Саясат

Ел мерейін тасытқан мереке

Ел мерейін тасытқан мереке

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="91791,91792,91793,91794"]

Өңірімізде 40-тан астам нысан пайдалануға берілді

Тараз

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күні қарсаңында облысымызда қырықтан аса нысан пайдалануға беріліп, игі жаңалықтар орын алды. Кеше Тараз қаласының «Достық» алаңында облыстық жедел жәрдем стансасына 27 жедел жәрдем көлігінің кілті салтанатты жағдайда тапсырылды. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев сөз алып, денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін, барша жұртты мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін арнады. Облыс әкімінің орынбасары Е.Дауылбаев жедел жәрдем жүргізушілеріне көлік кілтін тапсырған соң, 11 «Газел» және 16 «УАЗ» жеңіл жәрдем көлігі алаңнан бірден Тараза қаласы мен облыс аудандарының денсаулық сақтау мекемелеріне жол тартты. Салтанатты шара облыстық полиция департаментінде жалғасты. Онда халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметінің қағидаларына негізделген полицияның «Азаматтарға арналған қабылдау бөлмесі» – бірінші фронт-офисі ашылды. Мұнда темір торлы есіктер мен қатаң өткізу тәртібі жоқ. Оның орнына полиция қызметкерлері жылы шыраймен қарсы алады, сондай-ақ жайлы күту залы және қарапайым азаматтарға қажетті басқа да қолайлы жағдайлар жасалған. Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне шағын таныстыру экскурсиясын өзі жүргізді. Осы күні Тараз қаласындағы екі бірдей отбасы меценаттар тарапынан тегін пәтер үйге ие болды. Осыған байланысты қалалық «Рухани жаңғыру» орталығы кеңсесінде өткен жиында «Арайстроймаркет», «Альтайс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшылары Арман Еділбаев пен Әлімбек Жұмабаев баспаналы болу бақытына ие болған отбасыларына бір бөлмелі пәтерлер кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. – Осынау үлкен мереке қарсаңында біз көп балалы отбасына бір бөлмелі пәтер тарту ету жөнінде шешімге келдік. Біз жуықта ғана екі 9 қабатты үйдің құрылыс жұмыстарын аяқтап шыққан едік. Пәтер осы үйден берілмек. Үй беру мәселесімен құрамында қалалық әкімдік пен компаниямыздың қызметкерлері, орталық мешіттің өкілдері бар арнайы комисия айналысты. Комиссия он шақты отбасының ішінен әлеуметтік жағдайы ең төмен, көмекке өте-мөте мұқтаж осы отбасы таңдалып алынды. Көп балалы жалғызілікті ананың бір өзі алты бірдей қыз өсіріп отыр екен. Сондықтан пәтерді осы кісіге беру жөнінде бірауызды ұйғарымға келдік. Бұл іс басы да, соңы да болып қалмайды. Алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – деді журналистерге берген сұқбатында «Альтайс» ЖШС-ның директоры Әлімбек Жұмабаев. Бізбен қуанышын бөліскен 6 қыздың анасы Дельфуза Аязбаева ойда жоқта баспаналы болам деп әсте күтпегенін, осындай қамқорлық, көмек көрсеткені үшін қала басшылары мен меценаттарға айтар алғысы шексіз екенін жеткізді. Пәтер үй оған облыс орталығында жаңадан бой көтерген «Көк аспан» тұрғын үй кешенінен беріліп отыр.

=Жамбыл

Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай Гродикова ауылында ашылған жаңа нысан Жолдау жүктеген міндеттерге әбден сай келеді. Заманауи құрылғылармен жабдықталған әрі алғашқы медициналық көмек те тұрғындар үшін қолжетімді. Ағымдағы жылдың сәуір айында құрылысы басталған дәрігерлік амбулатория құрылысының жалпы құны 34 миллион теңгені құрайды. «Таразстрой-2004» ЖШС мердігерлік компаниясы бар-жоғы 6 айда құрылыс жұмысын толық аяқтап шығып, ел игілігіне ұсынды. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың қатысумен өткен салтанатты жиында ауыл ақсақалы, көп жылдар бойы медицина саласында қызмет еткен Төрегелді Үсіпбеков пен аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сәуле Сұлтанова тұрғындарды құттықтап, жаңа амбулаторияның кермесін қиды. Ауданға қарасты 4 мыңға жуық халқы бар Бектөбе ауылының тұрғындары ем-дом қабылдау үшін бұдан былай облыс орталығына сабылып, текке әуре болмайды. ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында аталған ауылда бір ауысымда 15 келушіні қабылдауға арналған дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді. Құрылысы биылғы ақпан айында басталған аталған нысанның жобалық құны – 89, 132,7 мың теңгені құраған. Құрылыс жұмыстарын «Әсем Билдинг» ЖШС жүргізіпті. Осы күні Бесағаш ауылында да 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория тұрғындарға есігін ашты. Оның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова қатысып, тұрғындар қуанышына ортақтасты. Бұдан кейін, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Алтай Саурықов, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жетібай Бөрібеков сөз алып, елді мекенде аталған нысанның бой көтеруіне ықпал еткен азаматттарға алғыстарын білдірді. «АКМ ГРУП» ЖШС құрылысын жүргізген бұл нысанның жалпы құны – 37820 мың теңгені құрайды. Аудан әкімінің орынбасары Ү.Найманова дәл осы күні Түрксіб ауылындағы 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның ел игілігіне берілуі салтанатына да қатысып, тұрғындар қуанышына ортақтасты. Қараой ауылдық округіне қарасты қала маңы ауылының тұрғындары да осындай қуанышқа ие болды. Бұл елді мекенде де 15 емделушіге арналған дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Мереке қарсаңында заман талабына сай салынған жекеменшік балабақша ғимаратының бүлдіршіндерге есігін айқара ашуы да жамбылдықтар үшін айтулы оқиға болды. Қызылқайнар ауылының тұрғындарының қуанышымен бөліскен аудан әкімі Бақыт Қазанбасов «Мөлдір» жекеменшік бөбекжайының иесі, жеке кәсіпкер Айсұлу Раеваға алғысын жеткізді. Ал Ерназар ауылында ашылған су жаңа медициналық мекеме бір ауысымда 10 емделушіні қабылдауға қауқарлы. «Таразстрой-2004» ЖШС құрылысын жүргізген фельдшерлік-акушерлік пунктің құны – 29 906 мың теңгені құраған. Дәл осы мердігер компания салып берген бір нысан Ақбұлым ауылында орналасқан. 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құны – 39 994 теңге.

= Байзақ

Ауданда 8 нысан ел игілігіне берілді. Шахан ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт ашылуына қатысқан аудан әкімі ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, жаңа нысандардың пайдалануға берілуімен құттықтады. Жаңа әлеуметтік нысанның лентасы салтанатты түрде қиылған соң, қонақтар 5 келушіге арналған медициналық мекеменің ішін аралап көрді. Заманауи құрылғылармен жабдықталған бөлмелерде білікті мамандар ауылдағы 703 тұрғынға қажетті медициналық көмек көрсететін болады. Бұдан кейін аудан басшысы Р. Рахманбердиев Сарыбарақ ауылында 5 келушіге арналған медициналық тіректің ашылуына қатысты. Жаңа ғимаратты «Тараз құрылыс Дизайн» ЖШС мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салған. Тұңғыш Президент күніне орайластырылған игілікті істің жалғасы іспеттес шара – Ынтымақ ауылдық округіндегі Мәдімар ауылында өз жалғасын тауып, 20 келушіге арналған жаңа ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанаты өтті. Дихан ауылдық округіне қарасты Аймантөбе ауылында бір мезгілде 5 адамды қабылдай алатын фельдшерлік-амбулаториялық пункт ашылды. Дәл осы күні Тегістік ауылының тұрғындары да қуанышқа кенелді. Жаңадан салынған медициналық- фельдшерлік пунктің ішін аудан әкімінің орынбасары Дулат Сұлтанбеков аралап көріп, ақ желеңді абзал жандарға жүктеліп отырған міндеттің ауқымдылығын айтып, жұмыстарына табыс тіледі. Жібек жолы ауылы бір мекемемен толықты. Мұнда бес келушіге арналған медициналық нысан ел игілігіне берілді. Құрылысын мердігер «Д квадрат Тараз» ЖШС жүргізген нысанның лентасын еңбек ардагерлері Бейсен Жүзгенбаев пен Орынбай Балтабаев қиып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Жаңатұрмыстықтар үшін де Тұңғыш Президент күні ұмытылмайтын болды. Аталған елді мекенде 720-дан аса адам тұрады. Құрылысын мердігер «Қаратау құрылыс» ЖШС жүргізген медициналық-фельдшерлік пунктінің ашылу салтанатында еңбек ардагері Қалдыбек Мейірбеков сөз сөйлеп, тұрғындарды қуанышымен құттықтады. Аудандағы тағы бір жаңалық, мерекеге орай Кеңес ауылында су қабылдау имараты мен су құбыры желісінің құрылысы аяқталды. Өткен жылдың қараша айында басталған құрылысты белгіленген мерзімде бітіріп, ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз еткен «Импульс ЛТД» ЖШС болатын. Екі мыңнан астам тұрғыны бар Кеңес ауылында мектеп, дәрігерлік амбулатория, балабақша сияқты әлеуметтік нысандарға және 378 үйге су тартылды. Дәл осы күні Ынтымақ ауылдық цифрландырылған ақпараттық орталығы пайдалануға берілді. Оның ерекшелігі сол – енді жергілікті тұрғындар анықтама алу үшін сонау Сарыкемерге сабылмай, кітапхана ішінен ашылған орталықтан-ақ 18 түрлі анықтама ала алатын болды.

=Жуалы

Қазіргі кезде елімізде 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылу деңгейі 95 пайызға жетіп отыр. Бұл көрсеткіш 2020 жылға дейін 100 пайызға жетуі тиіс. Мереке қарсаңында ашылып, пайдалануға берілген Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Көлбастау ауылындағы 50 орындық «Әсем достар» жекеменшік балабақшасының осы көрсеткішті арттыруға тигізер септігі болары анық. Негізі Көлбастау ауылы аудан орталығына іргелес орналасқанымен бұған дейін мұнда мектепке дейінгі мекеме болмаған еді. Осыны ескерген жеке кәсіпкер Әсет Есаманов ауылдың орталық көшесінің бойынан бос тұрған тұрғын үйді жалға алып, оны балабақшаға ыңғайластырып ашып отыр. Ал Шақпақата ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ашылған дәрігерлік амбулатория 15 келушіге арналған. Емдеу мекемесінің құрылысын «АКМ групп» ЖШС жүргізген. Мереке қарсаңында аудан орталығынан шалғайда жатқан Боралдай ауылдық округіндегі Ертай және Қошқарата ауылдарының тұрғындары да қуанышқа кенелді. Қос ауылда денсаулық сақтау нысанының ғимараты салтанатты жағдайда ашылды. Ертай ауылындағы 5 келушіге арналған медициналық пунктің құрылысын «АКМ групп» ЖШС, Қошқарата ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысын «Форте капитал» ЖШС жүргізген. Қысқа мерзімде салынып, пайдалануға берілген денсаулық сақтау нысандары заман талабына сай.

=Т.Рысқұлов

Тұңғыш Президент күніне орай Құлан ауылында 140 орынға арналған «Бота» жекеменшік бөбекжай өз жұмысын бастады. Құрылтайшы – жеке кәсіпкер Ертіс Тұғылшиев 15 миллион теңгеге бұрынғы сауда нысанын қайта жаңғыртып, ғимаратты бөбекжай ашуға бейімдеп, заманауи үлгіде жабдықтады. Мерекеге орай ауданның жаны жомарт кәсіпкерлерінің демеушілігімен аудан қариялары мен ардагерлері үшін «Ардагерлер үйі» пайдалануға берілді. Жаңадан тұрғызылған ғимаратта қарттардың бас қосып, жиын өткізулеріне, тынығып, шығармашылықпен айналысуларына зор мүмкіндіктер қарастырылған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа заманауи үлгіде салынған медициналық нысандар Шолаққайыңды, Қарақат ауылдарында халық игілігіне берілді. Шолаққайыңды ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт, Қарақат ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік-амбулаториялық пункт ашылды. Енді ауыл жұртшылығы қолжетімді медициналық қызметпен қамтамасыз етілетін болады.

=Шу

Мереке қарсаңында аудандағы Тасөткел ауылында су жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілді. Енді 1000-нан аса тұрғыны бар тасөткелдіктер ем іздеп аудан орталығына сабылмайтын болды. Барлық стандарттарға сай фельдшерлік-акушерлік пунктің ауыл халқына сапалы медициналық көмек көрсетуге толықтай мүмкіндігі бар. Мекеме мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылған. Салтанатты шара барысында жұмысты дер кезінде әрі сапалы аяқтаған тараздық «Жанайым Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ауыл тұрғындары өз ризашылықтарын жеткізді. Құрылысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталған ғимарат 8 айдың ішінде халық игілігіне беріліп отыр. Айта кету керек, 10 келушіге арналған медицина мекемесі қатты отынмен жылытылады және электр энергиясына қосылған. Осы күні аудан орталығынан ең шалғай орналасқан Шоқпар ауылдық округінің тұрғындары да қуанышты сәттің куәсі болды. Ауылда көптен күткен дәрігерлік амбулаторияның лентасы қиылды. Салтанатты шарада ауылдық округтің ақсақалдар алқасының төрағасы Құттыбай Шалбаев мердігерлерге ауылдықтардың алғысын жеткізді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген нысан 15 келушіге арналыпты.

=Мойынқұм

Дәл осы күні шалғайдағы ауданда екі бірдей ауылдық округте дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Ең әуелі, Ұланбел ауылында ашылған мекемеге аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Есеев арнайы келіп, ауыл тұрғындарының қуаныштарын бөлісті. Ауданнан 150 шақырым қашықтықта орналасқан 1000-нан аса ұланбелдіктер бұған дейін медициналық көмекке қол жеткізу үшін аудан орталығына келуге мәжбүр болатын. Енді, міне, бүгінгі заманғы талаптарға сай медициналық мекеме ашылып, ауылдағы ағайын арқа-жарқа болуда. Жалпы аумағы 230 шаршы метрді құрайтын ғимаратты «Қаратау құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5 айдың ішінде аяқтапты. Сондай-ақ Көкжелек ауылдық округінде ашылған медициналық мекеменің құрылыс жұмыстарына жауапты «Тараз Ісмер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де жұмысты 5 айдың ішінде аяқтап, ел игілігіне беріп отыр.

=Талас

Тұңғыш Президент күніне орай Ойық ауылдық округінің Тұрымқұл ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт ашылды. Жаңа нысанның ашылу салтанатында ауыл ардагері Бескемпір Бейсембиев сөз сөйлеп, тұрғындардың қуанышты көңіл-күйін жеткізді. Сондай-ақ ол шалғай ауыл тұрғындарына осындай медициналық мекеменің нәсіп болуы Елбасының ерен еңбегінің жемісі екенін айтып, Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асырып отырған облыс әкімі Асқар Мырзахметовке алғысын білдірді. Осы округке қарасты Сейілбек ауылының тұрғындары да Президент күніне орай шат-шадыман қуанышқа кенелді. Бұл ауылға да мердігер компания «Агроспецстрой» ЖШС 5 келушіге арналған медициналық пункт салып берген. Нысанның ашылуына арналған жиында ауыл тұрғыны, ардагер Рахыжан Түкебаев сөз сөйлеп, Елбасыға және облыс әкіміне алғысын білдірді. Бұл жаңалыққа ауыл халқы мәре-сәре болып қуанды. «Бұл ауылымыз үшін өте үлкен қуаныш. Енді өзіміздің медициналық пунктке қаралатын болдық», дейді ауыл тұрғыны Жәнібек Тұраров. =Сарысу

Мұндай жағымды жаңалыққа сарысулықтар да көп кенелді. Әуелі Ұйым ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Мұны жергілікті мердігер компания «Алтын Орда – 2006» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 30 миллион теңгеге салып берген. Дәл осындай қуанышқа Игілік ауылының халқы да кенелді. Мұнда 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ашылып, жиналғандарды аудан әкімі Балабек Нарбаев құттықтап, мұндай игі істің жүзеге асуы Елбасының сындарлы саясаты мен облыс әкімінің іскерлігі арқасында мүмкін болғанын айтты. Ауыл тұрғыны Бөлтірік Ілиясов тұрғындар атынан Елбасына, облыс әкіміне, мердігер компанияларға алғысын білдірсе, мердігер компанияның басшысы Дәулеталды Жанбаев дәрігерлік амбулатория басшысына бағалы сыйлықтар берді. Бұл құрылысқа 36 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Қамқалы ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт ашылса, оны 44 миллион теңге қаражатқа «Пернебек» ЖШС салып берген екен. Шағалалы ауылында 54 миллион теңгеге 5 келушіге арналған медициналық пункт ел игілігіне берілді. Осылайша Шағалалы шаттыққа бөленіп, Қамқалы қуанышқа кенелді.

= Меркі

Ауданда Тұңғыш Президент күніне орай бірден үш амбулаториялық пунктің ашылу салтанаты өтті. Алдымен Тұрлыбай батыр ауылдық округінде 5 келушіге арналған медициналық пункт ел игілігіне берілді. Оған аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков пен ауыл тұрғындары, ақсақалдар қатысты. Амбулаториялық пункті «Промхиммонтаж» АҚ құрылысшылары 26 403 мың теңгеге алты ай көлемінде соғып, ел игілігіне пайдалануға берді. Осы күні Мыхан ауылында 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанаты болды. Бұл ғимараттың құрылысын «Жанайым-Құрылыс» ЖШС 34 993 мың теңге қаражатқа жүргізген. Үшінші болып Меркі ауданы Екпінді ауылындағы 10 келушіге арналған фельдшерлік-амбулаториялық пунктің лентасы қиылды. Бұл ғимаратты да «Жанайым- Құрылыс» ЖШС 29 906 мың теңгеге тұрғызған. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде салынған бұл денсаулық сақтау орталығы облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен қаражатты үнемдеп, тиімді пайдалану арқылы ірге қалады.

=Қордай

Көріп отырғанымыздай, Тұңғыш Президент күні қуанышты хабар көп болды. Соның бірі – Алға ауылдық округіне қарасты Көгадыр елді мекенінде бой көтерген медициналық пункт. Жаңа ғимаратта ем-дом жасауға барлық жағдай жасалынған. Медициналық мекемеде үш адам қызмет етіп, бір ауысымда бес адамды қабылдай алады. Аудан орталығында ашылған «Балалық базары» жекеменшік балабақшасының ашылу салтанатына келген қонақтар нысанға оң бағасын берді. Ауданда ашылған «Болашақ» шағын орталығы алыстан менмұндалап көз тартады. Тұсаукесерін тағатсыздана күткен ата-аналар бұл күні көптеп жиналып, шашуларын да дайындап үлгерген. Шағын орталықта барлығы заман талабына сай жабдықталып, балғындардың емін-еркін білім алуына жағдай жасалған екен. Негізінде 120 орынға арналған мекемеде әзірше 75 балақай тәрбиеленеді. Қазіргі өмір талабына сай орталықта бүлдіршіндерге үш тілді қатар үйретеді.

«Aq jol»-дың тілшілер тобы.

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атына денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан хат келді. Онда былай делінген:

«Құрметті Асқар Исабекұлы!

Елбасымыз жыл сайынғы өз Жолдауларында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың, оның ішінде халық денсаулығын жақсартудың маңыздылығына ерекше көңіл бөледі. Осы орайда елімізде жыл сайын жаңа ауруханалар, емханалар, дәрігерлік амбулаториялар және басқа да әлеуметтік мәні бар денсаулық сақтау объектілері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып, қолданысқа берілуде. Бүгінгі сіздердің өңірлеріңізде ашылып отырған 30 алғашқы медициналық көмек көрсету нысандары осының дәлелі. Сізді және облыс тұрғындарын осы қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл нысандар ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға қызмет етіп, халық ризашылығына бөленеріне нық сенімдімін.

Ізгі тілекпен, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов».