Саясат

Патриот болу – баршамыздың парызымыз

Патриот болу – баршамыздың парызымыз

Нұрсұлтан Назарбаев «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің тәрбиеленушілерімен кездесті. Мемлекет басшысы ұлттық әскери-патриоттық орталыққа барып, «Отан, Елбасы, Жас сарбаз» атты мерекелік іс-шараға қатысты, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерімен кездесті. Елбасы іс-шара басталар алдында әскери-патриоттық орталықтың музейіндегі экспозициялармен танысты. Онда Қазақстан армиясына арналған әскери суретшілер студиясының туындылары мен «Орбұлақ шайқасының» диорамасы қойылған, сонымен қатар 3D-mapping шоу технологиясын қолдану арқылы проекциялық көрме ұйымдастырылған. Қазақстан Президенті шараға қатысушылардың бәрін өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін «Жас сарбаз» қозғалысының құрылуымен құттықтады. Осыған орай, Мемлекет басшысы ұлттық рухты қалыптастырып, ел тарихын терең зерттеудің маңыздылығын айрықша атап өтті. – Жақында жарияланған Жолдаудағы маңызды мәселелердің бірі – патриоттық тәрбие беру ісі. Егер біз Отанымызды қорғай алмасақ, онда тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде атқарған барлық жұмысымыздың мәні жоғалады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы бүгінде мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралардың бәрі келер ұрпақ үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын айтты. – Осының бәрі жастарымыз – біздің болашағымыз үшін атқарылуда. Бұл жұмыстардың бәрі сіздердің тұрмыстарыңызды қазіргіден де жақсартып, Қазақстанымызды одан әрі байыта түсу үшін жасалуда, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барлық жастарын «Жас сарбаз» қозғалысына мүше болуға шақырды. Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланың Қазақстандағы патриотизмді күшейту ісіндегі ерекше маңызы туралы айтты. Соңында Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушыларға табыс тілеп, жаңа жетістіктерге жетуге ниеттестік білдірді. * * * Осы күні Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында өткен режиссер А.Сатаевтың «Елбасы жолы. Астана» фильмін көруге барды. Бұл картина – «Елбасы жолы» киноэпопеясының бір бөлігі. «Елбасы жолы. Астана» фильмінде Қазақстан елордасының қалыптасу тарихы және оны салу үдерісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың басты рөл атқарғаны жөнінде баяндалады. Кинокартинада 1994 жылғы шілде айында ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қабылданған маңызды шешімге байланысты оқиғалар көрсетіледі.