Әлеумет

Менің қимас мекенім

Менің қимас мекенім

Немесе журналист болудың қызығы мен «шыжығы»

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетінің бесінші курсында оқып жүрген кезімде ойламаған жерден белгілі бір себептерге байланысты оқудан шығып қалдым. Бұл күтпеген жәй маған ауыр тиді. «Промстрой» деп аталатын құрылыс басқармасына бетоншы – тас қалаушы болып жұмысқа орналастым.

Бұрын-соңды мұндай ауыр жұмыс істеп көрмеген маған алғашқы айларда өте қиын болды. «Бес жыл оқып, диплом ала алмай қалдым-ау» деген өкінішті ойлар сәл де болса ұмытыла бастады. Арада жылжып бір жыл өткенде сүйген жарым Жүрсінді тауып, бас құрап, отау көтердік. Құрылыс басшылары да үш жылға жетер-жетпесте еткен еңбек, төккен терімді бағалап, «Жансая» шағын ауданынан, жаңа салынған, көпқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатынан үш бөлмелі пәтер берді. Осыдан бір жыл бұрын дүниеге келген тұңғышым Жанерке үшеуміз мәре-сәре болдық та қалдық. Әйткенмен, аяқтай алмай кеткен оқуды бітіріп, дипломды маман атану, яғни өз жүрегім қалаған журналистік кәсіпке ие болу арманым ойдан бір кетпей, алдан қол бұлғап шақырып тұрғандай болды да тұрды. Арманым мені алдамаған екен. 1979 жылы бітіре алмай кеткен оқуды араға үш жыл салып барып, бір жыл оқып аяқтап, туған елге кәсіби маман – журналист болып оралдым. Әрине, қызмет орнын табу оңай болған жоқ. Алғашқыда жұмыс іздеуді облыстық баспа және полиграфия ісі жөніндегі басқармасынан бастадым. Өйткені бізді қай қалада, қай ауданда қызмет орны бар екендігінен хабардар ететін осы мекеме еді. Басқарма басшысы кезекті еңбек демалысында болып шықты. Оның міндетін уақытша бас инженер Рысбек (тегін ұмытыппын) деген азамат атқарып отыр екен. Ол кісі мені тыңдап болысымен: «Қордай аудандық газеті бас редакторы орынбасары­ның орны бос тұр, сонда барғын» деді. Мен қалада өзімнің үйімнің барлығын, отбасы, балалы-шағалы екендігімді айтып, мүмкіндік болса, облыс орталығы Жамбыл қаласында қалдыруын өтіндім. – Онда бір ай мерзім беремін, осы уақыт ішінде өзің қызмет орныңды тауып алғын, – деп үлкен кеңшілік жасады. Сол жылдары облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімін Жиренше Боданов деген азамат басқаратын. Ол кісі мені жылы қабылдап, жағдайымды сұрап болысымен біреуге телефон шалып, мен туралы айта бастады. Сәлден соң телефон тұтқасын орнына қойып, маған бұрылды да: -Облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінің редакторы Баттал Жаңабаевпен сөйлестім. «Әзірше бос орын жоқ», – дейді. Маған хабарласып тұрғын, реті келіп жатса көмектесемін, інім, – деді де, орнынан тұрып, кабинетінен шығарып салды. Бірде қайын атам Сапарқұл Байұзақов түскі ас мәзірі үстінде: «Балам, жұмысың не болып жатыр, қызмет табылатын түрі бар ма?» деп сұрап қалды. Мен өзімнің кәсіби мамандығыма сай қызмет таба алмай жүргенімді айттым. Атам: «Түстен кейін екеуміз облыстық «Еңбек туы» газетінің редакторы Баттал Жаңабаевқа барып жолығып қайтайық. Мүмкін бір жұмыс табылып қалар», – деді. Мен осы жерде өзімнің облыстық партия комитетіне барып, Бодановқа Жаңабаевқа телефон шалдырғанымды жасырып, айтпай қалдым. Ондағы ойым: «мүмкін қайын атамды жақсы таныса бір жұмыс тауып берер» дегендік еді. Сонымен қайын атам екеуміз редактор Баттал Жаңабаевтың кабинетіндеміз. Бізді жылы шыраймен, жақсы ықыласпен орнынан тұрып қарсы алды. Хал-жағдай сұрап, амандық-саулықтан соң қайын атам мені таныстырды. – Мына жігіт менің туған күйеу балам болады. ҚазМУ-дың журналистика факультетін жақында бітіріп келді. Сізге де бөтен емес, Ойық ауылының тумасы, ініңіз болады, – деді. Баттал Жаңабаев: – Иә, бұл азаматтың түрі ма­ған таныс сияқты. Сен бұрын біздің газетте тәжірибеде болған жоқсың ба? – деп сұрады. Мен өзімнің төртінші курсты бітірген жазда 1978 жылы өндірістік тәжірибеден осы газетте өткендігімді айттым. – Жарайды, Сапекеңнің күйеу баласы, менің інім екенсің. Бізде дәл қазір бос орын жоқ еді. Қызметі өсіп, орнын ауыстырады ғой деген жігіттеріміз де бар. Олар басқа қызметке кетіп, орны босап жатса, түпкілікті қызметке аламын. Әзірше «стажер» есебінде, үш айға қызметке қабылдайын сені. Осы мерзім аралығында өзіңнің қаншалықты жазуға бейімің бар, соны бізге көрсетесің, – деді редактор. Кейін білдім, менің қайын атам кезінде облыстық деңгейде біраз жыл басшылық қызметте болған екен. Зейнетке шығар алдында «Еңбек туы» газетінде техникалық редактор болып, абыроймен жемісті еңбек етіпті. Сол себептен де болса керек, Баттал көкемнің облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісіне «бос орын жоқ» деп, ал қайын атамның өтінішін жерге қалдырмай мені қызметке қабылдағаны. «Бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді» деген емес пе. Бұйрық болып мен «Еңбек туы»-«Ақ жол» газетіне осылайша қызметке орналастым кезінде. Мен журналистік қызметімді газеттің өнеркәсіп, транспорт және құрылыс бөлімінен бастадым. Бөлім меңгерушім Жаңабай Миллионов болатын. Доқтырхан Тұрлыбек осы бөлімде аға тілші еді. Бірақ, жасырары жоқ, бөлімде үш адам болғанымызбен жұмыс жеңіл емес еді. Біздің бөлімге көп хат келмейтін. Өзіміз мекеме, ұйым, кәсіпорындардың бастықтарына, бас инженерлеріне, бөлім меңгерушілеріне телефон соғып, хат жолдап, мақала жазуын өтініп, әрең дегенде сұрап алатынбыз. Ал, хат қоржынымызға түскен мақалалардың 90 пайызға жуығы орыс тілінде жазылып келетін. Оны қазақшаға аударып, қайта дайындау ауылда оқып білім алған, жоғары оқу ордасында да негізінен өз тілімізде тәлім көрген маған өте ауыр тигенін жасыра алмаймын. 1985 жылы, жаз айында болу керек, Баттал Жаңабаевтың орнына Арғынбай Бекбосынов редактор болды. Осы жылдарда біраз кадрлық ауыс-түйіс те болды. Бұрыннан қызмет істеп келе жатқан тәжірибелі журналистер Доқтырхан Тұрлыбек Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы» газетіне, Болат Мәуленов телерадио комитетіне, Мұрат Сыздықов облыстық партия комитетіне сектор меңгерушілігіне, Толымбек Әлімбеков Красногор аудандық газетіне бас редакторлық қызметке ауысып кетті. Көп ұзамай бұлардың орнына Байзақ ауданынан Тұрсынхан Толқынбаев, Жамбыл ауданынан Болат Жаппаров, Мейрамбай Сатыбалдиев, Талас ауданынан Көсемәлі Сәттібайұлы қызметке келді. Жаңадан қызметке кіріскен бұл жігіттердің бәрі де аудандық газеттің тайқазанында әбден қайнаған, ысылып, мол тәжірибе жинаған қаламы жүйрік журналистер болып шықты. Бөлімдерде де кадрлық ауысулар орын алды. Менің бөлім меңгерушім ауылшаруашылығына, ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бақытяр Әбілдаев партия тұрмысына, ал осы бөлімнің меңгерушісі Қасықбай Асаубаев мен қызмет істейтін өнеркәсіп, транспорт бөліміне меңгеруші болды. Бірақ мен Қасықбай ағаммен бірге көп жұмыс істеген жоқпын. Бір-екі жыл өтпей басқа қызметке ауысып кетті. Бұдан соң біздің бөлімге Кеңес Рахметуллаев басшы болды. Кеңкең өте бір қарапайым жан еді. Оның ең бір жақсы қасиеті – үлкендермен де, кішілермен де тез тіл табыса білетіндігі еді. Мені көңілді кездерінде «күйеу бала» дейтін. Қалжыңы орынды, жарасымды болатын. Кеңес ағамен мен ол кісі зейнетке шыққанша 4-5 жыл қызметтес болдым. Жарықтық жақсы азамат еді. Мен кейін көз жанарымнан айырылып қалған кезде де телефон шалып, үйге келіп, хал-жағдайымды сұрап, көңілімді көтеріп кетуші еді. Кеңес Рахметуллаевтан соң өнеркәсіп бөлімін аз уақытта Рахметбек Өзбеков басқарып, кейін мәдениетке ауысып кетті. Рахаң өте талапшыл басшы еді. Тапсырманы көп беретін. Айтқанын уақытында орындаса балаша риза болып қуанып қалатын. Мені «жақсы журналиссің» деп мақтап қоятын. Өкініштісі сол, Рахметбек ағамыз өмірден тым ерте кетті. Бұдан соң мен еңбек ететін бөлімге Қыстаубай Байтуов жетекшілік етті. Бұл тұста біздің бөлім экономика болып аты өзгерген-ді. Қысташ ағамыз да бұл бөлімде ұзақ еңбек еткен жоқ. Бір жылдан кейін маған алтыншы бөлім меңгерушісі болып Тұрсынхан Толқынбаев келді. Тұрсекең өте бейнетқор, еңбеккеш болатын. Ол әсіресе, ауыл және мал шаруашылығы саласын өте жетік білетін. Сондықтан болар Тұрсекең өзі редакцияда еңбек еткен жылдары ауылшаруашылығы жөнінен проблемалық мақалаларды көп жазды. Арғынбай аға өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасына таман Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. «Ақ жол» газетінің тізгіні енді Әлдихан аға Қалдыбаевқа тиді. Әлағаң редакция қызметкерлері үшін әрине жаңа адам емес еді. Бас редакторлыққа дейін ұзақ жылдар осында жемісті еңбек етіп, редактордың бірінші орынбасарлығына дейінгі жолдан өткен, тәжірибесі өте бай, сақа журналист әрі үлкен жазушы болатын-ды. Алайда, мен Әлдихан Қалдыбаевпен он жылдан аса бірге қызметтес болғаныммен бас редакторлық қызметі кезінде аз уақыт қана еңбек еттім. 1993 жылы облыстық тіл басқармасына ауысып, үш жылдай бас маман болып қызмет істегенде де, 1996 жылдан 2000 жылға дейінгі аралықта темір жол саласында аудармашы болып еңбек еткенімде де өзімнің сүйікті газетімнен еш уақытта қол үзгенім жоқ. Қалам иесі болғандықтан хал-қадерімше жазғандарымды газетке ұсынып отырдым.

Әбділда СӘРСЕНБІ, журналист.

Тараз қаласы.