Қоғам

Ұлы Даланың тағылымы ұрпаққа тарихты танытудан басталады

Ұлы Даланың тағылымы ұрпаққа тарихты танытудан басталады

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Жиынға соғыс және еңбек ардагерлері, архившілер, туризм саласының өкілдері, қолөнер шеберлері, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері және зиялы қауым өкілдері шақырылды. Басқосуды облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев ашып, Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы дер кезінде жазылған құндылық болғанына тоқталды. Мұнан соң сөз алған ҚР еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан Елбасы мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы екенін, айтылған Ұлы Дала құндылықтары әр жүректерді тербеп, әсіресе жастарға зор серпін сыйлайтынын әңгімеледі. Аталған мақаланың «Архив–2025» бөлімі бойынша ой қозғаған жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі Мақұлбек Рысдәулет ұлттық тарих ұлттық кеңістігіміз екенін, Ұлы Дала кереметін әлемге паш еткен біздің ата-баларымыз болғанын айта келіп, облыс архивінде 500 мыңнан астам тарихи құжат сақталғанын, Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы архивте тұншығып жатқан тарихымызды жарыққа шығаратын мезгіл жеткенін сөз етті. Содан кейін тарихшы Сауран Қалиев біздің мәдениетіміз осыдан 5 мың жыл бұрын қалыптасқанын, Елбасының мақаласы ұлттық тарихты зерделеуге бағытталғанын айта келіп, Тараздың іргесіндегі Ақбұлым ауылы жанындағы «Қамысты бұлақ», «Қарасай» алқабында сақталған тастарда бұғы, арқар, тауешкі суреттері бейнеленгеніне, бұл қола дәуірінің белгісі екеніне ел назарын аударды. Ол: «Біз тарихты жасаған халықтың ұрпағымыз», – деді.

Облыс әкімдігі туризм бас-қармасының бөлім басшысы Қажы Жомарт өңірімізге келетін туристер 1 пайызға жетпейтінін, 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 8 пайызға жеткізу көзделгенін айтып, Жуалы ауданында 3200 метр биіктікте салынып жатқан «Каралма» тау шаңғысының құрылысы, Тараздағы бұрынғы «Шахристан» базарының орнынан бой көтеретін қолөнер шеберлері қалашығының құрылысы жөнінде айтып берді. Облыстық «Jambуl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіманап Елбасы мақаласының маңызы терең екенін айта келіп, жас ұрпақты мультфильмдермен тәрбиелеу, әсіресе «Қарахан мен Айша бибі» оқиғасына арнап анимациялық фильм шығару өзекті екенін жеткізді. Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесі алқасының мүшесі Шәріп Дәулетбаев өз ойын білдірді. Басқа да бірқатар азаматтар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы елдігімізді асқақтата түсетін маңызды құжат деген тұжырым жасалды. Жиынды облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев қорытындылап, ой-пікір білдірген кісілерге ризашылығын білдірді.

 

Есет Досалы