Бір чемпионатта бірнеше медаль иеленді
Бір чемпионатта бірнеше медаль иеленді
Мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істеу оңай емес. Әрқайсысының мінезі, көзқарасы әртүрлі. Тағдырдың жазғанына мойымай, үмітпен алға ұмтылатындары да аз емес. Сондай қайсар азаматтың бірі – Талғат Аманбеков. Талғат – облыстық №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының тұрғыны. Орталықтағы көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі. Ол кішкентай кезінен қоларбада жақсы билейді. Жұптасып арбамен билеуді Толғанай Төребек екеуі бірге бастаған. Екеуі жұптасып билеуден 2012 жылы Қазақстан чемпионы атағына қол жеткізсе, 2013 жылы ҚР кубогының иегері атанған. 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен жазғы Паразиалық ойындарына қатысқан. «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Жаншуақ» қоғамдық сыйлығының иегері. Талғат Аманбеков 2016 жылы облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған клубқа мүше болып қабылданды. Қазір «Тараз – Арена» спорт кешеніне барып, үздіксіз жаттығып жүр. Ол еліміздің бас қаласында жыл сайын өтетін «Астана OPEN» халықаралық турнирінде бірнеше рет жеңімпаз атаныпты. 2017 жылы Атырау қаласында спорттық биден өткен ІХ халықаралық турнирде топ жарған. Жақында Алматы қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында өткен ел чемпионатында қоларбада спорттық би билеуден чемпион атанып, жұптасып билеу бойынша да алтыннан алқа тағынды. Оның жұбы халықаралық жарыстардың жеңімпазы Наргиза Ахметова болды. Ерлер арасында жалғыз билеуден қола жүлдеге қол жеткізді. Бір жарыстан үш жүлдемен оралған Талғат Аманбековке лайықты құрмет көрсетілді. Орталық директоры Райхан Сейдалиева бастаған топ чемпионды қаланың кіреберісінен қарсы алып, қуанышқа ортақтасты.
Шолпан Сансызбаева, облыстық №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының психологі.