- Advertisement -

Созбалаңға түскен сараптама қорытындысы не дер екен?

78

- Advertisement -

Осыдан үш ай бұрын Алматы облысының Іле ауданында көз жұмған Кәмшат Чекаеваның жантүршігерлік өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс әлі күнге аяқталмай келеді. Бұған дейін марқұмның жұбайы Бектұрған Алиев өзінің әйелін айуандықпен өлтірді деген күдікпен қамауға алынған болатын. Бұл іске қатысты алғашқы мемлекеттік-медициналық сараптаманың нәтижесінде Бектұрған Алиев өзінің әйелі Кәмшат Чекаеваны буындырып, ұрып өлтіргені анықталған. Алайда айыпталушының туыстары жеке сарапшылардың көмегіне жүгініп, «марқұм өзінің құсығына тұншығып өлген» деген тұжырым жасапты. Екі бірдей сараптаманың заң алдындағы күші тең болғандықтан, тағы бір мәрте сараптама жасауға тура келген. Осылайша күдікті тарап тергеушінің үстінен сотқа арызданып, қайта сараптамадан өткізуді талап етіп, марқұмның мүрдесін ашуға мәжбүр болыпты.

Енді, міне, арада үш айға жуық уақыт өткенде тәуелсіз сот- медицина сараптама өкілдері Жамбыл облысының Шу ауданында жерленген Кәмшат Чекаеваның мүрдесін ашып, өлікті қазып алып, сөйтіп қайта тексерген. Қабірді қайта қазып, осылай тексеруді медицина тілінде эксгумация дейді. Әуелгіде, марқұмның туыстары дәл осы эксгумацияға қарсы болған. Дейтұрғанмен заңның аты — заң. Алматылық сарапшылар мәйітті қазып алып, Шу ауданының орталық ауруханасында сараптама жұмыстарын жүргізіпті. Ал жәбірленушінің заңды өкілі Нұрмахан Мырзаханов сотқа дейінгі тергеу жұмыстарына көңілі толмайтындығын айтады. «Осы үш айдың ішінде бірнеше мәрте сот-медициналық сараптамалары тағайындалды. Бірақ осы аралықта тек 5-6 адамнан ғана жауап алынған. Тергеудің ұзап бара жатқаны күдік тудырады», — дейді ол. Кәмшат Жұмаханқызының туыстары да Алматы облысының Іле ауданында жүріп жатқан қылмыстық істен айыпталушы Бектұрған Алиев сытылып кете ме деп қорқады.

Алғашқы сараптамада Кәмшат Чекаеваның зорлықпен өлтірілгендігі анықталып, оны марқұмның 3 жасар қызы да растап отырғанымен үш ай бұрын жерленген мәйіттің қайта қазылуына не себеп? Тергеушілердің екінші сараптаманың нәтижесіне құлақ асуларына қарағанда бұл күдікті тарапты ақтап алудың амалы емес пе деген ой келеді. Әйтпесе, марқұмның денесіндегі түрлі азаптау белгілерінен-ақ оның қасақана өлтірілгендігін анықтауға болады емес пе?!

Кәмшат Чекаеваның туыстары айыпталушы жақтың істеген ісін мойындарымен көтерудің орнына көз көріп, құлақ естімеген жағдайға, яғни зиратты қайта қазып, мәйітті орнынан қозғап, әбден әуре-сарсаңға салып, қорлап біткендерін ашына айтады. Ал мәйітті қазып алған тәуелсіз сарапшылардың зерттеу нәтижесі 15-20 күнге созылатын көрінеді. Ендігі төрелікті дәл осы тәуелсіз сот- медициналық сараптама айтатын болады. Алдағы нәтиже алғашқы сараптаманы мақұлдайтын болса, айыпталушы бас бостандығынан айырылмақ. Керісінше, олар екінші сараптаманың нәтижесін құптаса, айыпталушы қамаудан босатылатын болады. Қалай болғанда да, сотқа дейінгі тергеу амалдары еш бұрмалаусыз өтіп, арнайы мамандардың бақылауында болса екен дейміз.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support