Экономика

«7-20-25» – әр отбасы үшін жаңа мүмкіндік

«7-20-25» – әр отбасы үшін жаңа мүмкіндік

Елімізде тәуелсіздік алған күннен бастап халықтың әл-ауқаты мен игілігін көтеруге бірінші кезектегі маңызды мәселе ретінде назар аударылумен келеді. Бүгінгі күнге дейін сан салада жүргізілген реформалар өз жемісін де беруде. Солардың бірі – қазақстандықтарды баспаналы ету мәселесі екені белгілі. Мемлекет басшысы өзінің «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде әрбір отбасының тұрғын үй алуының жаңа мүмкіндіктері де қарастырылып, бұл ретте қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етудің жаңа «7-20-25» бағдарламасы ұсынылған болатын. Бұл ипотекалық несиесінің жылдық мөлшері 7 пайыздан аспайтын, бастапқы жарнасы 20 пайызға, мерзімі 25 жылға белгіленген жаңа шын мәніндегі халықтық бағдарламаға айналып отыр. Оны жүзеге асыру үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тарататын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша берілетін жаңа ипотекалық несиелерді сатып алуды бастауға тиіс. Бұл іс тұрғын үй құрылысына да зор серпін береді. Нәтижесінде миллиондаған қазақстандық үшін баспана алу мейлінше қолжетімді бола түспек. Осыған байланысты Тараз қалалық әкімдігінің мәжіліс залында қала тұрғындарын «7-20-25» бағдарламасына кең ауқымда қатысуға шақыру жөнінде жиын өтті. Оны Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Евгений Шарыгин ашып, сөзді ҚР «Баспана» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы оңтүстік өңірі бойынша өкілі Қасымбек Маликовқа берді. – Біз Елбасының қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі «7-20-25» бағдарламасын түсіндіріп, насихаттап қана қоймай, бұл жұмыстың өңірдегі жүзеге асырылу ісін жандандырсақ деген мақсатпен келдік. Өйткені бұл бағдарлама сіздердің облыстарыңызда баяу жүруде. Бұл көрсеткіш бойынша Жамбыл облысы республикада 13-орында тұр. Қазір сіздермен екінші деңгейдегі 7 банк жұмыс істеуге дайын. Осы мақсатқа Үкімет қорынан қомақты қаржы бөлініп отыр. Ол қаржы «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруға ғана пайдаланылады. Қазір осы бағдарлама бойынша қала тұрғындарының бар болғаны 58-інен ғана өтініш түскен. Оның бүгінде 38-і мақұлданып отыр. Ал «Астана» мен «Арай» шағын аудандарында жаңадан соғылған 116 пәтер иелерін күтуде. Осы пәтердің барлығы несиеге бағдарлама аясында беріледі. Сондай-ақ алдағы уақытта №15-шағын ауданнан тағы да 400 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Сондықтан да осы мүмкіндікті пайдаланып, жамбылдықтардың бағдарлама аясында несие алып үйлі болуға асыққандары жөн, – деді Қасымбек Бақытұлы. Жиын барысында қала тұрғындары көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты. Қойылған сұрақтарға Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Евгений Шарыгин мен «Баспана» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамының оңтүстік өңір бойынша өкілі Қасымбек Маликов жан-жақты жауап берді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ