- Advertisement -

Латын графикасы сауат ашуда қиындық тудырмайды

228

- Advertisement -

Тілдің басты тұтынушысы – халық. Ол қатынас құралы болғандықтан, оны қолдану барысы да жеңіл болғаны дұрыс. Латыннегізді ұлттық әліпбиімізбен 2019 жылдан бастап дайындық сыныптары оқытылады деп күтілуде. Сондай-ақ жоғары сыныптарға латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиіне байланысты қосымша пәндер кіргізілетін болады. Сонда оқушылар мектеп бітіргенде тек кирилл әліпбиін қолданумен шектеліп қалмай, жаңа әліпбиді тез-ақ меңгеріп, көз шалым мен қол дағдысын қалыптастырып шығады. Ал оған дейін атқарылып жатқан жұмыстар ұшан-теңіз.
Естеріңізде болса, Ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық және әдістемелік жұмыс топтары 2018 жылғы шілдеде қазақ орфографиясы ережелерінің концепциясы аясында латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиінің емле ережелерінің жобасын сараптап, талқылаудан өткізген-ді. Шараның мақсаты қазақтілді қауым өкілдері арасында сауалнама жүргізу арқылы жаңа емле ережелері жобасын әзірлеу барысында туындаған мәселелердің тиімді жолдарын анықтау болатын. Сондықтан қазақ мәтінін құрайтын төл, кірме және шетел сөзін латын әліпбиімен таңбалауда тіл қолданушылар басымдық берген жазба-үлгілері (орфограммалар) бойынша сынама қорытындысы алынды. Өйткені қазақтілді қауымның шет тілдерден енген сөздерді жазу арқылы игеруін анықтау жаңа емле үшін маңызды екені түсінікті.
Бұл мақалада Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы дайындаған «Қазақ емлесінің негізгі ережелерінің» жобасын талқылаулар кезінде қазақ жазуының тарихы мен тәжірибесіне байланысты ойлармен бөлісуді мақсат тұттым.
Негізі, қазақ өмiрiнде қолданылған фонемографиялық жазу типi түрлерінің онтогенездiк дамуын, қазақ жазуының тарихын, осыған орай қазіргi қазақ графикасы мен орфографиясының теориялық негiздерiн iздеу, емле ережелерiнің уәжiн көрсету, сөйтіп қазіргi қазақ жазуының мәртебесi мен орнын анықтау қашанда өзекті. Бұл мәселені шешуге қазақ халқының ағартушысы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, қазақ халқының рухани көсемі А.Байтұрсынұлының қосқан үлесі айрықша. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі мен оны таңбалайтын әріптер туралы пікірлерін ғалым 1912 жылдан бастап «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің беттерінде жариялай бастайды. «Айқаптың» 1912 жылғы 9-10-нөмірлеріне «Шаһзаман мырзаға» атты көлемді мақала жазып, онда қазақ дыбыстарын білдірмейтін араб таңбаларын қазақ алфавитіне енгізбеу керектігін, сөздің тұтас жіңішкелігін білдіру үшін оның алдына дәйекші дейтін таңба қою қажеттігін дәлелдейді. «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 34-інші және әрі қарайғы сандарында «Жазу мәселесі» деген үлкен мақала жарияланып, онда кейбір дауысты дыбыстарды таңбалау жайындағы өзінің пікірлерін айтады. А.Байтұрсынұлының әліпбиi көпшілік назарына ұсынылып, «Айқапқа» жарияланғаннан кейiн зиялы қауым тарапынан талқыға салынады, әртүрлі көзқарастағы мақалалар жарық көреді. Сөйтіп, А.Байтұрсынұлы реформалаған араб графикасына негiзделген қазақ жазуының емле ережелерi мен принциптерi алғаш 1924 жылдың 12-18 маусымында Орынбар қаласында өткен «Қазақ бiлiмпаздарының тұңғыш съезiнде» көтерiліп, сараланады.
Съезде мынадай мәселелер сөз болып, шешiмiн тапқаны белгілі: қысаң езулiктер барлық позицияда жазылсын; қ-к, ғ-г фонемалары арнайы таңбалармен белгiленсiн; қарыз, мұрын сөздерiнің түбір тұлғасында да, тәуелдеулi тұлғасында да ы, i әріптерi таңбалансын, қарз-қарызы, мұрн-мұрыны деп жазу сөз жүйесiнше де, дыбыс жүйесiнде де дұрыс емес; у, и дыбыстары үлкен пiкiр-таластан, жеке комиссия мүшелерiнің қарауынан кейiн дауыссыз дыбыс деп танылады (Ә.Бөкейхан, Е.Омаров, Х.Досмұхамедұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Жолдыбайұлы). Р.Сүгiрұлы, Н.Уәлиұлы и, у дыбыстарын дауыстылар қатарына жатқызады; Т.Шонанұлы, М.Дулатұлы аталған дыбыстар дауыссыз болғанмен, бiр таңбамен беру қолайлы дейдi, бірақ съезд қаулысында қосар әріппен таңбалану керектігі белгілі болады.
Ал латын графикасына негiзделген жаңа жазудың графикасы мен орфографиясын, емле принциптерiн айқындау және қазақ тiлi емле ережесiн талқылау, қабылдау үшін 1929 жылы 2-4 маусым аралығында Қызылордада ғылыми орфографиялық конференциясы болады.
Қазақ орфографиясына қатысты алғашқы ғылыми конференцияда қазақ жазуының негiзгi ұстанымы (фонематикалық); халықаралық сөздердің қазақ тiлi дыбыстық заңдылығына сай игерiлiп, әліпбидегi әріп шегiнде таңбалануы; 2-буында ерiн дауыстылары бар шет сөздерiн ерiндiктi 1-буынға шығарып заңдастыру; этимологиясы күңгiрт түбір мен қосымшаны фонетикалық принциппен (айтылуынша) жазу; шылау сөздердi қосымшалармен бiрдей естiлуiнше таңбалау; түбір соңындағы қысаң езулiктердің қысаң буынды қосымша жалғанғанда түсiрiлiп таңбалануы; дауысты дыбыстардың дүдемалдығын қосымша жалғау арқылы анықтау сияқты тағы басқа мәселелер айқындалады.
Осы конференцияда көтерілген мәселелердің iшiнде кiрме сөздердiң емлесi үлкен қиындық тудырған екен. Комиссия мүшелерi ортақ пiкiрге келе алмай екiге бөлiнген. Біраз тұлғалар терминдердi игеріп жазуды ұсынады, екiншi топ орыс тiлi емлесiне жақындатып жазуды жақтайды.
Қазақ тiлiнің түпкілiктi жазуы болады деген төте жазуды латын жазуына ауыстыруға түрткi болған бүкілодақтық түркітанушылар құрылтайының жұмысы туралы айта кетудің жөнi бар. Өйткені съезд барша түркі халқының 600-ден астам зиялылары, қазақ бiлiмпаздары бас қосқан, түркі халықтарының тiлi мен жазуын жаңа белеске көтерген аса iрi тарихи оқиға болып саналады.
Съезде емле, жазу мәселелерi бойынша Л.В.Щерба, Н.Ф.Яковлев, А.Байтұрсынұлы және өзгелер баяндама жасайды. Сонда түркі тiлдерiнің iшiнде латын жазуына кешудi бiрiншi болып әзірбайжандар көтергенi белгiлi. Бұл қысқаша шолудан қазақ графикасы мен орфографиясының негiзгi ережелерiнің алғашқы нұсқасы сөз болып отырған емле конференциясында (1929 ж.) жасалғанын, кейбір мәселелердің бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпағанын байқадым. Сөйтіп Қазақ емлесінің негізгі ережелерінің жобасына қатысты сөз болып, талқыланып жатқан ұсыныс-пікірлердің ертеңгі тарихтың ізі болатынына көзім жетті.
Графика ауыстыру, жазу реформасын жүргізу ісінде әр елдің осыған себеп болған түрткі жайттары, тілдерінің даму деңгейі, шараларды жүзеге асыру кезеңдері, әріп таңдау принципі әртүрлі. Сондықтан басқа елдің оң тәжірибесін өзгеріссіз қабылдай салуға немесе теріс тәжірибесін талдаусыз жоққа шығаруға болмайды. Ең басты мақсат өз еліміздегі жағдайды талдап, тілдің мұқтажын, халықтың қалауын, қазақ тілінің ұлттық тіл, сондай-ақ адамзат мәдениетіндегі ерекше феномен ретіндегі сақталуы мен болашақтағы дамуына мүмкіндік туғызуды бірінші кезекте ойлау керек.
Латын графикасына көшкен өзге елдер бұдан тек пайда көрген. Мысалы, латын қарпіне көшкен соң, Өзбекстанда тұратын халықтың 97 пайызы өзбек тілінде сөйлейтін болған, өзбек тілі ең керекті және ең басты тілге айналған. Балалардың оқуын латыншаға көшіру арқылы олардың ата-аналарының да сауатын ашып алды. Қазiр мұндағы бiлiм ұялары мен мәдени ошақтары таза өзбек тiлiнде бiлiм берiп, санасына бiртiндеп сiңдiрiп жатыр. Бұл – мемлекеттiк тiлдiң болашағын ерте түсiнген елдiң батыл қадамы.
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ (2006 жылы, қазан) сессиясындағы тілдік саясат пен мемлекеттік тілді дамытуды жақсартуға байланысты ұсыныстарының бірінде латын графикасына көшудің тиімді-тиімсіз тұстарын бағдарлау жөнінде тапсырма берілген. Оны орындау үшін Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған мемлекеттік комиссия өз жоспарына сәйкес латын қарпіне көшкен Түркия, Әзірбайжан және Өзбекстан – үш түркітілдес республикалардың тәжірибесін зерттеп, қарастыру үшін 2007 жылдың көктемінде ғылыми іссапар ұйымдастырған болатын. Жұмыс барысында қазақ ғалымдары осы елдерде әліпби реформасын жасауға белсене қатысқан мемлекеттік, үкіметтік, лингвистикалық комиссиялар құрамына мүше болған беделді ғалымдарымен, қоғам қайраткерлерімен және осы мәселені егжей-тегжейлі зерттеген тұлғалармен сұхбат, кездесулер өткізген. Мәселені жан-жақты қарастыру үшін алдымен Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдеріндегі латын графикасына көшу тәжірибесін зерттеу, оның лингвистикалық, аспектідегі тиімді-тиімсіз тұстарын, қолайлы-қолайсыз жағдайлары мен оң-теріс әсерлерін анықтау міндеттері алға қойылған. Біз латын графикасындағы өзбек әліпбиі мәселесіне жан-жақты тоқталып көрейік. Латын графикасындағы өзбек әліпбиі бірнеше рет өзгертілді. Қазіргі таңдағы латын графикасындағы өзбек әліпбиі 28 әріптен құрылған.
Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы ғылыми-зерттеу материалдарында өзбек тілінің латын графикасына көшу (ол кезде өзбек тілінің латын графикасындағы жаңа әліпбиінде 26 графема, 3 әріптік тіркес, 1 апостроф таңбасы болған) тәжірибесін қорыту төмендегідей мәліметтермен беріледі:
1-дәйек. Өзбек тілінің дыбыстық жүйесіне негізделген латын графикасындағы жазу кирилл әліпбиінде қалыптасқан қосамжар орфографиядан арылудың жолына айналды;
Түйін. Қазіргі қазақ орфографиясындағы дәл осы проблеманы реформаны түбегейлі жасау, яғни әліпби алмастыру арқылы ғана шешуге болатыны айқын.
2-дәйек. Жаңа әліпби өзбек жазба тілінің жүйеленуіне, оның мәдениетінің дамуына әсерін тигізді.
Түйін. Жаңа жазу жүйесін қабылдау үшін ғылыми-зерттеулер жүргізу қажеттілігі туындап, қазақ тіл білімінің фонетика, фонология, граммотология салалары бойынша білімнің жүйеленуіне әкеледі.
3-дәйек. Жазу реформасын жүзеге асырушы құзырлы орындар құрамына өзбек тіл білімінің фонетика, фонология, граммотология саласындағы лингвист мамандар аз тартылып, олардың пікірі негізге алынбады.
Түйін. Тілге қатысты мәселеде шешуші сөзді осы салада біліктілігі жоғары мамандар айту керектігін Өзбекстанның осы тәжірибесі дәлелдеп отыр.
4-дәйек. Жаңа әліпби жобасы интернет желісіне қолайлы болу керек деген принцип басым түсіп кеткен. Кейбір дыбыстарды қосалқы таңбалармен бірге қолданылатын бір әріппен белгілеуден қашып (интернет үшін қолайсыз болғандықтан), бір дыбысты екі әріптің тіркесімен таңбалаған.
Түйін. Қандай жазу болсын, ең алдымен сол тілдің ұлттық сипатын сақтауға қызмет етіп, оның еркін дамуына, сыртқы әсерді өзінше игеріп алу қабілетіне қызмет ету керектігі ескерілмеген жағдайда, ол жазудың қолайлы болуы екіталай.
5-дәйек. Өзбек тілінің жаңа әліпбиіндегі графемалар жүйесі гетерогендік сипаттағы әдеби тілдің дыбыстық қорына негізделгендіктен, бір әріп бірнеше фонеманың репрезентанты болып қабылданған. Жалпыхалықтық тіл элементтері өзбек фонетикасында басым емес, сондықтан халықтың сауат ашу ісін жаңа әліпби біраз қиындыққа соқтырды.
Түйін. А.Байтұрсынұлы төте жазуға көшіру реформасы кезінде қазақ жазуын жалпыхалықтық тілге негіздеп бергендіктен, қазіргі қазақ тілінің әдеби тілінде ескі элементтер басым емес, фонетикалық жүйесі біртекті жалпыхалықтық элементтер негізіне құрылған, сондықтан графика алмастыру мәселесінде өзбек тіліндегідей қиындықтар болмайды.
Өзбек әліпбиінде барлығы 29 әріп және 1 белгі бар. 29 дыбыстың 6-ауы – дауысты, 23-і – дауыссыз дыбыстар, 2-уі – диакритикалық, 3-уі қосарлы таңбамен берілген. Әліпбиге латынның w таңбасы алынбаған.
Өзбектер ң дыбысын – ng қосарлы таңбасымен береді. Бұл дыбыстардың тіркесі роман-герман тілдерінде кездеседі. Француз тілінде бұл екі дыбыс қатар келгенде, бірде нж, бірде нг болып оқылады, бірде g түсіп қалады (echanger – [эшанже] – ауыстыру, sangluе – [санглие] – қабан, kangourou – [кангуру] – кенгуру, orang-outan – [оранутан] – орангутан). Ағылшын, француз, неміс тілдеріне қосарлы дауыссыздар оқуға да, жазуға да қиындық келтірмейді. Мысалы, балаларымыздың деген сөз орыс тілінде «наших детей» деп екі сөздің тіркесі түрінде жазылып, өз алдына бөлек жазылады. Ал қазақ тілінде тәуелдік, жіктік, септік жалғаулары түбірден кейін ретімен тіркесіп жалғана береді.
Өзбектің «Alifbe» оқулығын (2006) қазақ «Әліппесімен» (2001) салыстыра отырып, мынадай тиімді әдістер мен ерекшеліктері анықталды:
1. «Әліппе» Аа әрпінен, «Alifbe» Оо әрпінен бастап оқытылады, өйткені өзбек тілінің ұлттық ерекшелігіне байланысты а дыбысының орнына көбінесе о дыбысы айтылады (ана – она, баба – бобо, ат – от, ас – ос, алма – олма тағы басқа);
2. Өзбек әліппесінде жаңа дыбысты танытуға берілген сөздер (оқулықтар бойынша) саны екі еседей аз болып отырады.
3. Өзбек әліппесінде бір дыбысты өтуге берілген екі сағаттың алғашқы сабағында сөздер берілсе, келесі күні одан гөрі күрделірек мазмұнды сурет, сөйлемдер, жеке суреттер, тапсырмалар және жазу үлгісі белгілі бір жүйемен бірінші күндегідей ретпен беріліп отырады.
4. Өзбек әліппесінде алғашқы күні дыбыстың кіші әрпі, келесі күні бас әрпі үйретілсе, қазақ әліппесінде кіші және бас әріп бір сабақта жазылып үйретіледі.
5. Өзбек әліппесінде жаңа дыбысты өтерде бірден сөздер берілмей, бірінші бағанға (егер ол дауысты дыбыс болса) өтілген дауыссыз дыбыстармен мүмкіндігінше құрылатын барлық буындарды береді.
6. Өзбек әліппесінде 15 дыбыс өтілгеннен кейін-ақ тәрбиелік мәні бар мақал-мәтелдер беріле бастаса, қазақ әліппесінде дыбыстарды өткен кезде (әліппе кезеңінде) мақал-мәтелдер берілмейді.
Осыдан шығатын қорытынды – латын әліпбиі арқылы сауат ашқанда оқу сапасы дәстүрлі кирилл әліпбиінен артық болып отырған. Осыдан мектепке алғаш сауат ашуға келген бала үшін әліпби ауыстырудың қиындығы жоқ екенін көруге болады. Өйткені олардың алғаш сауаты осы латын әліпбиімен ашылғандықтан, сол әліпбиде оқып-жазуға бірте-бірте қалыптасып, дағдыланатыны анықталған.
Сонымен, Өзбекстан тәжірибесін ескерсек, латын әліпбиіндегі сауат ашу сапасының қалыптасқан кирилл әліпбиіндегі сауат ашудан жоғары болуы латын әліпбиінде сауат ашу әдістемесінің тиімді болатынын дәлелдейді.
Мемлекеттік тіл – жай ғана ұран емес, өркениеттің көшіне қосылған тәуелсіз еліміздің алда тұрған биік міндеттерін шешудің бірден-бір құралы. Мемлекеттік тілдің жасампаздық жолында халықты топтастырудың факторы екендігін әрбір қазақстандық жанымен ұғынуы тиіс. Демек, замана жаңғырып, уақыт өзгерген тұста ұлттық құндылықтарымыздың қадіріне жетуге бір кісідей жұмылғанымыз керек.

Күлзинат Қарымбаева,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support