Ауылға жастарды көптеп тарту керек
Ауылға жастарды көптеп тарту керек
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов Т.Рысқұлов ауданы Қорағаты ауылдық округінде тұрғындармен қоғамдық қабылдау өткізді. Оған аудан әкімі Асқар Қырықбаев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанатбек Арыстанбеков, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Округтегі ақсақалдар алқасының төрағасы Рысқожа Нәжетханов ауыл тұрғындарының қыста әлі күнге көмір жағып отырғанын тілге тиек етіп, «Газ қашан жеткізіледі?» деген сауал қойды. Бұл сауалға аудан әкімі А.Қырықбаев жауап берді. Қорағатыға «көгілдір отын» жеткізудің жобалық-сметалық құжаты жасалып жатыр. Ол биыл жыл соңына дейін толық жасалып бітеді. Оған қаражат және мердігер қарастырылуда. Елді мекенге құбыр тарту келесі жылдың наурыз айында қолға алынады. Мердігер оны ауылдың жанына жеткізіп береді. Газ көшелер мен үйлерге тұрғындардың қаржысы есебінен кіргізіледі. Мердігер ол үшін әр үйден 620 000 теңге талап еткен. Алайда аудан басшыларының араласуымен ол ақша 400 000 теңгеге түсірілген. Ауыл тұрғыны Нұрлан Боранбаев Қорағатыдағы кеңестік кезеңде салынған, әбден ескіріп, тозған фельдшерлік-акушерлік пунктің (ФАП) апатты жағдайда тұрғанына алаңдаушылық білдірді. Асқар Санатұлы бұл мәселе назарда екенін айтты. Ауылда келесі жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынады. Округтегі бірқатар ауылдар ФАП-тан 20-25 шақырым қашықтықта орналасқан. Науқастарды осында жеткізу үшін жедел жәрдем көлігі қажет. Аудан басшысы бұл мәселені де оңтайлы шешу жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді. Мөлдір Бекқұлиева – Қорағаты орта мектебінің мұғалімі. Оның үй сатып алғысы келеді. Әйтсе де несиеге қол жеткізе алмай жүр екен. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерғазы Еспенов оған жеңілдікпен несие алудың жолдарын түсіндіріп берді. Қоғамдық қабылдауда болған жеке кәсіпкер Асылзат Сұлтанова несиеге мал алу үшін тиісті құжаттарын өткізгенін, алайда ол кешеуілдеп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Аудан әкімі бұл мақсатқа үстіміздегі жылы бөлінген қаржының жетпей қалғанын, ол келесі жылы берілетінін тілге тиек етті. Кітапханашы Нағима Мұханбетованың «7-20-25» бағдарламасы аясында пәтер алғысы келіп көкейіндегі сауалдарына жауап алды. Асқар Қырықбаев келесі жылы Құлан ауылында 280 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй салынатынын, қазір оның жобалық-сметалық құжаты жасалып жатқанын жеткізді. Оның 160 пәтері жоғарыдағы бағдарлама шеңберінде жастарға беріледі. Әлбетте, ол үшін әуелі тұрғын үй кезегіне тұру керек. Тиісті құжаттарды әзірлеп өткізу қажет. Сөйтіп сатып алу үшін алғашқы жарнаға 1,5 миллион теңге төленуі тиіс. Қаржының жартысы субсидияланады. Пәтер иесі қалған қарызды 25 жыл төлейді. Округтегі елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін үстіміздегі жылы 23 шақырым автомобиль жолы орта жөндеуден өткізілген. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов қазір көп жастардың қалаларда үйсіз, жұмыссыз, босқа сенделіп жүргеніне алаңдаушылық білдіріп, оларды ауылға тарту керектігіне тоқталды. «Ниет еткенге ауылда жұмыс табылады. Міне, округке үлкен өзгерістер енгізілуде. Автомобиль жолы жаңартылды. Келесі жылы «көгілдір отын» жеткізіліп, фельдшерлік- акушерлік пункт салынады. Егін және мал өсіру үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау, көмек аз емес. Ендеше, оларды тиімді пайдалану керек. Қазір шалғайдағы елді мекендерде де интернет желісі бар. Демек, үйде отырып жұмыс жасайтын уақыт келді», – деді ол. Елбасы келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Аудан басшысы осыған орай, жастарды ауылға тарту үшін жаңа жоба қолға алынып жатқанын айтты. Бүгінде «Шәушен» шаруа қожалығынан 2 000 бас саулықты сатып алып, ниет еткен жастарға несиеге беруге келісім жасалуда. Мал өсіруші келесі жылы несиеге алған қойлардың төлін қайтарады. Саулықтар өздерінде қалады. Малшыларға жайылым беріледі, Басқа да қолдау-көмектер көрсетіледі. Мұның өзі қой басын біраз жылда 10 000 басқа көбейтуге мүмкіндік береді. Қоғамдық қабылдауды Ерқанат Манжуов қорытындылап, мұндай игі істер алдағы уақытта да жүргізіле беретіндігін баса айтты.
Т. Рысқұлов ауданы.
Ақылжан Мамыт