Әлеумет

Жері жомарт, жұрты бай Жайылманың...

Жері жомарт, жұрты бай Жайылманың...

Армысың, ауыл ағалары

7 6 5 3Демалыс күнін пайдаланып, Сарысу ауданындағы Жайылма ауылын бетке алдық. Тақтайдай тегіс жолмен зырлап келеміз. Тараздан шыққалы 180 шақырымды артқа тастағанда Қызылкесік қырқасы көзге шалынды. Сол жағымызда талай тұлпардың бағы мен бабын сынаған атшабар. Оң жағымызда сылдырап Шабақты өзені ағып жатыр. Осылайша айналаға қарап отырып, «Тәкі талына» қалай жеткенімізді де аңғармай қалдық. Бұл тоғыз жолдың торабында тұрған бақ. Солға қарай Маятас ауылы, тура тартсаң Созақтан шығасың. Ал, оңға қарай бастаған жол Жайылма ауылына алып барады. «Тәкі талының» саясында тыныстап тұрып төңірекке көз тастадым. «Жайылмаға келдік пе, сонда» деді Тараздан бірге ере келген Тимур досым. Басымды изедім. Ауыл маған жақсы таныс, бірақ келмегелі бірер жылдың жүзі болған. Көп нәрсе өзгеріпті. Кедір-бұдыр жол түгелімен сырылып, жаңа асфальт төселіпті. Жоғары жағына «Жайылма ауылы» деп жазылған еңселі арка-қақпа алыстан менмұндалайды. Ол аздай биік тұғыртастың үстіне үлкен әріптермен ауыл атауы жазылыпты. Киіз үй пішінінде жасалған аялдама да ауыл халқының қонақжай қалпынан сыр аңғартқандай. Сонадайдан жұмысқа жұмылған жігіттер көзге шалынды. Ауылға атбасын бұрудағы негізгі мақсат та елдің тыныс-тіршілігімен танысу еді, солай қарай жүрдік. Жүздерін күн қақтаған жұмысшылар бастапқыда бізді көріп тосылып қалды. Жөнімізді айтқан соң ал кеп ашылсын. Бұл Елемес Тұрғынбеков жетекшілік ететін «Арболат» шаруа қожалығының жоңышқалығы екен. Қожалық қысқы мал азығын дайындау жұмыстарына он шақты адамды тартыпты. Бәрі де жергілікті жердің тұрғындары. Трактор тізгі­нінде жүрген Жандос Медетовті әңгімеге тарттық. – Қазір уақытпен санаспай жұмыс істеп жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда еңбектің қызған шағы. Бүгіннің өзінде жүзге жуық орам жоңышқа дайындадық. Оның әрқайсысының бағасы 3000 теңге. Жалпы, осы жерден бес жүз орам жоңышқа дайындау жоспарымызда бар. Сәтін салса, мұны санаулы күнде бітіреміз, – деді ол. Жандостың қасында жүрген Көбей Тамабаев пен Ерғали Дүйсетаевтың да өз міндеттері бар. Сөз арасында жігіттерден «Ауыл ахуалы қалай?» деп сұрадық. «Біздерде анадай бар, мынадай бар» дегендей, бәрі де Жайылма туралы жарыса мақтай жөнелді. Біз «Еңбек рәтті болсын!» дедік те, атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрейік деген ниетпен ауыл орталығын бетке алдық.

Түлектер туған жердің көркейгенін қалайды

Ана жылдардағыдай емес, ауылдың ажары кіріп қалыпты. Бұрындары көпшілік өз үйлерінің ауласын жыңғыл отынымен қоршай салатын. Қазір заманауи қақпалар мен сыртқы қоршаулардың түр-түрін кездестіресің мұнда. Елді мекен орталығынан ауылдық округ әкімі Әмірәлі Әбеновті кездестірдік. «Іздегенге сұраған» деген осы. Ауыл басшысы жексенбіге қарамастан орталықта орналасқан Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға қойылған ескерткішті жаңғырту жұмыстарының нобайын сызып жүр екен. «Келер жылы Ұлы Жеңіске – 70 жыл. Уақыт-зымыран, дайындық жұмыстарын бүгіннен бастамасақ болмайды. Өзіңіз көріп тұрғандай, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған мына ескерткіш кезінде көпшіліктің күшімен орнатылған. Алайда, ол кезде Жайылма мен Калинин өз алдына бөлек кеңшарлар болғандықтан мұнда көп адамның аты жазылмай қалып кеткен. Бұрынғы екі кеңшар кейін Жайылма ауылдық округі деп аталып, оның құрамына Жайылма, Қызылдихан, Маятас ауылдары топтастырылған. Сондықтан да ескерткішті қайта жаңғыртып, ондағы тізімді де жаңалауымыз керек. Қазірдің өзінде төрт жүзге жуық адамның тізімі бар қолымызда. Дегенмен, бұған әжептәуір қаражат керек. Өйткені, ескерткіштің айналасын көгалдандырып, оның алдына «Мәңгілік алау» жасасақ деген жоспарымыз бар. Бұл жұмыстарды ел-жұрттың көмегімен еңсеретінімізге сенімім мол. Мысалы, Ұлы Отан соғысында от кешіп, елге аман-есен оралғандарға арналған мына белгіні ауылдың 1975 жылы туылған азаматтары орнатып берді» деді әкім Әмірәлі Әбенов. Жалпы, Жайылмада түлектердің туған жерге тарту жасауы игі дәстүрге айналған екен. Тұрғындар бұл үрдістің осы ауылдың тумасы, даңқты актер Асанәлі Әшімовтің сәулетті мешіт үйін салып бергенінен кейін кең өріс алғанын айтады. Мұнан кейін жеке кәсіпкер Жеңіс Тоғызақбаев жобалық құны 40 миллион теңге тұратын зәулім спорт кешенін салып, жерлестеріне сыйға тартты. Мана біз көрген кіреберістегі арка-қақпаны ауылдың 1972 жылы туылған азаматтары тұрғызған. Бұлар бұл сыйды мектеп бітіргендеріне 30 жыл толуына орай жасапты. Одан кейінгі түлектер де қалыс қалмай, ауыл орталығынан айшықты аялдама салып беріпті. Бұл әсіресе жауынды-шашынды күндері бүрсеңдеп, әр талдың түбіне бой тасалайтын жолаушыларға жақсы болған. 1974 жылғы азаматтар өз қаржыларына ауыл орталығына «Бәйтерек» монументін орнатса, 1976 жылғылар шаңырақ үлгісінде үштағанды биік арка қойыпты. Ол түн мезгілінде самаладай жарқырап, ауылға сән беріп тұр. Жоғарыда айтқан жеке кәсіпкер Жеңіс Тоғызақбаев биыл өз құрдастарымен мектеп бітіргендеріне 30 жыл толу құрметіне орай, ұшар басына көкбайрағымыз ілінген биік стелла орнатыпты. Одан бөлек ауылдағы әлеуметтік нысандарға сый-сияпат жасайтындар да бар. Тағы бір атап өтерлігі, ауылдағы Әйтеке би атындағы орта мектепті бітірген түлектер жыл сайын «Соңғы қоңырау» салтанатында бас қосып, футбол турнирін өткізуді де жолға қойған. Жүлдені де өздері тігеді. Мұның өзі тәрбиенің тағылымды үлгісі емес пе? Әйтеуір, жайылмалықтар ауыл десе аянбайтын түлектердің тарту-таралғыларына дән риза. қаржы да, қарекет те бар

Округ орталығы Жайылма ауылының өзінде 2700-ден астам адам тұратын көрінеді. Тұрғындар үшін маңызды мәселенің бірі ауызсу екендігі айтпаса да түсінікті. Елді мекендегі су құбыры мемлекеттік «Ауызсу» бағдарламасы шеңберінде 2009 жылы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілген. Ендігі кезекте «Ақбұлақ» бағдарламасының шапағатымен су құбырын әр үйге кіргізіп беру мәселесі ойластырылып жатыр екен. Сол сияқты көшелерді жарықтандыру мен асфальттау да назардан тыс қалмаған. Биылдың өзінде Бәкен Серікбаев пен Гараж көшелері толық жарықтандырылыпты. Ауылда барлығы он үш көше болатын болса, бұған дейін оның төртеуі асфальтталған. Қалғандарына мүлде төселмеген. Ауыл әкімінің айтуына қарағанда, қазір осы олқылықтың орнын толтыруға күш салынуда. Соның бастамасы ретінде кіреберіс Байзақ көшесіне орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 27 миллион теңгенің жобалық-сметалық құжаты дайындалып қойылған. Жөндеу жұмыстарынан ауылдық округ әкімдігінің ғимараты да тыс қалмайды. Бұл мақсатқа бюджеттен жиырма миллион теңге бөлініпті. Ауылда тұрғындар игілігіне қажетті әлеуметтік нысандардың бәрі де бар. Мыңнан астам балаға арналған Әйтеке би атындағы орта мектеп былтыр қазынадан бөлінген 77 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткен. Бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы да жалғасын табады деп жоспарлануда. Ауылдық клубтың ғимараты да «Жол картасы» аясында қайта жаңғырған. Заман талабына сай орындықтары тегіс ауыстырылып, кең залы мен сахнасы да жаңарыпты. Ал, 25 балаға арналған «Балауса» балалар бақшасында күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа 14 миллион 900 мың теңге бөлініпті. Қарадомалақтар қатарының артып келе жатқанын «Балауса» балабақшасының меңгерушісі Зеретай Тәжиева қуана жеткізді. «2008-2009 жылдардан бастап ауылда бала туу көрсеткіші жақсарды. Оның үстіне бұрынғыдай үйлер бұзылып, сыртқа көшіп жатқан ешкім жоқ. Қайта үйлердің бағасы қымбаттап жатыр. Осындай оңды тенденцияның әсері болар, балабақша мен мектеп жасындағы балалардың саны артуда. Бұған қалай қуанбасқа?» дейді З. Тәжиева. Сонымен қатар ауылда спорт және өнер мектептері бар. Спорт мектебі жоғарыда айтқан заманауи кешенге қоныс тепкен. Шәкірттердің жетістіктері де аз емес екен. Өнер мектебінің де бағындырып жатқан белестері біршама. Бұл ұжымдардың ұйымдастыруымен әралуан спорттық-мәдени шаралар жиі ұйымдастырылады. Ең бастысы ауыл жастарына дұрыс бағдар көрсетілуде. Дәрігерлік амбулатория да тұрғындар игілігіне қызмет етіп келеді. «Осы уақытқа дейін ауылымызға жоғары білімді дәрігер мамандар тұрақтамай келді. Амбулаторияның аға дәрігерлігі шамамен бір жылдай бос болып тұрды-ау деймін. Жақында бұл мәселенің де шешімі табылды. Ауылдағы сыйлы қарттардың бірі Төлеутай атаның үйі келін түсірген. Сөйтсек, атаның мың болғыр баласы Төлегеннің жары жоғары білімді дәрігер болып шықты. Бұған бүкіл ауыл риза болып жатыр. Айдана келін өз қызметіне кірісіп кетті» дейді біз пікірлескен ардагер ұстаз Құралай Ақшолақова. Апай тағы бір жаңалығын бізбен бөлісті. Жақында ғана кенже қызы Жадыра өмірге егіз перзент әкеліпті. Шаттықтан жүзі шырайланып тұр. Қолын алып, «Құтты болсын» айттық.

Шұбаттың дәмі тіл үйіріп...

«Еңбек етсең емерсің» дейді дана қазақ. Жайылмалықтар нарық талаптарына сәйкес, жеке кәсіпкерлікке де ден қоя бастаған. Бес бірдей дүкен сауда-саттықтың көркін қыздыруда. – Биыл «Бүркітті» су қоймасында 8 миллион текше метр су жиналды. Бұл жақсы. Шабақты өзенінің бойымен су мол келді. Мына жақтағы Жылқыбай, Айдын, Түлкібай көлдері де лық толды. Төңірек көкпеңбек. «Швейцария» десе де болады. Су – берекенің бастауы. Міне, сондықтан да егістік көлемі жылдан-жылға ұлғайып жатыр. Бірнеше жыл бұрын шаруалар су тапшылығынан егістік жерлерін тастап кеткен болатын. Соңғы үш жылдың бедерінде қайта қолға алып жатыр. Биыл бәрі жапатармағай егіс екті. 160 гектардай жүгері алқабы, 400 гектарға жуық жоңышқалығымыз бар. Жоңышқаның бірінші орағы керемет болды, – дейді ауылдық округ әкімі Әмірәлі Әбенов. Ауыл басшысы тұрғындар тұрмысының түзелуіне шұбат бизнесінің де септігін тигізіп тұрғанын жеткізді. Расында да, бүгінде Жайылманың шұбаты Жаңатас пен Тараздан бөлек, Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысында сұранысқа ие. Ауыл ішінің өзінде жүздің үстінде түйе бар. Ал, сыртта бес отбасы осы кәсіпті дөңгелентіп отыр. Олардың меншігіндегі түйелердің саны алты жүзге жуықтайды. Екі жүзге жуық сауын сиыр да елдің ырысын еселеп отыр. Жайылмалық кәсіпкерлер мемлекеттің қолдау көмегін айқын сезінуде. Былтыр төрт адам «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, кәсіптерін ары қарай дамытуда. Солардың бірі «Дулат» шаруа қожалығы бағдарлама бойынша түйе санын арттыруда. Мал шаруашылығынан бөлек шлакаблок шығаратын станоктар сатып алған кәсіпкер де бар. Биыл да сегіз азамат мемлекеттік бағдарлама бойынша өз өтініштерін өткізіпті. Жалпы, кәсіпкерлердің халыққа қажетті нысандар ашуға ден қойып жатқаны байқалады. Ауылда бұған дейін автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталығы мен жанар жағармай бекеті болған жоқ еді. Енді мұндай нысандар да көп ұзамай іске кірісетін болады. Бүгінде елдімекенде 12 адам ғана жұмыссыз ретінде тіркелген болса, алдағы уақытта бұл көрсеткіштің де азая түсеріне сенім зор. Қай кезде де бірлік болған жерде береке салтанат құрады. Ауылдағы тірліктер бір ғана адамның қолымен атқарылмайтыны анық. Жұртшылықты ынтымаққа ұйытып, жұмысқа жұмылдыруда Төлеутай Жәкенов, Төлеубек Тоғызақбаев, Тәжіхан Жұмақаев, Батыр Әлжаппаров сынды сыйлы қариялардың еңбегі ерен. Ұлы Отан соғысының ардагерлері Адамбай Баймаханов пен Қалқаман Қасымбековтің, сонымен қатар Бөтей Тырнақбаев, Жамбыл Қозыбағаров, Алтынбек Серғазиев бастаған тыл еңбеккерлерінің өмір жолы жастарға үлгі, өнеге. Жайылманы 25 жыл басқарған, бүгінде аудандық мәслихаттың хатшысы қызметін атқарып жүрген Болатбек Дондаұлының да ауылды дамытудағы көп жылғы еңбегін тұрғындар ұмытпайды. Осылайша Жайылма ауылы күннен-күнге көркейіп, құлпыра түсуде. Қазақтың маңдайына біткен Асанәлі Әшімов, Амангелді Сембин, Тынышбай Рақым бастаған талай тұйғын-таланттарды түлетіп ұшырған қасиетті мекеннен біз де қанаттанып аттандық.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Тараз-Жайылма-Тараз.