- Advertisement -

Жаңа әліпбиге тіл заңдылығын сақтап көшкен жөн

83

- Advertisement -

Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйытқы болуымен «Жаңа қазақ әліпбиі: орфография және әдістеме мәселелері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған шараға есімі елімізге танымал ғалымдар қатысып, пікірлерін ортаға салды.

Ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жұртшылыққа түсіндіруде басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
Конференция жұмысын Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің латынға көшу жұмыстарын үйлестіру басқармасының бас сарапшысы Олжас Шынжігітов ашып берді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізінде республика көлемінде латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу мәселесі бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда бұл жұмыстарды ұлттық комиссия жан-жақты зерделеп, тиісті деңгейдегі іс-шараларды қолға алуда.
Таяуда Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан тұңғыш рет латын графикасымен ақпарат тарататын «Тіл қазына» газеті жарыққа шыға бастады. Тұсаукесер рәсімі өткен газет алдағы уақытта Ақпарат және коммуникация министрлігінде тіркеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл басылым ел көлемінде таралатын болады. Газет шығарудағы басты мақсат латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі төңірегінде бірегей пікір алмасу алаңын қалыптастыру болып отыр. Бұл жұмысқа бірнеше министрлік жұмылғаны баршаңызға аян. Жоғарыда айтқанымыздай, ҚР Үкіметінің жанынан құрылған ұлттық комиссия кейбір өзекті мәселелер мен жеке жұмыстарды талқылауға баса назар аударуда. Осы бағыттағы жұмыстарды ширату мақсатында мамандарды тарта отырып, терминологиялық, орфографиялық, техникалық және ақпараттық қолдау мақсатындағы жұмыс топтары іске кірісті.
Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асатыны баршаңызға мәлім. Баянды бастамаларды өз деңгейінде қолға алу үшін арнайы іс-шаралар жоспары да бекітілді, – деген ол алдағы көктемде бекітілуі тиіс жаңа қазақ әліпбиінің емле ережесі туралы да пікірін ортаға салды.
Бұған дейін жобасы жасалған жаңа қазақ әліпбиінің емле ережесі тоғыз тараудан тұратыны баршаға мәлім. Ғалымдардың айтуынша, емле-ереже мәселесіне келгенде сан түрлі пікірлер айтылып жатқан көрінеді. Ең бастысы, кірме сөздерге және төл сөздерге қатысты шаруаларды бір ретке келтіріп алу қажеттігі күн тәртібінен түспек емес. Өйткені әлемдегі ең әуезді тілдердің санатына жататын қазақ тілі – байлығымыз. Сондықтан да кірме сөздерді қазақ тілінің әуезділігіне сай айту, жазу керектігін ғалымдар ұдайы алға тартып келеді.
Түрлі пікірлер айтылған ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар көкейлеріне көп ой түйгені анық. Шара барысында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Ерден Қажыбек жаңа әліпбиге қатысты пікірімен бөлісті.
– Жалпы әліпби ауыстыру мәселесіне келгенде бірнеше нұсқаның ұсынылғаны мәлім. Ондаған, тіпті жүздеген нұсқа келіп түскені де жасырын емес. Әйткенмен бірінші, екінші, үшінші нұсқалар бір-біріне ұқсамайтындығымен ерекшеленген еді. Алғашқы әліпби жобаларына қарағанда соңғы нұсқаны ғалымдар да, жалпы халық та жылы қабылдаған болатын. Жаңа әліпби реформасын қолдау, туындаған жұмыстарды жұдырықтай жұмылып іске асыру мәселесіне келгенде тараздық азаматтар, ұстаздар қауымы аса зор ынтамен белсенділік танытқанын атап өткен жөн деп білемін.
Әлем елдерінің тәжірибесін алып қарасақ, әріптердің саны дыбыстардың санынан шамамен жиырма пайыз аз екен. Мәселен, неміс тілінде 42 дыбысқа 26 әріп, ағылшын тілінде 44 дыбысқа 26 әріп, француз тілінде 36 дыбысқа 26 әріп бар. Ал біз кириллицаға арқа сүйеу арқылы 42 әріппен жазып келдік. Осының өзі қазақ тіліне нұқсан келтіргені тайға таңба басқандай белгілі. Қазір енді 32 әріпті таңдап алып отырмыз. 28 дыбысқа 32 таңба сай болып тұр. Бұл – үлкен ілгерілеушілік. Мұны айтпай кетуге болмайды. Өйткені бұның бәрі – латын графикасын таңдаудың жемісі.
Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі – қазақтың олжасы. Осынау жазу үлгісін пайдалану арқылы біз тіл тазалығын, әуезділігін сақтауға күш салатын боламыз. Ғалымдардың, жалпы баршамыздың қазіргі таңдағы басты мақсатымыз – тілдің бүкіл заңдылықтарын бір тілдің табиғатына, заңдылықтарына бағындыру. Сол арқылы алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы бізге тарту еткен ұстанымдарға оралуымыз аса қажет. Нақтырақ айтсам, кез келген кірме сөз өзгертілмей пайдаланылған жағдайда ол біздің ана тілімізге өзінің бөгде заңдылықтарын ала келеді. Соның салдарынан қазақ тілінің қалыптасқан заңдылықтары өрескел бұзылатын болады. Біз бір мәселені мықтап түсінгеніміз абзал. Қазақ тілінің кереметтігі сол, ол бөгде тілдерді өзіне кіргізбейді. Оған еш мүмкіндік бермейді. Бізге енген бөгде сөздер бірден кірме екені білініп, айқайлап тұрады.
Біз өзіміз әлгі айтылған кірме сөздерді сіңіріп, қазақ тілінің заңдылықтарына икемдеген кезде олар бірден өзіміздің сөзімізге айналып шыға келеді. Мәселен, «пуховойды» – бөкебай, «кровать» – кереует деп алып, қазақтың сөзіне айналдырып жібердік. Осылайша бөтен тілден енген бөгде сөздерді тіл заңдылықтарына икемдеп алдық, – деген Ерден Задаұлы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі туралы өзге де тұшымды ойларын жеткізді.
Келелі жиын барысында сөз алған Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекен Сағындықұлы латын графикасының тарихына кеңірек тоқталды. Ол ескі де жаңа жазу үлгісінің ұлт пен ұрпақ болашағы үшін тигізетін пайдасы зор екендігін нақты дәйектермен тілге тиек етті. Бұл бағыттағы жұмыстар Павлодар жерінде де лайықты деңгейде іске асырылып жатқаны туралы толғана әңгімеледі.
Конференция барысында сөз сөйлеген Ұлттық ғылым академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы көкейде жүрген көп мәселені қаузады.
– Латын графикасына көшу – елеулі оқиға, үлкен міндеттерді жүктейтін реформа. Қай кезде де реформа атаулыны ұлтқа, ұрпаққа ыңғайластырып қабылдау баршамызға және мамандарға үлкен сын. Қазіргі таңда тіл мамандары тарапынан ең қызу талқыланып жатқан мәселе – шет тілінен енген кірме сөздер. Мен терминология саласының маманы болғандықтан, осы мәселе төңірегінде ойымды ортаға салғаным дұрыс шығар. Қазақ халқы әлемдегі кез келген ел сияқты көрші-қолаңнан, аралас-құралас мемлекеттерден сөз алып тұрған. Кезінде араб, парсы тілдерінен көптеген сөздер енген. Алайда ол сөздердің барлығын қазақ тілінің табиғатына ыңғайлап қабылдаған біздің бабалар еді. Айталық парсының «дәрәхт» сөзін – дарақ, «гоман» сөзін – күмән, «дошман» сөзін – дұшпан деп алып, қазақ тілінің заңдылықтарына сай ыңғайладық. Орыс тілінен енген «бутылка» – бөтелке, «самовар» – самауыр, «завод» – зауыт, «карандаш» – қарындаш болды. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Кірме сөздердің барлығы аталарымыздың арқасында қазақ тілін сыйлап келді.Заңдылықтарына бағынды.
Жоғарыда аты аталған сөздердің бәрін қаптаған ғалымдарымыз бен профессорларымыз жоқ заманда, ХІХ-ХХ ғасырларда біз осылай игерген едік. Ал бүгін атағынан ат үркетін ғалымымыз да, тілші маманымыз да көп. Өзге тілдің заңдылықтарын қазақ тіліне әкеп таңғысы келетін әріптестеріміз де жетіп артылады. Осы ғалымдарымыздың тілімен айтсам, жоғарыдағы сөздерді оқымаған қазақтар тіл заңына сәйкестендірген, – деген ғалым Абай, Шәкәрім, Әлихан Бөкейханның орыс тілінен енген сөздерді қалай қазақшаға икемдегенін мысалдармен келтірді.
Там-тұмдап ағылшын немесе өзге шетел тілін меңгерген жастар бөгде сөздерді тура сол тілде айтуға ынтығып тұратынына қынжылысын білдірді. Өзгенің сөзін өзінікіндей қабылдап, бөтеннің ығына жығылып, тіл заңдылығын бұзу жақсылыққа апармайтынын шегелеп айтты.
Жиын барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Анар Салқынбай да өз ұстанымдары жайлы әңгімеледі.
– Қазір біздің қолымызда «Қазақ емлесінің негізгі ережелерінің» жобасы бар. Осы басты ережелер негізінде терминологиялық, ономастикалық атаулардың жазылу үлгісі айқындалады.
Қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан, сөздердің мағыналық құрылымы түбірдің және негіздің мағынасы арқылы негізделетіні, дәйектелетіні, уәжделетіні белгілі. Түбірдің мағыналық айқындығы тілдің тектілігін айқындайтын басты фактор ғана емес, сонымен бірге атаудың табиғатын тануда, сөздің мағынасын, мәтіннің мәнін тез және терең түсінуде де маңызды рөл атқарады. Осыған орай, бүгінге дейін жасалған әліпби емле-ережелерінде морфологиялық принцип басты қағиданың бірі ретінде танылған-ды. Ал соңғы емле-ережеден морфологиялық принциптің алынып тасталуы, ең алдымен, түбір сөздердің тарихи сипатының сақталуына салқынын тигізеді. Қазақ тілінің емле-ережесінде морфологиялық принципті басты принцип ретінде ұсынуымыздың өзіндік себебі бар. Бұл ана тіліміздің төл табиғатынан шығады. Әлем тілдерінің қай-қайсымен салыстырсаңыз да, түркі тілдерінің бір бұтағы ретінде қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан, бүгінге дейін көнеден келе жатқан түбірлерді тұлғалық, мағыналық және ұғымдық жағынан сақтаған ең көне тілдердің бірі. Қазақ тіліндегі бір буынды түбірлер – күні бүгінге дейін өзгеріссіз тарихи қалпын сақтап, тарихи кодты жадымызда жаңғыртып отырған жалғыз тарихи жәдігер. Ежелден келе жатқан түбірлердің сипатын өзгертуге болмайды. Түркі тілдеріндегі түбірлердің дені бір буынды. Олардың терең мағыналық құрылымы күрделі, өйткені барлық бір буынды сөздер көп мағыналылыққа ие. Төл атауларымыздың дамуының негізі саналатын бір буынды түбірлер номинативтік атауға ие. Түбірдің ішкі болмысын, мағыналық құрылымын анықтауда буынның мәні ерекше болып саналады.
Көптеген тілдерде бір буынды сөздер мағына бере алмаса, түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде бір буынды төл сөздер ішкі кең мағыналық құрылымға ие, олардағы мағына туғызушы фонема дауысты да, дауыссыз да болады. Оған мысал жеткілікті.
Буынның сипаты мен ерекшелігі, сапасы суперсегментті бірліктің негізгісі санатындағы сингармонизммен тікелей байланысты, сондықтан да төл жазуымыз саналатын көне түркі жазуы консананттық негізде жазылған. Мұнда буынның сапасын жеке дауыстылардан гөрі дауыссыздар таңбасы арқылы белгілеу басым.
Бір буынды түбірлердің мағынасын оның қолданысы арқылы анықтау қиындық келтіре қоймайды, қазіргі құрылымдық тіл білімінде көптеген тұлғалардың мағыналық құрылымы анықталған, зерттелген.
Ал фонематикалық принципті негізге алатын жазу үлгісі осы тарихи текті түбірлердің сақталып жазылуына басты қауіп әкеледі. Жазу емлесі бекіп, осы принциптер негізгі қисын ретінде алынса, қазақ тіліндегі мызғымай келе жатқан түбірлердің тарихи сипатына өзгеріс енуі ықтимал. Ал қазіргі фонематикалық принципті ұсынып отырған ғалымдардың негізгі сүйеніп отырғаны тіліміздегі морфонологиялық құбылыстан басқа түк емес, – деген ол жаңа әліпбиге қатысты өзге де мәселелерді баса айтты.
Басқосуда Алматы қаласындағы Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры Бижомарт Қапалбеков, республикалық «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлім көкейлерінде жүрген ойларын ортаға салды. Жиынды облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова қорытындылап, ғалымдарға алғысын білдірді.
Емле-ереженің жобасы алдағы көктемде бекітілетіні белгілі. Оған дейін айтылған барлық ұсыныстар назардан тыс қалмайды. Осы тұрғыдан келгенде ғалымдардың ұсыныс-пікірлері құнды болғаны сөзсіз. Бірнеше дәйекті толғамдар емле-ережеге түзету енгізуі де ықтимал.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support