- Advertisement -

Жастар нашақорлыққа неге әуес?

619

- Advertisement -

Жасыратыны жоқ, нашақорлыққа көбінесе жастар шалдығады, алайда бүгінгі күні ересектер арасында да ескірткіге әуестенетіндер көбейіп келеді. Жасөспірімдер арасындағы нашақорлыққа салынудың себептері неде?

Жастар арасындағы есірткіге әуестік көбінде білместіктен басталады. Жасөспірімдер қоршаған ортасының кері әсеріне иланғыш келеді. Өздері жас болғандықтан, қоршаған ортаның әр сипатты әрекетіне үлкен адамның ойына келмейтін жауап кайтарады. Өз іс-әрекетінің салдарын дұрыс болжамау, жеңілтектік, жан дүние, мінез-құлық пен дүниетанымның толық калыптаспағандығы, иланғыштық, еліктеушілік алғаш рет спирт ішімдіктері мен есірткінің дәмін көруді тудыратын себептер. Жасөспірімдер өздерінің ержүректігін, дербестігін танытуға болатын топтар мен ұйымдарға бірігеді. Олар үй жақта, би алаңдарында, мектепте де ұйымдасады және топ ішінде алғашқы «тексерістер» болып өтеді. Топтық психология, еліктеушілік, ермелік топ ішінде біреуі есірткі немесе шарап дәмін татқан болса, уақыт өткен соң топтың барлық мүшелері есірткі мен алкогольге әуестенуге соқтырады. Бұзақылар арасына түсудің де себептері көп. Бұл отбасындағы кикілжің де, ата-аналардың, мұғалімдердің бала бос уақытын калай өткізетініне назар аудармауы, тіпті баланың қолында артық ақшаның жүруі де болуы мүмкін. Кеш болысымен жиналатын жасөспірімдер ұялы телефоннан музыка тыңдап, бейне таспаларын көріп немесе көше кезіп уақыт өткізеді. Қазір спорт, музыка, өнер мектептерінде оқу қымбат, барлық ата-ананың қаржысы жете бермейді. Сөйтіп күндердің күнінде топқа бұрын есірткінің дәмін татқан «білгіш» қосылады. Бір ерекшелігі, нашақорлар басқаларды есірткіге әуестендіру әрекетін әдейі жасайды. Өйткені ол еңбек етуге дәрмені жоқ болғандықтан, есірткі сатып алуға қажетті ақша іздейді де жүреді. Нашақор қаражатты ұрлықпен табудан басқа амалын білмейді, ал ұрлық әрдайым жазасыз болмайды. Сондықтан ол ата-анасы ауқатты жасөспірімдерді есірткіге әуестендіруге, соның арқасында өзінің «қамын» ойлауды мақсат етеді. Нашақордың жасөспірімдер тобына қосылуының себебі де сол. Олар алдымен наша шегуді немесе ес ауыстыратын дәрі ішуді ұсынады. Еліктегіш жастар дәм тата бастайды. Олардың бірі қызық көруді қаласа, екіншісі басқалардан қалмауды, тағы бірі өзін ересек көрсетуге тырысуды, ендігі біреуі бар қиындықтан қашып, ләззат аламын дейді. Бара-бара жасөспірім нашақорға айналады.
Есірткінің ерекшелігі сол, адам оған бір-ақ рет дәмін татқаннан кейін әуес болып калады. Міне, адамдардың нашақор болу себептерінің бірі сонда жатыр. Танысы, бір рет дәмін татсаң немесе иіскесең, шексең есірткіге тәуелді болмайсың, қиындықтардың барлығын ұмытасың, ләззат аласың, жаның тыныштық табады деген арбау сөздерімен жаман жолға тартады. Ал әлеуметтік қиындықтардан, отбасындағы ұрыс-керістен, жұмыссыздықтан немесе қызметіндегі жанжалдан шаршаған азамат қиындықтан аз уақытқа болса да «қашып кетуді» ойлап, есірткінің дәмін татады да, нашақор санатына қосылғанын білмей қалады және мейлі ол тек марихуана шеккеннің өзінде жасы ұзаққа созылмайды. Марихуана шегетіндердің ең алдымен өкпесі қабынады, бронхит, одан әрі өкпе рагі дамиды да адам өлімге дайындалады. Соңғы кезде ғалымдар бұл есірткінің бауыр мен жүрекке де кері әсері бар екенін дәлелдеді. Ал оның миға кері әсерінің салдарынан адамның жады қабілеті нашарлап, ұмытшақ етеді.
Марихуана шегушілердің басқалармен қарым-қатынас жасауға құлқы болмайды. Есірткінің опиат тобындағы түрлерін қолдану нашақорлар арасындағы өлімнің және мүгедектің басты себебі болып табылады. Опиатты есірткілерді (морфин, героин, кодеин, метадон) және басқалары ең алдымен ине шаншу арқылы колданады. Сондықтан оларды қолдану кезінде ең қауіпті аурулар – АИТВ/ЖИТС, гепатит жұқтыру мүмкіндігі күрт жоғарылайды. Нашақорлардың көбісі осы үш аурумен ауырады. Гепатит, оған қоса есірткі заттармен улану бауырдың дистрофиясына алып келеді де, адам мүгедек болып қалады. Көкнәр шикізатын ацетон, бензол, толуол, уксус ангидриді секілді органикалық еріткіштермен өңдейтіндіктен, қолданылатын есірткіде олардың 5 пайызы қалады. Есірткі қанда қалады да, еріткіш заттар бауырды күйдіріп, сонда шөгеді. Әрине, нашақор оны байқамауы былай тұрсын, ол есірткімен уланған кезінде ауыртпалықты да сезбейді. Нашақор өзінің мүгедектігін тек екі жағдайда байқайды: өзі іріңдеп, шіри бастағанында немесе нашақорлықтан емделіп, есі орнына келген кезде. Органикалық еріткіштер мен уксустық ангидридтен тек қана бауыр емес жүрек, ми, өкпе де зардап шегеді. Жасөспірімдер арасында нашақорлыққа салынуға бейім жағдайларға ата-ананың баласын тәрбиелеуге уақытының болмауы, жасөспірімнің үйден тыс өмірін қадағаламауы, отбасы мүшелерінің бірі арақ-шарап ішуі немесе есірткі колдануы, әкесі мен шешесінің жиі жанжалдасуы, мектепте мұғалімдердің есірткі мәселелеріне көңіл бөлмеуі сынды себептерді айтуға болады. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізбеуі, достарының арасында нашақорлардың бар болуы, өзінен жасы үлкен достарының жетегінде жүруі, ішімдік пен есірткіге қол жеткізудің оңай болуы және әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендігі де нашақорлыққа бастап барар жолдардың бірі екенін айтуымыз керек.
Ал енді жастарды есірткіден қалай қорғап қалуға болады деген сауалға жауап беріп көрейік. Қазіргі жастар тез өсіп, дене бітімі тез жетіледі. Алайда олардың сана-сезімі мен дүниетанымы әлі де болса балалықтан асып кете алмайды. Біздің айналамызда еңгезердей балақайлар жиі кездеседі. 9-12 жасар балалар есірткіге сирек әуес болады. Оларды әуестендіру әдейі жасалған әрекет болмаса, бұл жастағылар темекі шегуді де мәртебе санайды. Тоғыз-он екі жасарлар үй жақта немесе мектепте арзан улы химикаттарды иіскеуі мүмкін. Сондықтан ата-ананың міндеті осы жастағы балаға көбірек көңіл бөліп, темекі, спирттік ішімдік және есірткінің зияны туралы жиі айтулары қажет. Аталмыш жастағы балалардың психикасы сезімтал болады, жасөспірімдер көргенін өмір бақи ұмытпайды. Мұндай жаста балаңызға аса көңіл аударыңыз, өйткені оның болашағы, келешекте дені сау азамат болып өсу мәселесі дәл сол кездері шешіледі.

Есен ОСПАНОВА,
Шу аудандық орталық ауруханасының «Болашақ» жастар денсаулық орталығының меңгерушісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support