Білім

Өнімдерімізді тараздықтар да тұтынуда

Өнімдерімізді тараздықтар да тұтынуда

Бүгінде әлемді алаңдатып отырған мәселе – қоршаған ортаны ластанудан қорғау. Бұл тұрғыда қолға алынып жатқан «жасыл экономика» ұғымы қоғамымызға сіңісіп те үлгерді. Қай кезеңде болмасын үнемдеу, ысырап етпеу береке бастауы саналады. Бұл ретте ел байлығын еселейміз десек, бірінші кезекте мемлекетіміздің табиғи қорларын тиімді пайдаланып, баламалы энергия көздеріне мән беруіміз қажет. Сондықтан да ел экономикасын дамыту жолындағы игі шаралардың басты бір бағыты «жасыл» экономиканы жолға қою болып отыр. Осыған байланысты 2013 жылы Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Көп өтпей осынау тұжырымдаманы жүзеге асыру жолдары айқындалған болатын. Бұл бастама Елбасының дүйім жұртқа жол тартқан кезекті «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында да көрініс тапқаны-ды. Стратегия елдің «жасыл даму» жолына көшуіне негізделген экономиканың орнықты әрі тиімді моделін құрудың нақты бағдарын белгілеп берді. Сондай-ақ «жасыл» экономика халықтың өмір сүру деңгейі жоғары болатын, қазіргі және болашақ ұрпақтың мүддесіне, елдің қабылдаған халықаралық экологиялық міндеттемелеріне, ХХІ ғасырға арналған күн тәртібіне сәйкес табиғи қорлар ұқыпты әрі ұтымды пайдаланылатын экономика ретінде айқындалған болатын. Сондықтан да Елбасы елордамыз Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің тақырыбын «Болашақтың энергиясы» деп бекер таңдамаған. Осы арқылы энергияның қайта қалпына келетін көздерін, ресурстарды үнемдейтін технологияларды және қалдықтарды қайта өңдеуді кеңінен қолдануға негізделген «жасыл экономика» – орнықты дамудың жолы екенін көрсеткісі келген-ді. Бүгінде елімізде «жасыл экономиканы» дамытуға көбірек көңіл бөлінуде. Соның ішінде облысымыз – «жасыл экономиканы» дамытуды қолға алған өңірлердің бірі де бірегейі саналады. Жамбыл жерінде энергияның балама және қайта қалпына келетін көздерін пайдалану үлесінің жыл өткен сайын артқаны байқалуда. Оны облысымыз бен ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар да айғақтай түседі. Ауданымызда «Гидроэнергетикалық компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Меркі ГЭС-1» және «Меркі ГЭС-2» су электр стансалары электр энергиясын өндірумен айналысады. Жалпы серіктестікте 26 адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың орташа жалақылық табысы 98 252 теңгені құрайды. «Меркі ГЭС-1» су электр стансасы 1956 жылы, ал «Меркі ГЭС-2»-і 1965 жылы Орта Азиялық Ташкент институтының «Гидропроект» жобасы негізінде салынған болатын. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде шетелдік инвесторлар алып, оның жұмысын он жылдай жүргізген болды. 2007 жылдан бастап «Гидроэнергетикалық компания» ЖШС-і қарауына алып, аталған су электр стансаларының жұмысын жолға қоя алды. Бірінші стансаның қуаттылығы 0,62 МВт, ал екіншісінікі – 1,2 МВт-ты құрайды. Қос су электр стансасы заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Өткен жылы «Меркі ГЭС-1» және «Меркі ГЭС-2» су электр стансалары 11 миллион 281,14 мың кВт электр энергиясын өндірсе, үстіміздегі жылдың 10 айында 8 миллион 940,42 мың кВт электр энергиясын өніріп отыр. Бүгінгі таңда орталық электр тарату желісі арқылы стансаның өндірген қуатын облысымыздың 125 абоненті пайдаланып, игілігін көруде. Оның ішінде 72 заңды тұлға, 53 жеке тұлға бар. Жамбыл электр стансасының тарифтерімен салыстырғанда «Гидроэнергетикалық компания» ЖШС-інің тарифі төмен. Бүгінгі таңда біз өндірген электр энергиясын Тараз қаласындағы заңды тұлғалар да пайдалануда.

Бедел МЫРЗАБАЕВ, Меркі су электр стансасының директоры.

Меркі ауданы.