Саясат

Корей халқы этностарының күні өтті

Корей халқы этностарының күні өтті

Облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Достық» үйінде корей халқы этностарының күні аталып өтті. Облыстық «Коре» кәрістер қауымдастығының президенті Лаврентий Кан жүргізген басқосуда «Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры Рано Убайдуллаева жиылған қауымды атаулы күнмен құттықтай келе, жылы лебізін жеткізді. Бүгінде түрлі этностық ұлт өкілдері кіндік қаны тамған Қазақстанды өзінің екінші Отаны санайды. «Қазақстан халқы Ассамблеясы: Жол картасының жады. Тарихи жадыларды жаңғыртудағы жастар» тақырыбымен өткен басқосуда осындай жайттар назардан тыс қалмады. Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, аталған қауымдастықтың мүшесі Анатолий Пак Қазақстанға қоныс тепкен ата-бабаларының тарихи тағдыры жайында кеңінен сөз қозғады. Жалпы этностық ұлттарға деген құрметтің белгісіндей Мемлекет басшысы 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығын шығарғаны белгілі. Бүгінде сол Ассамблея тағдыры тоғысқан этностық ұлт өкілдерінің ауызбіршілігін бір шаңырақ астында ұйытып, бірлігін нығайту бағытында толайым тірліктер атқарып келеді. Техника ғылымдарының кандидаты, профессор, қауымдастық мүшесі Илья Хе, белсенді жас Александр Мун және жоғары оқу орындарының оқытушылары тақырып аясында әңгіме тиегін ағытты. Олар 1939 жылғы депортация салдарынан Қазақстанға 96 мыңнан аса корей күштеп көшірілгенін, көпшілігі Қарағанды, Қызылорда, Талдықорған, Түркістан облыстарына қоныстанғанын айтты. Бұл орайда, жол азабын көріп жеткен корейлерді сол кезде қазақ халқы кең құшақпен қарсы алғаны жайында айтып, ризашылығын білдіруді де ұмытқан жоқ. Қаншама қайғы-қасірет пен қуғын-сүргінді басынан өткерген халқымыз тағдырлас корейлердің жанына батқан қиындығын тереңінен түсініп, ыстық ықыласын көрсетті. Сол уақыттан бері олардың ұрпақтары қазақ топырағында өсіп-өніп, қазақ елі мен жеріне адал қызмет етіп келеді. Саны аз болғанымен, корейлер ұлттық болмысын сақтап, мәдени орталықтар арқылы өздерінің ұлт ретіндегі ерекшеліктерін қастерлей білетін халық. Елбасы өз Жолдауында бұл туралы «Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды», – деп айтқан болатын. Ауқымды шарада корей халқының Қазақстанда қызмет көрсеткен ұлттық ансамблі туралы да айтылды. Қатысушылар тарихтың тереңіне бойлады. 1920-1950 жылдары тұрғындарды күштеп көшіру сталиндік қуғын-сүргіннің азабы көп халықты өз Отанынан айырды. Тарихи деректерге жүгінсек, жалпы КСРО-да депортацияға ұшырағандардың саны 1920 жылдан 1949 жылға дейін 3,2 миллион адамға жеткен екен. Миллиондаған шаруа ұжымдастыру жылдарында аштан қырылды. Жаппай ату жазасына ұшырады және лагерь қапастарына қамалды. Ал Қазақстандағы байларды тәркілеу барысында шамамен 5500 отбасы сыртқа көшірілген. Қазақстанға күштеп қоныс аударылғандардың қатарында 1936 жылы КСРО-ның құпия қаулыларының негізінде неміс, поляк, украин, беларусь және басқа республикалардан арнайы қоныс аударылғандардың жалпы саны 360 мыңға жеткен екен. Тоталитарлық тәртіптің құрсауына алғашқылардың бірі болып қиыршығыстық корейлер іліккен. Қазақстанда 70 корей ұжымшары Қызылорда, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Түркістан облыстарында орналасып, ауыл шаруашылығымен, балық кәсіпшілігімен айналысқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында фашистік Германия басып алған аумақтар азат етілген сайын сол жерлердегі халықтарды депортациялау ісі де жалғаса берді. Екінші дүниежүзілік соғыстың дауылынан Қазақстан аумағына көшіп келушілер тасқыны шұғыл артты. Қазақстанға елдің батыс бөлігінен 536 мың адам көшіп келді. Майданда 410 мың қазақстандық жауынгердің мерт болуы мен 125 мың адамның хабар-ошарсыз кетуі, концлагерьлерде азаппен көз жұмуы сияқты соғыстың әкелген зардабы орасан зор болды. Мыңдаған отбасылардың шаңырағы ортасына түсіп, балалары жетім қалды. КСРО-ның бірінші басшысы Сталин қайтыс болғаннан кейін 1954-1956 жылдары заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған халықтар, таптар және басқа кеңес азаматтарын ақтау басталды. Жалпы, жер аударылған кәрістер тек қана адал еңбектің арқасында тірі қалып, болашақтан үміт күтуге болатынын нақты түсінді. Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қатынас еліміз тәуелсіздігін алған соң 1992 жылы орнады. Сол жылы Оңтүстік Корея Алматы қаласында өзінің елшілігін ашты, ал 1996 жылы Қазақстан өз елшілігін Сеул қаласында ашты. Содан бері екі елдің арасындағы қарым-қатынас барлық салаларда қарқынды дамып келеді. Бүгінде корейлердің қазақ елін өзімнің туған Отаным деп санайтын бір емес, бірнеше ұрпағы өсіп-өнуде. Кәрістер қиын-қыстау заманда қазақ халқының құшақ жая қарсы алғанын ешқашан да естен шығармайтынын ерекше ықыласпен айтты. Жиын соңында облыстағы «Коре» кәрістер қауымдастығының президенті Л. Кан атқарылған жұмыстар бойынша қорытынды есеп берді. Ғалиябану ҮСЕНОВА, журналист.

Тараз қаласы.