Білім

АСТАНА –ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМНІҢ ОРДАСЫ

АСТАНА –ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМНІҢ ОРДАСЫ

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1997 жылғы 20 қазанда «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» жарлық шығарды. Осы құжатқа сай Ақмола Қазақстанның астанасы құқығына 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап ие болды. 1998 жылдың 6 мамырында Президент Н.Ә.Назарбаев «Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы болып өзгертілгені туралы» жарлыққа қол қойды. Осы 20 жыл ішінде Астана қаласы тек сәулетті ғана емес, ол Мәңгілік Ел болашағы қаласына айналды. Бұл құбылыс жас мемлекетіміздің жасампаздықка ұмтылысының, бүкіл қоғамымыздың жаңаруының ерекше символына айналған кұбылыс болды деуге болады. Осы тұрғыда, мемлекет және қоғам қайраткері М.Жолдасбеков ағамыз: «Жаңа астана ұмыт бола жаздаған ата тарихымызды жаңғыртуда. Күлтегін жазуының жеткізілуі, қаланың іргесінен мыңжылдық шежіресі бар Ақжол кентінің ашылуы рухымызды бір серпілтіп тастаса, дала даналары Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге, Кенесары ханға, Абайға орнатылған ескерткіштер жүгенсіздіктен мәңгүрттене жаздаған санамызды тазартуға тартқан асыл қазынадай көрінеді» – деп, астананың қазақстандықтар санасының жаңғыруына әсерінің маңызын көрсетті. Астана қаласының тарихы мен өсіп өркендеуі тікелей елімізде болып жатқан саяси, экономикалық, мәдени, білім мен ғылым салаларындағы өзгерістермен тікелей байланысты. Елордамыз Астанадағы 13-тен аса ЖОО кәсіби білікті, бәсекеге лайықты мамандар даярлауды мақсат етіп отыр. Астананың қалыптасуы мен өсіп-өркендеуін тікелей еліміздің тәуелсіздік алған жылдарынан бөліп қарастыруға болмайды. Сол тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанның білім мен ғылым салаларында ҚР Конституциясына негізделген нормативті құжаттар қабылданып, соның негізінде білім беру жүйесінде қарқынды реформалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда «Білім» Заңы 2007 жылы қабылданды. 2011 жылдан толықтырулар мен өзгерістер енгізілуде. – бағдарламаның мақсаттары – мектепке дейінгі сапалы тәрбие мен оқытуға тең қол жеткізуді қамтамасыз ету; – сапалы орта білім беруге тең қол жеткізуді қамтамасыз ету, зияткер, дене бітімі және рухани жағынан дамыған, табысты азаматты қалыптастыру; – техникалық және кәсіптік білім алу үшін жағдайлар жасау арқылы жастарды әлеуметтік-экономикалық интеграциялау; – экономика салаларын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар бәсекеге қабілетті кадрлармен қамтамасыз ету, білім беруді, ғылымды және инновацияларды интеграциялау; – ел экономикасының қарқынды әртараптануы және тұрақты дамуы үшін ғылымның нақты үлесін қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде мұғалімдерге жүктеліп отырған жауапкершілік арта түсті. Бұл білім берудің барлық деңгейлерінде оқытудың мүлдем жаңа сапасын жүзеге асыруды талап етеді. Қазіргі білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуде мұғалім аса маңызды стратегиялық рөл атқарады. Елімізде білім беру жүйесін жаңартудың қазіргі кезеңі жоғары педагогикалық білім беру маңызының артуымен сипатталады. Қазақстандағы білім беру реформаларының тиімділігі, ең алдымен мұғалім тұлғасына, педагог маман дайындау сапасына тәуелді болатыны белгілі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет... Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» – деп, білімнің жастардың өміріндегі ең негізгі құндылық екенін тағы да айқындады. Осыған орай, Елбасының сындарлы саясатын жүзеге асыру мақсатында Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің өнер және мәдениет факультеті білікті, бәсекеге қабілетті, шығармашыл, еңбек нарығында сұранысқа ие болашақ педагог мамандарды даярлау ісін үздіксіз жүргізуде. Қай қоғамда болсын қоғамға лайықты тұлғаны қалыптастыру мәселесі баршаны қызықтырып келген және бүгін де қызықтырып келеді. Бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру бүгінгі қоғамымыздың талабы ретінде өзекті мәселеге айналып отыр. Ал тұлға болмысын қалыптастыру мектептен, отбасынан бастау алары даусыз. Өйткені әрбір мектеп қоғамның кішкентай бір бөлігі болып табылатындықтан, қоғамды өркениеттілікке жеткізу ең алдымен әрбір білім беру мекемесі өмірді ұйымдастырудан басталуы тиіс. Кеше ғана 50 жылдан астам тарихы бар, оңтүстік өңірге педагог кадрлар даярлайтын Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Өскелең ұрпаққа адамгершілік рухани білім беру мен әлеуметтендірудегі заманауи тенденциялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында ғалымдар қазіргі рухани жаңғыру жағдайында өскелең ұрпақты әлеуметтендіру керектігін және білім беру жүйесінде рухани адамгершілік тәрбиесіне баса көңіл бөлу керектігі айтылды. Жалпы білім беру мекемелерінде жаңартылған білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Дегенмен оқушыға компьютерлік технология мен ағылшын тілін меңгерте отырып, рухани адамгершілік тәрбиесін беру мәселесі шет қалып бара жатқан жоқ па деген сұрақ туады. Осыдан келіп қоғамда болып жатқан жастар арасындағы суицид мәселесі, діни көзқарастың дұрыс қалыптаспауы, адамгершілік қасиеттердің жоғалып бара жатқаны, ажырасу фактілерінің үйреншікті құбылысқа айналып бара жатқандығы – бұл, әрине, біздің халқымызға жат құбылыс. Ұлттық болмысымызға тән тәрбиенің халықтық сипат алуы күшін жойып, қоғамдық пікір бойынша да ажырасу құбылысы проблемадан шығудың бір жолы ретінде қарастырылуымен байқалады. Нәтижеде, жалғызбасты аналар, толық емес отбасылары және т.б. типтері көбейіп барады. Бүгінгі отбасы тәрбиесіне тән тағы бір ерекшелік отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынас пен өзара мейірімділіктің жеткіліксіздігі. Ата-аналар күні бойы үйде болмағандықтан, бала тәрбиесі назардан тыс қалады, ата-ана мейірімі ақшалай, заттай, материалдық қамтамасыз етумен толықтырылуда. Осыған орай жастарды мүмкіндігінше жан-жақты дамытуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін молынан меңгеруге, отандық және әлемдік рухани қазыналардың, әдебиеттің терең мұраларын жете танып-білуге, ұлтымыздың рухани құндылықтарын барынша игеруге, имандылыққа, өнертапқыштыққа, жаңашылдыққа, шығармашылыққа, саламатты өмір салтына бейімделуге баулу міндеттері алдымызда тұр. Ұлы ғұлама әл-Фараби өзінің «Бақытқа жету жолында» деген еңбегінде «Тек бақытты адамдар ғана ұлы істер атқаруға қабілетті болады» деп айтқан болатын. Қазақ отбасы тәрбиесі бір шаңырақтың астында өмір сүретін бірнеше ұрпақтың өзара ынтымақтастығы негізінде ұйымдастырылатын тамаша ұрпақтар сабақтастығы арқылы жүзеге асырылып отырған. Оған мынадай мысал дәлел: «Өзінің маңдай терімен тапқан еңбек ақысын үшке бөліп отырған бір кісіден оның мән-жайын сұрағанда, ол: «бір бөлігін қарызыма берем, ал екінші бөлігін қарызға берем, үшінші бөлігі ғана өзімдікі» деп жауап берген екен. Бұл мысалдың астарында қазақ халқының тарихи дамуында қалыптасқан өмір салтының көрінісі жатыр. Үш ұрпақтың: «Ата-әке-бала» арасындағы қарым-қатынастың бір тұтастығы мен тәрбиелік өнеге сабақтастығы арқылы отбасы тәрбиесін тиімді түрде іске асуы сипатталып тұр. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Ең алдымен біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар: болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары» – деп, еліміздегі жастар, қыздар тәрбиесіне назар аудару керектігін басып айтқан еді. Қорыта айтар болсақ, күні кеше Астанада Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында Елбасымыздың даңқты шежіресіне тағзым және қазіргі ұрпақ үшін тарихтан тағылым алу екенін айтып, «Қазақстан – ол Ұлы Дала елі! Ол – түлеген Ұлы Дала елі. Біздің сүйікті Отанымыздың халықтық аты да дәл осы... Мен біздің жаңа Қазақстанның осындай бейнесінің әрбір қазақстандықтың ой-санасы мен жан дүниесінен орын табатынына, бүкіл әлемде мойындалатынына сенімдімін» деп атап көрсеткен-ді. Шын мәнінде, бұл сөз ел мен жеріміздің осы уақытқа дейін болмаған өркендеуіне қол жеткізудегі біздің күш-жігеріміз бен мүмкіндіктерімізге деген сенімімізді еселей түскендей болды.

Лескүл Ибраимова, п.ғ.к., доцент, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті өнер және мәдениет факультетінің деканы.