Саясат

Исламдағы толеранттылық: ұғымы және мазмұны

Исламдағы толеранттылық: ұғымы және мазмұны

(Бірінші бөлім) Көптеген мәдениеттерде төзімділік (толерантность) латынның – tolerantia; ағлышынның – tolerantion; немістің – toleranze; француздың – tolerance сөздерінің синонимы ретінде қалыптасқан. Біздер осылардың баламасы ретінде «төзімділік» сөзін алып жүрміз. Жалпы энциклопедиялық сөздіктерде толерантность сөзін – шыдау деп берген яғни, басқалардың пікіріне, іс-әрекеті мен қимылына шыдамдылық таныту, сабырлық көрсету деген мағынаны білдіреді. Дегенмен, біз «толеранттылық» деп сөздең өзін қолданып жүрміз. Ал енді ислам мәдениетінде толеранттық сөзін – әт-тасамух сөзімен баламалайды. Әт-тасамух араб тілінде бірнеше мағынаны білдіреді. Мұның төзімділікке қатысты мағынасы: өзгенің пікіріне, іс-қимылына сабырлық таныту, оған кешіріммен қарай білу, ұстамдылық көрсету. Әт-тасамух сөзінің морфологиялық жасалу формасының өзі араб тілі білімінде бірнеше адамдардың арасында болатын іс-әрекетті білдіреді. Адамдар өзара жұмсақ мінезді, мейірімді, бір-біріне кешіріммен қарап, сабырлық танытулары керек деген сөз. Исламда төзімділіктің мән-мағынасын аша түсетін құндылықтардың әрбірінің мазмұны терең. Мәселен, сондай ұғымдрдың бастысы әрі негізгізгісі –сабырлық, ұстамдылық, төзімділік қасиеттері. Сабырлық адам бойындағы адамгершілік құндылықты құрайтын көркем сипаттардың бірі. Оның мынадай түрлері бар:

  1. Ислам бұйырған әмірлерге сабырлы болу;
  2. Ислам қайтарған әмірлерге сабырлық таныту;
  3. Алланың тағдырға жазған қайғы-қасіретіне сабырлы болу (Имам Ғазали).

Ислам тарихында «бабу әл-ильм» (ғылымның қақпасы) атанған ірі тұлға Әли Ибн Әбу Талибтің адамды сабырлыққа жігерлендіретін мынадай сөздері бар: «Өмірде сабырлық қасиетін, денедегі баспен теңеуге болады. Егер денеден басты айыратын болса, онда дене өледі. Сол сияқты өмірде сабырлық болмаса, іс-әрекет те бұзылады». Мұсылман дініндегі төзімділіктің маңызы мен орнын осы сөзден байғауға болады. Расында да адамның басы болмаса, адам өледі. Егер біздің бойымызда сабырлық болмай басқалардың пікірі мен ұстанымдарына төзімді бола білмесек, онда біздің қоғамдағы татулық пен ауызбіршіліктің берекесі кетеді. Қазақта «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» – деген жақсы сөз бар. Бұл сөздің төркіні Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) күйеу баласы, дәл осы Әли Ибн Әбу Толибке қатысты айтылған. Әли білімге терең, сөзге шешен болған адам. Оның мұсылман көркем әдебиетінде ойып түрып орын алған «Наһджу әл-Балаға» (Ділмарлық жолы) деген іргелі шығармасы бар. Осы еңбегінде ғалым сабырлық жайында: «Сабырлықтың екі түрі бар: әуелгісі, қаламайтын нәрсеңе сабырлық қылу; екінішісі, жақсы көретін нәрсеңе сабырлық ету». Сондай-ақ, келесі сөзінде: «Ғасыр дегеніміз екі күннен тұрады. Бір күні сенің пайдаңа болса, екінішісі сенің зияныңа болмақ. Сенің пайдаң үшін болған күні – шектен шықпағай, ал енді сенің зияныңа болған күнде – сабырлық қылғай», – деп айтқан. Исламдағы төзімділіктің мағынасын әлі де аша түсу мақсатында  пайғамбардың және оның көзін көрген сахабалардың өсиет сөздерінен бірер мысалдан келтірейік. Сағд ибн Мәлик пайғамбардың (с.ғ.с.) ұстамдылығы турасында мына хадисты баяндайды: «Ансарлықтардың кейбірі Алланың елшісінен (бір нәрсе) сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.) оларға сұрағанын береді. Кейін олар тағы сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.) сұрағандарын береді. Сөйтіп олар Алланың елшісіндегі сол затты тауысқанша сұрай береді. Пайғамбар (с.ғ.с.) қолындағы заты таусылған соң: – Менің қолымда бар жақсы нәрсені сендерден аяп, сақтамаймын. Кім мейірімді болуды сұраса, Алла оны мейірімді қылады. Кім байлық сұраса, Алла оған байлықты береді. Кім сабырлық танытса, Алла оған сабырды береді. Негізінде, сабырдан асқан кең әрі қайырлы нәрсені (Алладан басқа)  ешкім берген емес», – деп айтты» (Муслим). Пайғамбармен иық тіресіп жүрген, ислам тарихында өзіндік орны бар сахабалардың бірі Ибн Масғуд: «Иман екі жартыдан тұрады: біреуі – сабырлық; екіншісі – шүкірлік», – деп айтқан. Хадис пен насихат сөздерден байқағанымыздай Исламда төзімділік, сабырлық, шүкірлік пен ұстамдылық деген құндылықтардың мәртебесі жоғары. Міне, осы ұғымдар бірігіп, бүгінде біз айтып жүрген толеранттылық ұғымын құрайды. Бұл қасиеттердің әрбірі – исламдағы мақтаулы мінез. Сондықтан да мұндай мінез ерекшелі дінді насихаттаған пайғамбарларға тән. Олардың бойында жоғарыда аталған көркем сипаттар болды. Ибраһим (Авраам), Мұса (Моисей), Иса (Иисус), Мұхаммед және есімдері белгілі т.б. пайғамбарлардың әрбірі көптеген сынақ пен өмір қиындықтарынан сүрінбей өтіп, жоқтық пен аштықты жеңіп өздерін басқалар үшін үлгі етті. Жер бетінде қандай қиын сынақ болса соны бірінші Алланың сүйікті құлдары, пайғамбарлары бастан кешірді. Демек, діни ұстанымы, сенімі, ділі мен тілі, мәдениеті мен тарихы, салты мен әдәт-ғұрпы алуан түрлі азаматтар бір ортадабас қосып өмір сүріп жатқан мына қоғамда адамның өз көршісіне, әріптесіне, қасындағы адамға жұмсақ мінезді болуы, мейірімділік танытуы, кешіріммен қарай білуі – өмір қажеттілігі. Бұл қажеттілік тек мұсылмандардан емес, осы қоғамды құрайтын басқа да барлық сенім, дін өкілдерінен талап етіледі. Бірақ, «адам толерантты болуы керек» немесе «сөз еркіндігі» деп өзге адамның дініне, сеніміне, намысына тиетін сөздерден де сақ болғанымыз жөн. Бұл ел бірлігіне, қоғамдағы тыныштыққа қауіп төндіреді. Сондықтан да адамның сенімі, ар-ожданы Ата Заңмен қорғалған. Дін – нәзік. Дінде қастерлі, қасиетті саналатын ұғымдар, жәдігерлер, рәсімдер бар. Мұндай қасиетті ұғымдарды, тұлғаларды келемеджеп сынамақ болған қоғамдарда (Франция, АҚШ және т.б.) орын алған жағдайлардың қайғылы аяқталғанына куә болдық. Ондай оқиғалардың зарарлы салдарын бір ғана мемлекет емес, бүкіл әлем көрді. Жарылыстар, адам өлімі, жер жерде көтеріліс, шерулер ұйымдастырылып жатты. Бұдан біз де сабақ алуға тиіспіз. Сол себепті БАҚ-да, ғаламтор желісінде дінге қатысты мәселеде дін қызметкерлеріне, мамандарға сөз берейік. Өзіміз білгірлікке салынып, қате сөйлеп, кез келген нәрсеге пәтуә бірмейік.         Жалғас САДУАХАСҰЛЫ. Философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы.