Білім

Байзақта арғынбайтану бұрышы ашылды

Байзақта арғынбайтану бұрышы ашылды

Музейдің адамзат тарихындағы алатын орны ерекше. Қазіргі кезеңде музейлер алдындағы басты мақсат – болашақ ұрпақ үшін мәдени мұраны сақтау және тарихи мәнді құндылықтарды насихаттау арқылы келушілердің рухани сұранысын қанағаттандыру. Елімізде бүгінгі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жоспарлы іс-шаралар жүргізілуде. Оның басты бағыты – халықтың интеллектуалдық деңгейін көтеру, жалпы адамзаттық құндылықтармен идеялар рухында тәрбиелеу. Ел тарихы қашанда өңірлердің тарихымен сабақтасып жатуы – табиғи заңдылық. Байзақ ауданының да өзінің бай тарихы бар. Кешегі ата-бабаларымыздың өмірі, өңіріміздің өткені көнекөз қариялардың жадында болғанымен, өкінішке қарай, олар жайлы сыр шертетін, арнайы сақталған жәдігерлер өте аз. Ал көне жәдігерлер – ел мұрасы. Ауданымызда музей ашылған кезден бері тарихи-өлкетану музейінде қор сақтау, ғылыми-әдістемелік ағарту саласы бойынша елеулі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінде музейдің директоры Сапар Қалмұратовтың басшылығымен қор сақтаушы Тамара Мирамова, бас есепші Төле Наржанов, іс жүргізуші Гүлайым Баймұратова музей қорын жәдігерлермен толықтырып және іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне үзбей тер төгуде. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында елімізге белгілі ақын, жазушы-публицист Арғынбай Бекбосынұлының рухына арналып, арғынбайтану бұрышы ашылды. Сонымен қатар ол кісінің өмірі мен шығармашылық жолына арналған бейнефильм дайындалып, көрермендердің назарына ұсынылды. Сондай-ақ ауданымыздың 80 жылдық мерейтойына орай музей залдарында реэкспозициялық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көптеген жаңалықтар енгізілді. Өңіріміздің мерейтойы қарсаңында аудан басшысы Рахматілдә Рахманбердиевтің қолдауымен аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Сәния Нағашбекова Түркияның Стамбул қаласына арнайы іссапарға жіберіліп, Байзақ жерінің тарихына қатысты тың мағлұматтарды алып қайтты. Сол деректер негізінде аудандық, облыстық баспасөз беттерінде мақалалар жарияланды. Уақыт талабына жауап ретінде музей ұжымы өз алдына алдағы уақыттарға міндеттер қойып отыр. Солардың бірі – жоғары технологиялық сандық жүйеге көшу. Қазіргі кезде бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынуда, өйткені казіргі жаһандану дәуірінде цифрландырудың маңызы зор.

Айнагүл МАМЫТБЕКОВА, аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.

Байзақ ауданы.