- Advertisement -

АЛМАНЫҢ ОТАНЫНДА ОТЫРЫП ӨЗГЕЛЕРДЕН АЛМА САТЫП АЛУ ҮЯТ

160

- Advertisement -

Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы дер мезгілінде жазылып отыр деген ойдамыз. Мұнда атап көрсетілген жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы деу ләзім. Ұлы Даланың жеті қырының бірі «Қазақстан алма мен қызғалдақтың отаны» аталатын тарауда атап өтілгендей, шын мәнінде де бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы бар бұл өсімдіктер біздің жерімізде бүр жарып, жер жүзіне тараған. Мұны мақтаныш етіп қана қоймай, осындай брендтік өнімдерімізді өзімізде егіп өсіруді дамытуға тиіспіз.

Рас, елімізде әрбір өңірдің өзіндік қалыптасқан табиғаты мен тіршілігі бар. Сол сияқты Меркі өңірі де ауыл шаруашылығына, оның ішінде егін және мал шаруашылықтарына қолайлы аймақ. «Меркі» кеңшарының кезінде жеміс- жидек шаруашылығы болғаны белгілі. Алманың қыста сақталатын сұрыптарының көшеттерін ел өңірлері осы жерден алып кететін. Меркінің жеміс-жидек өсірумен шыққан аты бәз қалпында, брендттік алма өнімдеріміз әлі де сақталып отыр. Осыны ескерген ауданның агросала еңбеккерлері «Агробизнес-2020» кешенді бағдарламасы аясында интенсивті бақ өсіруге бет бұруда. Алма жемісі үшін шет мемлекеттерге тәуелділіктен арылып, төл топырағымыздан көктеп шыққан алма өнімдерін жаппай тұтынуға мүмкіндік туатын күн алыс емес. Интенсивті бақтарда тамшылатып суару технологиялары қолданылады. Бұл іспен айналысатын шаруаларға мемлекет тарапынан жеңілдіктер де аз емес. Атап айтсақ, интенсивті жобаларды субсидиялау бағдарламасы бойынша алғашқы жылы әрбір гектарына кеткен шығынның 40 пайызы қожалыққа қайтарылып берілсе, 12 пайыздық үстемемен алынған несиенің 7 пайызы «Қазагроқаржы» АҚ арқылы өтеледі. Бұл да шаруа үшін оңтайлы әрі пайдалы тәсіл.

Біз алма шаруашылығын 2015 жылы бастаған болатынбыз. 20 гектарға Түркия технологиясымен егілген алманың өңірімізге өсіруге қолайлы «Золотое превосходное» (ол да бұрын өзімізде өсірілген алманың бір түрі екен) сұрпының алғашқы жылдың өзінде өңірімізге бірден жерсініп, түйнек салғанын көргенде айрықша таң-тамаша қалғанбыз. Арада талай жыл өткеннен кейін барып өзі алғаш бүр жарған, туған топырағына «атамекеніне» оралғанын өсімдік екеш өсімдік те сезді ау деп топшыладық. Әйтеуір, оның болашақта мол өнім беретініне деген сенім ұялады көңілімізге. Биыл алма бағының алғашқы өнімін жинап алдық. Гектар қайтарымы 10 тонна көлемінде болды. Қуанышымызда шек жоқ. 2019-2021 жылдары бұл көрсеткішті 45-50 тоннаға жеткізетінімізге бек сенімдіміз. Біздің алмамызды облыста ғана таратып қоймай, Астана мен Алматы қалалары сияқты ірі мегаполистерге, Талдықорған қаласына, Алматы және Түркістан облыстарына да шығарудамыз. Қарағандыдан да келіп сатып алып, Ресейге асыра сататындар бар.

Мұның бәрі де тиісті агрошаралардың сәтімен үйлестірілуі мен бағбандар еңбегінің жемісі. Задында, алма өсірудің машақаты аз емес. Олар негізінен заманауи технологиялар негізінде өсірілуде. Бүгінгі таңда еліміз тек Қытай елінен 18,6 мың тонна алма, 24,7 мың тонна шие және өрік сынды жемістерді тұтынып отыр екен. Сондай-ақ нарығымызда Қырғыз, Польша, Иран елдерінің де өнімдері аз емес. Сондықтан интенсивті бақ өсірудегі негізгі мақсат өзге мемлекеттердің тауарына тәуелді болмай, өз өнімімізді жаппай тұтынуға қол жеткізу болып отыр. Жалпы, өңірде үдемелі алма бақ өсірудің болашағының баянды боларына сенім мол.

Совет ҚАЛМАНБЕТОВ, «Совет» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық фермерлер одағының төрағасы.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support