Экономика

ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Облыс орталығынан шалғай орналасқан Мойынқұм ауданының орталығында «Мойынқұмдағы өндіріс саласының бүгіні мен ертеңі» тақырыбында басқосу болып өтті. Жергілікті билік пен аудан аумағындағы кәсіпорындар басшылары бірігіп, ортақ мәселелерді талқылау, оның шешілу жолдарын қарастыру әрі аймақтағы өндіріс ошақтарының индустриялық-инновациялық жай-күйін айқындау мақсатында өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев, аудан әкімі Мәден Мұсаев және облыс әкімдігіне қарасты бірқатар басқармалар мен аудандағы ірі кәсіпорындар басшылары қатысты. Ашық әңгімелесу түрінде өткен басқосуды Мәден Тоқтарбайұлы ашып, күн тәртібіндегі бірқатар мәселелерге тоқталды. Оның алғашқысы – Мойынқұм ауданындағы өнеркәсіп саласының ағымдағы жылдың 10 айындағы өнім өндіру көрсеткіштері болса, екіншісі Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көбейту туралы болды. Ал үшінші мәселе – аудандағы кәсіпорындардың табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыруға бағытталды. Жиынның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Қалымбетов, өңірдегі ірі кәсіпорындардың тыныс-тіршілігі мен ағымдағы жылы қол жеткізген көрсеткіштерді тілге тиек етті. – Ауданның өткен дәуірде ауыл шаруашылығы дамыған аймақ ретінде аты шықса, бүгінгі күні өндіріс саласы қарқын алған аудан ретінде танылып келеді. Құмды аймақтың жер қойнауы табиғи байлыққа толы болғандықтан, аудан экономикасының негізгі тірегі сол байлықты тиімді игеріп отырған өнеркәсіп саласы екені де жасырын емес. Сонымен қатар Мемлекет басшысының елімізге инвестиция тарту мәселелерін әрдайым назарда ұстайтындығы белгілі. Нәтижесінде ауданда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 55,5 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба аймақтық кәсіпкерлік картасына енгізілді. Қазіргі таңда аталған жобалардың барлығы да жемісті жүзеге асырылуымен келеді, – деді Бақытжан Алдасүгірұлы. Бұдан кейін сөз алған облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов өңіріміздегі жер қойнауын пайдаланушылардың бірқатар заң бұзушылықтарға жол бергенін айта келе, олардың заң алдында жауап беретіндігін жеткізді. Реті келгенде айта кету керек, билік пен бизнес өкілдері арасында өткір талқыланған мәселенің бірі – өңірімізде жұмыс істеп тұрған кейбір кәсіпорындардың салықты өзге облысқа төлейтіні жөнінде болды. Нұржан Молдиярұлының айтуынша, дәл қазіргі сәтте облысымыздың табиғи байлығын игеріп, көл-көсір табысқа кенелгенімен, салықты көрші өңірлердің қазынасына құйып отырған жер қойнауын пайдаланушылардың саны 13-ке жетіпті. Олардың қатарына «Шығыс кен басқармасы», «Құлан көмір», «Khan Tau Minerals» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Алтыналмас АК» акционерлік қоғамы сынды кәсіпорындарды жатқызуға болады. Егер де осы бір оғаштау мәселеге тереңірек үңілсек, оның шалғай орналасқан елді мекендер үшін маңызы зор екенін аңғаруға болады. Өйткені аталмыш мәселенің томардай түйіні тарқатылып, табыстан келетін салық Жамбыл облысына түсетін болса, аймақтағы көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілуіне септігін тигізер еді. Басқосу барысында кешенді шешімді қажет ететін осы бір күрделі мәселе төңірегінде жергілікті билік пен кәсіпорын басшыларының арасында еркін пікірталас орын алып, өз кезегінде кәсіпкерлер бұл түйінді оңтайлы шешудің жолын қарастыратындықтарын жеткізді. Тағы бір айта кететін жайт, аудандағы кәсіпорындардың арасында өз қызметкерлеріне деген жанашырлық пен әлеуметтік жауапкершіліктің үздік үлгісін көрсетіп отырған өндіріс ошақтары да бар. Сондықтан көп жағдайда «барлық кәсіпорындар маңайындағыларға қолұшын бермейді» деген сыңайдағы сыңаржақ пікірлермен келісе беруге болмайды. Мәселен, әлеуметтік жауапкершілігін жоғары деңгейде атқарып отырған кәсіпорындардың қатарына «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін қосуға болады. Олардың өз жұмыскерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға бағытталған игі шараларын өзгелерге үлгі етуге боларлықтай. Дәлірек айтар болсақ, өндіріс ошағының маңында жұмысшыларға арналған «Самал» тұрғын үй қалашығы бой көтерген. Қалашықта орналасқан алты бірдей көп қабатты тұрғын үйлерде кәсіпорынның 180-нен аса жұмысшысы тұрады екен. Қалашықтағы пәтердің бәрі де арнайы еңбек шарты негізінде бір жылға дейін беріледі. Сәйкесінше, оның мерзімін кезең-кезеңімен ұзартуға да мүмкіндік бар. Арнайы күзет қызметімен қамтамасыз етілген тұрғын үй кешенінде жұмыскерлерге арналған демалыс орталығы да үздіксіз қызмет етуде. Үш қабатты орталықтың алғашқы қабатында спорт зал орналасса, екінші және үшінші қабаттарында караоке бөлмесі, үстел теннисі мен тастаяққа арналған бөлме және кітапхана орналасқан. Бұдан бөлек, мұнда жұмыскерлердің балаларына арналған балабақша мен 5-сыныпқа дейінгі білім беру орталығы және медициналық пункт жұмыс істейді. Өз кезегінде, мұндағы жұмысшыларға жасалған қолайлы жағдай өндіріс орнындағы дамудың тұрақтылығын айқындап тұрғаны да сөзсіз. Келелі кездесу барысында кәсіпорындарда адам өмірін сақтауда техникалық қауіпсіздік шараларының сақталуы, өндірістің цифрландыруға көшуі және кәсіп иелерінің ауданның дамуына қосқан үлесі туралы айтылып, ірі кәсіпорындардың бүгінгі сұранысына қажетті мамандарды даярлаудың жай-күйі талқыланды. Сондай-ақ жиынға қатысқан аудандағы барлық кәсіпорын басшылары көкейлеріндегі түйткілді мәселелер төңірегінде сөз қозғап, алдағы уақытта жергілікті әкімдікпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтіндіктерін жеткізді. Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Жүнісәліұлы өнеркәсіптің дамуын ерекше назарда ұстап, ауданға инвестиция тартуды, іскерліктің аясын кеңейтіп, кәсіпорындармен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуды мықтап қолға алу керектігін сөз етті. Ерғали АСХАТҰЛЫ. Мойынқұм ауданы.