Саясат

Діни төзімділік: сенім еркіндігі

Діни төзімділік: сенім еркіндігі

(Төртінші бөлім) Әлеуметтік өмір мен тарих сахынасында орын алған түрлі құбылыстарды интеллектуалды ақыл елегіне салып, сараптама жасаған кезде адамдардың Батыс әлемдік өмір салтынан шегініп, мұсылман Шығысына назар салып отырғанын көресіз. Мұсылман әлемі қашанда өзекті болған. Әсіресе, әлемде діни қатынас, діни негіздегі шиеленістер, діни төзімділік сияқты мәселелердің өзектілігі артып отырған уақытта исламдағы діни төзімділіктің, оның өзге сенім өкілдеріне деген ұстанымы мен саясатын ашықтай түсудің маңыздылығы арта түсті. Өткен бірнеше мақаламызда исламның өзге дін және мәдениет өкілдеріне болған қарым-қатынасын айқын көрсететін «Мединелік келісім» деклорациясы туралы айтқан едік. Біз мұнда пайғамбардың (с.ғ.с.) «бір мемлекет – бір қоғам» саясатын қалай ұстанып, жылдар бойы бір-бірімен қарсы соғысқан діндер мен тайпалардың басын бір араға қосып, жұмса жұдырық болатын берік мемлекеттің негізін қалай қалағанын көрдік. Мұхаммед (с.ғ.с.) шебер саясаткер, білікті дипломат болған. Ислам жер бетінде басқа да діндердің бар екендігін мойындайды. Адам – парасатты жан, ерікті. Сондықтан, оған өзі дұрыс деп тапқан дінін таңдауына құқық береді. Дін адамның еркіне қарсы міндеттелмеуі керек. Басқаша айтқанда адамның дінді жек көріп қабылдамағаны дұрыс. Құран және пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірі, оның басқа дін өкілдерімен жасасқан қарым-қатынасы бізге осыны айтады: «Дінде зорлық жоқ» (2: 256). Дін ислам бойында ұстамдылық, байсалдылық, сабырлық сияқты т.б. мақтаулы көркем мінезді адамдарды үнемі марапаттап жақсылыққа жігерлендіріп отырады: «Олар кеңшілікте, таршылықта Алла жолында мал сарып қылғандар. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді» (Әли Имран: 134). Сахабалар мұндай мінезді үнемі пайғамбардың (с.ғ.с.) бойынан көріп келген. Мысалы, бір күні дөрекі сөзді, қопал мінезді, мұсылман емес бір бәдауй пайғамбардан (с.ғ.с.) дүние сұрап келеді. Мұны біз Анас ибн Мәликтің риуаятынан көреміз: –Мен Алланың елшісімен (с.ғ.с.) бірге келе жатқан болатынмын. Оның үстінде қатты, қалын Нажранилық шапан бар еді. Бір кезде бізді бәдауй қуып жеті де, пайғамбардың (с.ғ.с.) жағасына жабысты, оның мойынын қатты қысқаны сонша, мен пайғамбардың мойынынан шапанның қып-қызыл ізін байқадым. Әлгі бәдауй пайғамбардың (с.ғ.с.) жағасынан қысып тұрып: –Ей, Мұхаммед! Сендегі Алланың мүлкінен маған да беруін әмір ет! – деді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) күлімдеп қарады да оған (мал) беруді бұйырды. (Бұхари, Мүслим). Келесі бір риуаятта мынадай хабар бар: Алла елшісінің (с.ғ.с.) қасында сахабалар тұрғанда мұсылман емес бір бәдауй келіп оны қатты тілдейді және киімінен тартып: –Ей, Мұхаммед (с.ғ.с.)! Маған дүние бер. Ол сенің меншігің емес немесе сенің әкеңдікі де емес (яғни әкеңнен саған мұра болып қалмады) – дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.) оған сұрағанын береді де: –Ей, бәдауй! Мен жақсы амал жасадым ба? – дейді. Бәдәуй: –Аллаға  қасам! Сен жақсылық жасаған жоқсын, дұрыс істемедің және саған Алланың марапаты да болмасын – деді. Бәдауйдің бұл сөзіне ашуланған Омар (р.а.) қылышын жалмаңдата орнынан ұшып тұрып: –Маған оны өлтіруіме әмір беріңіз, уа Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Сізге бұлай сөйлеп тұрған ол, нағыз мұнафық! – дейді. Сондай қатты сөзді естіседе жүзінен жылылық кетпеген Алланың елшісі (с.ғ.с.): – Омар! Ол екеуіміздің арамызда кірікпей тұра тұрғайсың. Уа, достым! Менімен жүр – деп әлгі бәдауйдің үйіне алып барып, оны тамақтандырады кейін, тағы сыйлық береді. Сосын: – Уа, бәдауй! Мен саған жақсы амал жасадым ба? – деп тағы сұрайды. Ол: – Сен жақсылық жасадың және дұрыс қылдың. Сондай-ақ,  саған және сенің ағайын-туысыңа Алланың марапаты болсын – дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.): –Сен сахабаралдың көзінше теріс амал жасадың, сөйтіп оларды ренжіттің. Енді олардың саған деген ашуын, мейірімділікке алмастыруың үшін менімен барып, осы сөзіңді солардың алдында жария қылып айт – дейді. Расында да мұнан соң әлгі дөрекі сөзді мұсылман емес даланың арабы пайғамбардың айтқанындай сахабаларға жақсы сөз айтып, олардың арасында достық қатынас орнайды. Мұхаммед (с.ғ.с.) тарапынан дер кезінде көрсетілген көркем мінез – ұстамдылық пен сабырлықтың арқасында мүшрик пен мұсылмандардың арасында достық қатынас, бейбіт өмір орнады. Енді ойымызды түйіндейтін болсақ, Ислам – мұсылман халықтарының асыл қасиеттері көрініс тапқан үлкен мәдениет. Адамгершілік пен толеранттылық құндылықтарын ту етіп ұстанған Ислам ерекшелігін білу өмір сұранысымен туындап отырған рухани қажеттілік. Қазіргі таңда зайырлы мемлекет үшін азаматтық бірігейлік басты белгі, осыған орай діннің де қоғамдық процестерге пәрменді ықпал ететін жүйе екені белгілі. Исламның қоғам өміріндегі орны мен маңызын мойындай отырып, қоғамның ішкі бірлігіне ноқсан келтіріп, ыдыратуға бағытталған тенденциялардың алдын алатын шараларды жүзеге асыруды естен шығармайық. Сол үшін қоғамда исламдағы адамгершілік негіздерін дұрыс түсіндіріп, мұндағы мейірім, бейбіт қарым-қатынас, достық, толеранттылық, туыстық қатынас, жетімге жәрдем деген сияқты рухани құндылықтар мен идеяларды өскелең ұрпаққа сабақтастықпен жеткізу, олардың мазмұнын БАҚ беттерінде жариялауға жағдай жасау – діни радикализмге, діни экстремизмге қарсы күрестің оңтайлы әдістерінің бірі.     Жалғас САДУАХАСҰЛЫ. Философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы.