Қоғам

Нашақорлыққа қарсы күрес толастамайды

Нашақорлыққа қарсы күрес толастамайды

  Ерғали Қартайған Қазақстан құқық қорғау органдары жыл сайын жабайы есірткі өсімдіктері пісіп жетілетін маусым-қараша айлары аралығында «Көкнәр» жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырады. Бұл шараның басты мақсаты – тұрғындар арасындағы есірткіге тәуелділікті азайту үшін заңсыз айналымдағы есірткі өнімдерін жою. Ұдайы жүргізілетін «Көкнәр» операциясы өзінің тиімділігін дәлелдеп, нәтижесін беруде. Былтыр 26 маусымда нашақорлық және есірткінің заңсыз айналымымен күрестің халықаралық күніне 30 жыл толды. 1987 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ-ның Бас ассамблеясына мүше мемлекеттердің есірткіден азат халықаралық қоғам құру жөніндегі алған міндеттерін орындау мақсатында 26 маусымды Халықаралық нашақорлықпен күрес күні ретінде атап өту жөнінде шешім қабылданған болатын. Нашақорлық – барлық халыққа ортақ әлеуметтік проблема. Жер бетіне миллиондаған өмірлерді жалмайтын наркомания – әлемдік трагедия. Нашақордың жолына түскен жастар біртіндеп адамгершілік қасиеттерінен айырылады, психикалық тұрғыдан өзгереді, айналасындағы достарын, кейін отбасын жоғалтады. Мұны барлығы біледі. Сондықтан нашақорлыққа қарсы күреске, оны таратуға бүкіл адамзат жұмылуда. Қазақстанда да есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілікті арттыратын, бұл қылмысқа барғандарға өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін жаза қолдануға мүмкіндік беретін заң қабылданған. Наркобизнеске қатысы бар қылмыскерді өмірлік бас бостандығынан айыру үкімі бірқатар Азия мемлекеттерінде бұрыннан бар. Иран сияқты кейбір мұсылман елдерінде есірткі сатқандарды өлім жазасына кеседі. Бүгінгі таңда Қазақстанда есірткі пайдаланушылар мен таралушыларға қатысты жағдай кәмелетке толмағандар, балалар мен жасөспірімдер үшін өте қауіпті болып тұр, олар қазіргі заманның осы әлеуметтік дертіне өте тез шалдығады. Ерте ме, кеш пе, бірақ әрбір нашақордың осы шырмаудан бір ғана шығар жолы бар – мезгілінен бұрын, болмай қалмайтын өлім, шамадан тыс дозадан өзін-өзі жою немесе өзіне-өзі қол салу. Есірткіге тәуелді тұлғаларда жұқпалы аурулар есірткі тұтынбайтындарға қарағанда, жиі кездеседі. Есірткіні көк тамыр ішінен тұтынатын есірткіге тәуелді адамдар мен олардың жыныстық серіктері үшін ЖҚТБ-ны жұқтыру қаупі жоғары болады. Қазіргі кезде есірткі пайдаланушылар тобының үлесі жылдан-жылға артуда. Есірткі бизнесінің қауіптілігі осында. Қазіргі кезде республиканың оңтүстік облыстарында есірткіге қарсы күрес қызу жүріп жатыр. Жұмыстары нәтижесіз емес. ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат де­партаментінің директоры Алмас Садубаевтың мәлімдеуінше, Қазақстанда жыл сайын есірткіге қатысты қылмыстардың 85 пайызы ашылады. Бұл қылмыстардың басым үлесі – 2 мың қылмыстық іс есірткі таратуға қатысты қозғалады. Мысалы, өткен жылы – 2 159, биылғы 4 айда 839 қылмыстық іс қозғалған. Есірткі таратушылар көбінесе ірі қалаларда ұсталады. Өткен жылы Астанада – 153, Алматыда 259 қылмыс тіркеліпті. Марихуана, гашиш есірткілері негізінен еліміздің Жамбыл, Қызылорда облыстарында дайындалғанымен, барлық өңірге таралады. Гашиш, марихуана сияқты есірткі түрлері жасалатын қарасора өсімдігі Шу алқабында өсетінін барлығы біледі. Былтыр 12,3 гектар алқапта өсіп тұрған 91 қарасора плантациясынан алынған 102 тонна (одан 20,5 тонна марихуана алуға болады) өсімдік өртелген. Сарапшылардың айтуынша, бұл 25 млн. атым есірткі екен, ал ақшаға шаққанда оның құны 45 млн. АҚШ долларын құрайды. Елді мекендерден 100-150 шақырым қашықтықтағы құмның ішінде өсетін есірткі плантациясын табу қиын. Есірткі алатын қарасораны 3-4 метрлік сексеуілдің ішіне жасырып, 20 сотыққа дейін егуге болады екен. Мұндай плантацияларды полиция тікұшаққа мініп, спутник немесе дрон арқылы төбеден бақылайды. Есірткіні жаз айларында жинап, жерге көміп кетеді де қыста келіп алады. Сондықтан аса ірі көлемде «шөп» жинайтындар кейінірек ұсталады. Есірткіге қарсы күрес жазғы уақытта ғана емес, қыста да тоқтамайды. Қаңтардың 31 күні түн ауған кезде полиция қызметкерлері Тараз – Шымкент жолында Шақпақ-Ата ауылы маңында «Тойота Камри» автокөлігін тоқтатқан. Көліктің иесі 32 жастағы қызылордалық және оның қасындағы астаналық целлофанға оралған 69 қапшыққа салған 30 келі марихуананы Астанаға апара жатқан жерінде ұсталды. Шу ауданында 11 қаңтар күні 4 қапқа салынған 21 келі марихуанамен жергілікті тұрғын ұсталды. Бұлар аса ірі көлемде есірткі сатумен айналысқан қылмыскерлер ретінде сотталды. ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровтың мәлімдеуінше, өткен жылы облысымыздың аумағында 19,6 тонна марихуана тәркіленген. «Жақында «Көкнар – 2018» шұғыл-профилактикалық шаралары барысында Меркі ауданы құмды аймағының 23-шақырымында облыстық ІІД Есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері 38 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ұсталған азаматтан үш қап – барлығы 38,8 келі марихуана тәркіленді», – деп хабарлады полиция. Облыстық наркобизнеспен күрес басқармасының қызметкерлері «Дельта-Долина» тобымен және Шу аудандық ІІБ учаскелік инспекторымен бірлесіп жүргізген жедел шара барысында Белбасар ауылының маңында Қордай ауданы Қайнар ауылының 21 жастағы тұрғынын ұстаған. Оның қабынан 10 келі 550 грамм кептірілген марихуана табылған. Бұлар осы жақта дайындалған марихуананы полицияның көзіне түспей алып шығатын болса, солтүстік өңірлерге қарай жібереді. Бірақ басқа өңірлерде де республикалық «Көкнар» операциясы жүріп жатыр ғой. Бұл жақтан ұсталмаса, сол жақтан ұсталады. Жастар есірткіні түнгі клубтарда, басқа да көңіл көтеру орындарында көп қолданатыны белгілі. Тамыздың 17-19 күндері жамбылдық полицейлер Есірткіге қарсы күрес басқармасының, жергілікті полиция, әкімшілік, үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен Тараз қаласындағы көңіл көтеру орындарына түнгі рейд ұйымдастырған болатын. Көңіл көтеру орындарының 22-іне бас сұққан тәртіп сақшылары 31 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Солардың екеуі қоғамдық орында марихуана шегу бойынша тіркелген. «Алигатор» кафесінде марихуана шеккен 26 жастағы қыз Қылмыстық кодекстің 296-бабымен, кафенің иесі әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ «Бекзат» кафесінде екі тараздық марихуана шегіп отырған жерінде ұсталған. Есірткіні арнайы делдалдар арқылы сатып алу да қазіргі кезде өте оңай болды. Әрине, есірткі диллері есірткіні кез келген адамға көшеде жүріп сата салмайды. Ол үшін наркодиллердің «апанын» тауып, есірткі сатушы жақсы танитын адамнан келгенін айтуың керек, «парольді» білу керек. Сонда ғана оның сеніміне кіріп, есірткіні сатып алуға болады. Есірткінің қолдан-қолға өтуі адам аз жүретін көшелерде жүзеге асырылуы мүмкін. Кейбір кездерде есірткіні тапсырыс берген адамның көлігіне жанамалап тоқтаған көліктен береді. Шабарманның рөлін көп жағдайда әйелдер, тіпті жасы келген әжелер де атқарады. Не сатып жүргендерін олардың өздері де білмеуі мүмкін, бірақ үкім шығарған кезде сот оған қарамайды. Осылайша, көптеген адам есірткіге бой алдырған немесе сонымен айналысатын адамдардың кесірінен арандап қалып жатыр. Қазіргі таңдағы жаңа қылмыстық кодексінде есірткіге қатысты 11 тарауда толық қамтылған, ол 8 баптан тұрады, яғни 296, 297, 298, 299, 300, 301, 302, 303-баптарында толық көрсетілген. Жаңа қылмыстық кодекстің есірткіге қатысты осыншама көп баптан тұруының басты себебі, аталған дерттің біздің мемлекетімізге қауіп төндіріп отырғанын көрсетеді. Есірткіге қарсы күресті күшейтудің басты міндеті нашақорлыққа қарсы насихатты күшейту деп санаймын, есірткі бизнесіне қарсы күресте ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты кеңейту керек.