Саясат

ТАРИХТЫ ТАНУ - ҮЛТ ТАНЫМЫ МЕН САНАСЫН ӨСІРЕДІ

ТАРИХТЫ ТАНУ - ҮЛТ ТАНЫМЫ МЕН САНАСЫН ӨСІРЕДІ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы тарихымызды тануға, ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтеуге, әдет-ғұрпымызды жандандыруға жол ашты. Сол арқылы ұлттық кодымызды танып, туған жерге деген сүйіспеншілігімізді артырудамыз. Осы бағдарламалар арқылы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан географиялық мәдени киелі орындар картасы жасалып, оған ауданымызда Момыш бұлағы мен Теріс ауылында қазба жұмысы жүріп жатқан Баркуаб қалашығы орны енгізілгенін де атап өту жөн.

Енді, міне, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жалғасы іспетті «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын жария етті.

Өлке тарихын зерттеп жүргендігімнен бұл жайлы «Егемен Қазақстан» газетінен оқып, хабардар болдым. Мұнда да тарихымызды, асылдарымызды, өнеріміз бен мәдениетімізді танып білуге, құрметтеуге қатысты ойлар айтылады. Тарихты білу өткенімізге деген құрметті арттырады. Елбасы «Біздің тарихымызда біз ұялатындай ақтаңдақтар жоқ» демекші, ол біздің өткенімізді тану арқылы жарқын болашаққа жол ашпақ.

Біздің өлке - тұнған тарих. Елбасы мақаласының алғашқы бөлімінде «Еліміздің солтүстік өңіріндегі энолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді» деп атап көрсетеді. Шынында да бұған дейін де біз жылқы малын қолға үйретіп, шаруаға және соғыс тәсілінде пайдалану Қазақстан жерінен бастау алғанын айтып та, жазып та келгенбіз. Бірақ бүгінге дейін оны тарихи құжат тұрғысында дәлелдей алмаған едік. Енді елімізде археологиялық қазба жұмыстарының кең ауқымда жүргізіліп, табылған заттарға техникалық тұрғыда талдаулар жасалуы біздің тарихымыздың тым әріде жатқанын көрсетуде.

Ежелгі және орта ғасырларда елімізде Ұлы Жібек жолы бойында сауда мәдениеті жақсы дамыды. Сол тарихи керуен жолы бойында орналасқан қалалар тез дамып, өркен жайғанын жақсы білеміз. Мәселен, екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласы өз кезінде ірі сауда орталығы болса, соның айналасындағы шағын қалалар да сонымен бірге дамып гүлденді. Қазір біздің аудан аумағында оннан астам көне қалашық орны анықталды. Соның ішінде орта ғасырларда болған Теріс ауылындағы Баркуаб қаласы жұртына қазба жұмыстары жүргізілуде.

Бұған дейін аудан аумағында бірде-бір археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген-ді. Осы күнге дейін түрен тимеген аудандағы көне тарихтың қатпарын ашу ісінде аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов тікелей бастамашы болды. Көне кент орнына жүргізілген барлау жұмыстары алғашқы сәтте-ақ оң нәтиже берді. Ауылдың әр тұсынан бұрғы салынып, қазылған орлардан көптеген көне тұрмыстық заттардың сынықтары шықты. Арасында бүтін заттар да кездесіп қалады. Бұл бұйымдар қаланың жасын анықтау үшін Жапониядағы арнайы зертханаға жіберілді. Енді, міне, бүгінгі таңда көне қала көптеген тарихшыларды қызықтырып отыр. Ол облыстық энциклопедияда «Бурнооктябрь қала жұрты» болып аталып жүр. Бұл қаланың өмір сүрген кезеңі VI және ХІІ ғасырларға жатады. Араб жихангерлері өздерінің еңбектерінде оны Баркуаб қаласы деп көрсеткен. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарихи мәдени нысандарында іс- шаралар ұйымдастыру бөлімінің басшысы Сауран Қалиұлы бұл жерден табылған ыдыстар біздің заманымыздың I және II ғасырлары мен біздің заманымызға дейінгі І және II ғасырларға тиесілі екенін алға тарта отырып, қала астында тағы бір қаланың барын айтқан еді. Сол қаланың шығыс жағындағы Жылқышы төбені қазу барысында облыс тарихшыларының болжамы расталды.

Жалпы қала жоғарыдан, яғни төбенің басынан бастап төмен қарай қазылып, бос топырақтан аршылуда. Қазірдің өзінде қаланың жоғарғы қабырғалары қалқайып, бір- екі бөлмесі топырақтан тазартылған. Екі бөлмеге кіретін есігі анықталып, оның батыс бөлігі аршылу үстінде. Мұндағы есіктен ішкі бөлмеге тізерлеп

өтуге болады. Ал қаланың жоғарғы қабаты аршылып жатқандықтан да оның ортаңғы бөлмесінің күмбезге ұқсап жабылғанын қабырғадағы өрілген кірпіштерге қарап аңғару қиын емес.

Негізінен қала қабырғалары бүтін сақталған. Екі мың жыл бұрынғы қалпында қалып қойған. Сонымен қатар еш бүлінбеген. Мұндай қала жұрты облысымызда бірінші рет қазылып отыр. Бұл қаланы тарихшылар біздің дәуірімізге дейінгі I және II, біздің дәуіріміздің II ғасырларында өмір сүрген Қаңлы мемлекетінің қалаларының қатарына жатқызуда. Оны қазба орнында болған тарих ғылымдарының докторы, академик, археолог Карл Байпақовта құптады. Ол қала құрылысына қарап: «Иә, бұл қаңлылардың мекені. Мерзімі біздің дәуірімізге дейінгі I, біздің дәуіріміздің V ғасырларына жатады» деп жорамал жасады. Бұл жасалған жорамал шындыққа жақын. Өйткені бұлай қала тұрғызу, үй салу салты қаңлыларға тән. Ал Қаңлы мемлекетімен қатар өмір сүрген Үйсін мемлекетінің қала салу тәсілі басқа, дегенді айтып қалды Сауран Қалиұлы.

Оның ақиқаты қала аумағы толық ашылып, қала жұртының соңғы қабатын, яғни еденіне жеткенде анықталмақ. Алла қаласа бұл қаланың жасын анықтап, өмір сүру кезеңін жариялайтын да уақыт алыс емес деп ойлаймыз. Олай болып жатса, алтын тарихымыздың қорына тағы бір көне қала жұрты қосылып, «Ботай» қонысындағыдай тың жаңалық әлемге Қазақстанды жаңа қырынан танытады деген сенімдемін.

Дәулетжан БАЙДАЛИЕВ, ауданның Құрметті азаматы, тарихшы-өлкетанушы.

Жуалы ауданы.