БАРЛЫҚ БАСЫМДЫҚ ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН
БАРЛЫҚ БАСЫМДЫҚ ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ең аз еңбекақы мөлшерін 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсіруді міндеттегені баршаға мәлім. Енді барлық кәсіпорындарда, ұйымдар мен мекемелерде жекеменшік түріне қарамастан 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбекақыны өсіру шаралары қабылданатын болады. Елбасы Жолдауындағы жұртты қуантқан тағы бір жаңалық – көпшіліктің қолайына жаққан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы тағы бес жылға жалғасатыны. Бұл қадам бизнестегі кедергілерді жойып, ел экономикасын нығайтатыны анық. Қазір елімізде Президент тапсырмасы бойынша ТҮКШ мен табиғи монополиялар қызметіне тариф төлеудің ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілуде. Монополистердің тарифтің инвестициялық шығындарын қоса тұтынушылардың мойындарына іліп келген «тәжірибелері» тоқтатылып, тұтынушылар өздерінің қаражаттарының қайда жұмсалып жатқанын нақты біліп отыратын жағдай туды. Елбасы жергілікті бюджеттен жеңілдетілген ипотеканың алғашқы жарнасын субсидиялау бойынша шараларды қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысы мәлімдегендей, мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да жергілікті өңірлерге қажетті мамандық иелері үшін ипотеканың қолжетімділігін арттыра түспек. Бұл тұрғыда елімізде алғашқы жарнаны азайту бойынша жұмыстар басталып та кетті. Осыған сәйкес «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтардың алғашқы жарнасын арзандату үшін жалпы саны 50 мыңнан кем емес тұрғын үй сертификаттары шығарылмақшы. Соның арқасында жыл аяғына дейін 10 мыңдай сертификат тапсырылмақ. Қазір барлық мемлекеттік қызметкерлер арасында тұрғындармен кері байланысты күшейтуге, формализм мен бюрократизмді төмендетуге бағытталған шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ ақы төленбейтін қыруар жұмыстарға жегілетін мұғалімдер мәртебесі туралы заң қабылдау, үш ауысымда оқитын мектептерді жою, толып жатқан спорт кешендерінің халық игілігі үшін жұмыс істеп, олардың әрбір балдырған үшін тегін болуын, сауықтыру орталықтарының әрбір аулада салынуын тапсырған Елбасымыз Назарбаев зияткерлік мектебінің стандартының орта мектептерде де қолданылуын, қолда бар инфрақұрылым негізінде Назарбаев университетіне пара-пар политехникалық жоғары оқу орнын құру туралы, еліміздің жоғары оқу орындарына деген халық сенімін нығайту үшін ең алдымен оқыту мен білім сапасын арттыру, жоғары білімнің қолжетімділігіне жағдай туғызу, оларды бітірген студенттерді мамандықтары бойынша жұмысқа орналастыру туралы талаптарды орынды көтерді. Шынында да жұмысқа тұруға жол ашпайтын дипломның қажеті қаншалықты? Еңбекке араласуға мүмкіндігі болмайтын білімгерлердің саны сол жоғары оқу орнының сапасының да айқын айғағы екені рас. Сол себепті бәсекеге қабілетсіз білім ордалары жабылып, нарық экономикасына төтеп бере алатындары ғана сақталуы тиіс. Жолдаудан туындаған міндеттер аясында білім беру ісін жетілдіру ғана емес, ТҮКШ, инфрақұрылымдар сапасы, денсаулық сақтау саласы жөнінде де қолға алынып жатқан шаралар жетерлік. Келер жылдан бастап жалақысы 20 пайызға ұлғайтылатын учаскелік медициналық қызметкерлер, жаппай ипотеканы алуға мүмкіндік жасалатын дәрігерлер, полицейлер, мұғалімдер қауымы, кезінде урбанизацияның қауіпті тасқынымен болашағы буалдыр тартқан, туған мекенін тастауға мәжбүр болып, үлкен қалаларды паналаған шарасыз жұрт та Елбасы қамқорлығының шексіздігіне көз жеткізуде. Бір қуантатыны – отбасыларға арналған жатақхана типтес көп пәтерлі үйлердің де салынатыны. Елбасы Жолдауда заңгерлер мен тәртіп сақшыларының да іс-әрекеттеріне тоқталып, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнеске «салық амнистиясын» жариялады. Осындай нақты шаралардың қабылдануының арқасында Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» жөніндегі рейтингісі бойынша Қазақстан 190 елдің ішінде 36-орынға көтерілді. Осы жылдар ішінде саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жеткені – халқымыздың дені сау болуы үшін тамақ пен дәрі-дәрмектің, ауызсудың сапалы болуы, мүмкіндігі шектеулі жандардың күнделікті қажеттерін өтеуге ұдайы көмек берілуінің арқасы. Сондай-ақ бүгінде мемлекеттік қызметшілерге еңбегіне қарай ақы төленіп, жұмыстарды оңтайландырып, ішінара қысқарту жүргізілуде. Елбасының биылғы Жолдауында да жастарымызға үлкен көңіл бөлгеніне куәміз. Ұлт Көшбасшысы өскелең ұрпаққа ерекше сенім арта отырып, оларға барлық жағдай жасауды тапсырып отыр. Президенттің келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауы соның дәлелі. Жалпы Президент Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға бір жарым триллион теңге аударылмақшы. Бұл – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға барынша тиімді жұмсауымызды қажет ететін үлкен қаражат. Тек қана іске сәттілік тілейміз. Үміт БИТЕНОВА, ақын, ауданның Құрметті азаматы. Талас ауданы.