- Advertisement -

Ән әуелеп, күй күмбірлеп…

119

- Advertisement -

Тараз қаласында күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың шығармашылық кеші өтті

Күй – қазақ халқына тән ғажайып өнер. Әр жүректі тілсіз сезіммен баурап алатын, жаулап алатын ғаламат. Қорқыт пен Ықыластың, Тәттімбеттің, Құрманғазы мен Динаның күй мұрасы бүгінгі күнге де жетіп, жоғары бағасын алып отыр. Сол дарабоздардың жалғасы – күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Әбдімомын Желдібаев. Бүгінгі ұрпақ Әбдімомын күйлерін тыңдап, өнер кереметін мойындап, жетіліп келеді. Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында Әбдімомын Желдібаевтың «Күмбірле, күйім, елімде!» атты шығармашылық концерті өтті. Кеш барысында композитордың күйлері мен әндері орындалды.
Концерт қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы «Тұран елі» күйімен ашылды. Оркестрдің бас дирижері – Адай Жұмат. Осы орындаудағы «Әулиеата» күйі де елдің көңілін баурап алды. Залдан үздіксіз соғылған шапалақты тараздықтардың ғаламат күйшіге, Шу еркесіне деген құрметі деп қабылдадық. Әншілер Жанат Досжанова «Қызыл гүлім қызғалдағым», Арайлым Әділбекова «Шырайлым» әндерін орындап, жүректерге жеткізді. Желдібаев жазған әр күйдің тарихы, тағылымы бар. Шынайылығымен сезімді тербейді, жүректі қозғайды. Біз мұны «Төле би толғауы» күйі, «Нұрсұлтан» күй-поэмасы орындалғанда сезіне түстік. Композитордың жерлесі, өмірден бір перзентке зар болып өткен Ыдырыс ақсақалға арналған «Ыдырыс», Кененнің «Көкшолақ» әнінің әсерімен жазылған «Көкшолақ», ел мен жерге деген патриоттық сезімнен туған «Жетісу сазы», өмірдің сан алапат толғаныстарынан туған «Өмір-дастан», отаншыл көңілдің шарықтауынан туындаған «Самғау», ерлік рухты дәріптейтін «Жарылқап батыр», шалқар көңіл-күйдің жемісі «Шабыт», сері күндердің естелігі «Бозжігіт», көңілдің қимас толғанысынан туған «Әділхан» күйлері жүректердің пернесін дәл басып, композиторға деген құрметті арттыра түсті.
Шығармашылық кеште «Тараз» триосының орындауындағы «Қызыл елік», белгілі әнші Айгүл Мақашева шырқаған «Жұлдыз болсаң», Жанат Досжанова жүректерге жеткізген «Арман құс» әндері де көрерменді толғаныс теңізіне жетелеп, әдемі әсер сыйлағаны анық. Концерт барысында қазақ ұлт-аспаптар оркестріне Мұхтар Рахманқұлов дирижерлік жасағанын да айта кеткен жөн. Сондай-ақ домбырашылар оркестрі де композитордың бірнеше күйін орындады.
«Ерке сылқым» күйін білмейтін қазақ жоқ. Бұл шығарма – еліміздің түкпір-түкпіріне кеңінен тарап кеткен. Бұл күй – Әбдімомын Желдібаевтың төлқұжаты десек, қателесе қоймаспыз. Концерт М.Рахманқұлов дирижерлік жасаған оркестрдің орындауындағы «Ерке сылқым» күйімен қорытындыланды. Кешті Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілері Жанна Асанқұлова мен Дәулет Махан шебер жүргізді.
Концерт соңында сахнаға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атынан ықылас гүлі қойылды. Ал көпшілік орнынан тұрып, ұзақ қол шапалақтауы арқылы композиторға деген құрметі мен алғыстарын білдірді. Жасай бер, қазақтың Желдібаевы!

 

Есет ДОСАЛЫ

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support