпен қарайды, солай етуді талап етеді.

Мамандардың айтуынша, елімізде 2,5 миллионға жуық жер- су атаулары бар екен. 50 мыңнан астам көл, 85 мыңнан аса өзен атаулары бар. Атаулар сол жердің қыртысы мен көрінісін айқындап тұруы - топонимиканың басты шарты. Бұл салада қазақ халқы аса білгір болған.

Жалпы, топономикаға қай кезде де ерекше мән берілген. Отарлаушы елдер жер-су аттарын тез арада өзгертіп, сол арқылы өздерінің ұлттық дәстүрлері мен салт-саналарын сіңіргісі келген. Соңғы 70-80 жылды айтпағанда өмір бақи елдің тәуелсіздігі үшін жан беріп, жан алған халқымыз талай оқиғаларды басынан өткізді. Алысқа бармай- ақ ақтабан шұбырынды кезінен бергі тарихи оқиғаларды еске алсақ та жеткілікті. Жоңғарлар да, қалмақтар да, ойраттар да, қоқандықтар да, орыстар да елімізді басып алғаннан кейін тез арада жер-су аттарына өздерінің батырларының, тұлғаларының есімдерін берді. Өкінішке қарай, әлі де болса сол атаулардан құтыла алмай жүрміз. Мәселен, Қазақстанның оңтүстігінде «Боралдай» деген жер атаулары бар. Соның бірі - Жуалыда. Бұл сөз қандай мағынаны білдіреді? Ғалымдарымыздың «Боралдай» деген сөз моңғол батырының есімі десе, енді біреулер «лай су» деген қалмақтардың сөзінен шыққан дегенді айтады. Жуалыдағы Боралдай өзені лайланып, ботана болып ағады. Ғалымдардың тағы бір тобы қалмақтар мен жоңғарлардың тілінде бұл сөз «сусыз, қуаң, боз дала» дегенді білдіреді дейді.

2014 жылы 4 маусымда Әулиеата қаласын орыстардың басып алғанына 150 жыл толды. Міне, сол 150 жыл бұрынғы басқыншылықтан бастап біздің жер-су атаулары тағы өзгерді. Әрине, бұған дейін 1220 жылы Шыңғыс хан әскерлері Таразды жаулап алғанын ұмытуға болмайды. Олар орта ғасырдың ең сәулетті, мәдениеті мен әдебиеті дамыған қаласын жермен жексен етті. Қалаға Янги деген ат берді. Бұдан кейін Қарахан әулетінің қолбасшысының құрметіне Тараз Әулиеата деп аталды. 1864 жылы ӘУлиеата жерінде алпыс жылдай қоқаңдаған қоқандықтарды ысырып, өздерінің билігін орнатқан орыстар 1865 жылы Орынбар генерал-губернаторының бағынысындағы жаңа құрылған Түркістан облысының құрамына ендірді. Ал 1869 жылдан бастап қала Әулиеата уезінің орталығы болып бекітілді. Міне сол жылдардан бастап жер-су атаулары енді орысша атала бастады.

1917 жылғы қазан революциясынан кейін орыс тіліндегі сол атауларға, яғни патшаның генералдары мен өзге де тұлғаларының кейбір есімдері жойылып, жаңа құрылым тұлғаларының аттары жер-суға беріле бастады. Бір қызығы, ақ патшаның «аяулы» есімдерімен аталатын біраз жер-су аттары өзгермей қалды. Содан әлі құтыла алмай жүрген жайымыз бар екенін де айтқым келеді.

Біз жер-су аттарын қойғанда оның тарихын білуіміз керек. Кейде осыны ұмытып жатамыз.1923 жылы Әулиеата уезі таратылып, оның аумағында алты аудан құрылып, Оңтүстік Қазақстан облысының құрамына енгізілді.

Ал 1936 жылы 10 қаңтар күнгі СССР Орталық атқару комитетінің қаулысымен Әулиеата қаласы Мирзоян болып аталды. 1938 жылы ол Джамбул болып өзгертілді. Көне Тараз жерінің атауларының өзгеріске ұшырауы да көп нәрсені аңғартса керек.

Тәуелсіздіктің ақ таңы атуымен бірге жеріміз құлпырып, көсемдеріміз бен батырларымыз, шешендеріміз бен билеріміз, ел бастаған, қол бастаған қолбасшыларымыздың есімдері еленді. Өшкеніміз жанды, жоғалғанымыз табылды! Бұдан артық бақыт бар ма?!

1992 жылдан бастап қазақ жері өзінің тарихи атауларына жаппай қайта ие бола бастады. Орыс тілінде бұрмаланып келген сөздеріміз заң түрінде қалпына келтірілді. 1993 жылы 4 мамырда Джамбул қаласы - Жамбыл қаласы, Джамбул облысы Жамбыл облысы болып өзгертілді. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1997 жылы 8 қаңтарда Жамбыл қаласы Тараз қаласы болып ауыстырылды. Бұл біздің тарихымыздың тереңде екенін айғақтайтын атау еді. Сол кезде және Тараздың 2000 жылдық салтанатты мерекесінде Ұлт Көшбасшысы «Тараз - тарихымыздың алтын діңгегі... рухани бірлігіміздің темірқазығы» деп атап көрсеткен болатын.

Атаулар 1992 жылдан бастап көптеп беріле бастағанын жоғарыда айттық. Архив құжаттары осылай дейді. Осы жылдың 6 сәуірі күнгі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Советі Президиумының қаулысымен Жуалы, Свердлов, Луговой, Шу, Меркі аудандарында біраз ауылдардың аттары өзгерді. Атап айтқанда, Свердлов ауданының орталығы Михайловка селосы - Сарыкемер, Жуалы ауданының орталығы Бурное - Бауыржан Момышұлы, Луговой ауданының орталығы Луговое селосы - Құлан, Шу ауданының орталығы Новотроицк селосы - Төле би ауылы болып өзгертілді. Кейінірек Қордай ауданының орталығы Георгиевка - Қордай, Свердлов ауданының орталығы - Байзақ ауылы болып өзгертілгенін жақсы білесіздер. Көңілге нұр, бойға қуаныш құятын мұндай істер облысымыздың барлық елді мекендерінде, аудандар мен қалаларда, облыс орталығында жалғасын тапты.

Елімізде жер-су аттарымен бірге мектептердің, көшелердің аттары жаңаша реңк алды. Бұл күндері