Саясат

Тараздың бас жоспары қаралды

Тараздың бас жоспары қаралды

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында Тараз қаласының бас жоспары талқыланды. Онда тарихи шаһардың өзіндік архитектурасы мен сәулеттік келбетін қалыптастыру мәселесі қаралды. Бүгінде Тараз қаласының жалпы аумағы 18787 гектарды құрайды. Онда 356 мыңнан астам адам тұрады. Облыс орталығында 1263 көп қабатты үй бар десек, оның 151-і – бір қабатты ескі үйлер. Сондай-ақ шаһарда 43 261 жеке тұрғын үй тіркелген. Жиын барысында осы мәліметті алға тартқан қала әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров бүгінгі таңда шаһар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде 69 700 адам тұрғанын жеткізді. Десек те бұл азаматтардың толықтай сұранысын қамтамасыз ету мүмкін болмай тұр. Басқосу барысында осы мәселенің шешуінің бір жолы ретінде облыс орталығына таяу Байзақ және Жамбыл аудандарының бірқатар аумақтарын қалаға қосу туралы ұсыныс айтылды. Бір айта кетерлігі, қала маңына таяу Байзақ ауданының 4 елді мекені болса, оның жер көлемі – 5474 гектарды, ал Жамбыл ауданындағы 10 елді мекенінің жер көлемі 14313 гектарды құрайды екен. Сонымен қатар жауапты мамандар Тараз қаласы бас жоспарының алдағы уақыттағы қолданылуын 3 кезеңге бөліп көрсетті. Олар: жаңа бас жоспарды құру, қала маңы аумағының жобасын құру және бас жоспарды кешенді түрде жүзеге асыру. Асқар Мырзахметов жаңа бас жоспар құрудың әзірге қажет еместігін жеткізіп, заң талаптарына сәйкес жер кезегінде тұрған адамдарға 10 сотық жерді облыстың кез келген аумағынан беруге, сондай-ақ болашақта ол жерлерден түрлі демалыс орындарын ашуға болатындығын айтты. Жиында қала сыртындағы демалыс орындарын дамыту жағдайы да сөз болды. Бұл орайда өңір басшысы тарапынан айтылған өзекті ұсыныс: қаланың айналасындағы құрылысқа жарамсыз жерлерді жасыл желекті аумаққа айналдырып, ағаш отырғызып, орман жасау. Көпшілік сұранысына орай Талас өзені жағалауын тиімді пайдаланып, ол арадан демалыс аймағын құру сияқты мәселені де көтерді. Асқар Исабекұлы жиын қорытындысында көтерілген мәселелер бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді жауапты тұлғаларға тапсырды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі.