Саясат

Діни төзімділік: сенім еркіндігі

Діни төзімділік: сенім еркіндігі

(Үшінші бөлім) Мединеге қоныс аударған Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жас мемлекеттің іргесін қалады. Шаһардағы түрлі діндер мен тайпалардың басын қосатын «Мединелік келісім» құрды. Оның саяси маңызы мен ролі жайында бұдан бұрынғы мақалада толығырақ айтып өттік. Ендігі әңгімеміз  осы «Мединелік келісімнің» келесі тармағы:«Яһудилердің өз діндері, мұсылмандардың өз діні бар». Осы мәтіннен түрлі дін өкілдер арасында тұрақтылық пен келісімге апаратын жалғыз қатынас – төзімділік екені айқын көрінеді. Олардың барлығы бір қоғамның мүшелері болғанымен бұлардың әрбірі сенетін өз дінін еркін ұстанды, мәдени дәстүрлерін сақтады. Оларды мұсылман қоғамының басшысы өз қамқорлығына алды. Сол сияқты пайғамбардың (с.ғ.с.) және мұсылмандардың төзімділігін, бейбітшілдігін көрсететін Мединелік келісімнің тармақтарын әлі де келтіріп, талдай беруге болады, бірақ, бұлардың арасында арнайы тоқталуды қажет ететін бір тармақ бар: «Егер бейбітшілік жағдайға қауіп төндіретін тартыс немесе қақтығыс бола қалған жағдайда Аллаға және Оның елшісіне бару қажет»(Ислам ахлағы). Бұл заң мұсылман мемлекетінде өмір сүріп жатқан барлық халықтың жоғарғы басқарушы билікпен санасулары тиіс екендігін білдірді. Мемлекеттің бірлігі мен саяси тұрақтылыққа ықпал етуі мүмкін түрлі діндер мен тайпаларға қатысты мәселелерде жеке тайпа көсемдері шешім қабылдауға құқылы емес. Мұндай шешімдерді қабылдау мемлекет басшысына және өкілетті орғандарына тиесілі болды. Ал енді өзге дін өкілдерінің өздеріне ғана тиесілі немесе тайпа ішіндегі сұрақтарға қатысты мәселелерді өз көсемдері мен діндар адамдары шешіп отырды. Құранда:«(Мұхаммед ғ.с.) егер олар саған келсе, араларына үкім бер, немесе олардан жүз бұр», – деген әмір бар (5: 42). Осылайша пайғамбар (с.ғ.с.) әрбір дін иелеріне өздерінің ішкі мәселелерін кітаптарына сәйкес шешіп отыруларына рұқсат берген. Бірақ, олардың бұл мәселелері келісімдегі шарттарға және мемлекет азаматтарының бейбіт өмірі мен тыныштығына теріс болмауы шарт. Себебі, пайғамбар (с.ғ.с.) қоғамдағы бейбіт өмірді, кесімім мен тұрақтылықты  бірінші кезекке қойған еді. Расында да Медине шаһарында түрлі ұлт пен ұлыстар бірге тату тұрып, өз діндерін еркін ұстанды. Мысалы, Мединедегі яһудилердің өз дінін үйрететін «Байт әл-Мидрас» атты мектептері болды. Олар мұнда келіп қасиетті кітаптары Тораны оқып, оны түсіндіріп, құлшылықтарын жасайтын. Тарих беттерінде пайғамбардың (с.ғ.с.) өзге сенім өкілдеріне көрсететін парасатты қарым-қатынасы жайында оқиғалар көптеп кездеседі.  Мұсылман мемлекетінде сол елдің заңын сақтап өмір сүрген өзге дін өкілдері адамның барлық құқықтарына ие болды. Олар дін және сенім бостандығына ие болды, жеке мүліктерін қалағанындай жаратып, өздерінің қалауы бойынша соттарын сайлауға, әскер борышынан басатылып және соғыс барысында мұсылман әскерінің қорғауына кіруіне құқылы еді. Пайғамбардың дін аралық төзімділігіне келесі бір мысал: бір күні Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) Наджран қаласынан алпыс адамнан тұратын христан делегациясы келеді. Ол бұларды мешітте қарсы алады. Құлшылық уақыты келгенде христандар шығысқа қарап, құлшылыққа кіріседі. Мұны көрген пайғамбар (с.ғ.с.) мұсылмандарға бұлардың бағытын өзгертуге немесе оларға қарсы әрекет жасамауға бұйырған. Ислам тарихындағы осындай жағдайларды негізге алар болсақ, дін исламның басқа сенім өкілдеріне қаншалықты құрмет қылғанын көреміз. Адамдар дініне, тілімен нәсіліне қарап бірін-бірі алалап, топтарға бөлінетін болса, ол мемлекеттің келешегі жоқ деген сөз. Ал енді керісінше олар біріксе, онда қоғам тұрақты, мемлекет құдіретті болады. Мұндай мемлекетті сырттан келген жау ала алмайды. Міне, осы ұстанымды жақсы білген Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) исламды мейірім мен бейбітшілікті насихаттайтын дін ретінде танытып, қасындағы әлсіз, шағын тайпалардың дініне, дәстүріне қарап бөлмей «бір мемлекет, бір тағдыр» саясатына сәйкес оларды өз қамқорлығына алды. Сөйтіп діни төзімділіктің жоғарғы үлгісін көрсете білді. Бүгінде біз діннің даусыз, біріктірудің, интеграциялық процестердің күшті факторы екеніне көзіміз жетіп отыр. Ол үшін біз де діндердің қайшылықтары емес, керісінше ортақ белгілері мен принциптерін, ортақ негіздері мен құндылықтарын зерделеп, дініміз жайында көбірек білуге ынталы болғанымыз мақұл. Ол үшін дәстүрлі дініміз туралы ақпаратты кез келген жерден емес, сенімді дерек көздерден, отандық білімді мамандардан  алуға кеңес берер едім.   Жалғас САДУАХАСҰЛЫ. Философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы.