Қоғам

Бала құқығы – адам құқығы

Бала құқығы – адам құқығы

Елімізде «Бала құқығы – адам құқығы» атты республикалық онкүндік басталды. Аталған шараға Білім және ғылым министрлігінің өзі ұйытқы болып отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов пен облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция полковнигі Қуанышбек Қалжанов айтты. Қазіргідей нарықтық қатынастар кезеңі, күн сайын құбылған заман ересектердің ғана емес, жасөспірімдердің де құқықтық мәдениеті жоғары болғанын талап етуде. Ата-аналар мен мұғалімдер де БҰҰ Конвенциясының негізгі ережелерінде бала құқығы туралы не жазылғанын білуі тиіс. Жалпы, кез келген жеткіншек сапалы білім алып, медициналық қызметті пайдалануға, қоғамдық өмірге араласуға, қауіпсіз ортада өмір сүріп, әртүрлі салада өздерінің құқықтарын пайдалана алуы керек. Брифингте республикалық «Бала-құқығы – адам құқығы» атты онкүндіктің мәні мен мақсатын түсіндіріп берген спикерлер осыған тоқталды. Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында: «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек», – деп атап көрсетіп, 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны мәлім. Ал өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және олардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздеуінің түпкі мәні де осында. Құқығы қорғалатынын білген жас биік белестерге ұмтылатыны анық. Осы он күннің ішінде барлық аудандар мен Тараз қаласында құқықтық білім күні, жалпы мектепішілік ата-аналар жиналысы, қоғамдық қабылдаулар, балалар мен жастар қоғамдық бірлестіктері көшбасыларының слеті өткізіледі. Сондай-ақ семинарлар, дөңгелек үстелдер, қайырымдылық акциялары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың басшыларымен, мәслихат депутаттарымен кездесулер, ата-аналар, ҮЕҰ, балалар үйлерінің, интернаттық мекемелердің тәрбиенушілерінің, еріктілер топтары мүшелерінің қатысуымен кең көлемді іс-шаралар ұйымдастырылу жоспарланған. Бүгінде облысымызда 18 жасқа дейінгі 419965 бала бар. Олардың 1448-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. Бір қуанатыны, Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері соңғы үш жылда 156 баладан 83-ке кеміген. Сондықтан қазіргі кезде балалар үйі мен «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» біріктіріліп отыр. Оның орнына «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» құрылған. Ал осы мемлекет қамқорлығына зәру жастар, нақты айтсақ 2015-2018 жылдар аралығында кезекте тұрған 300-і мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспаналы болған.

Камила БОРАШОВА