- Advertisement -

ӘЛЕУМЕТТІК БӨЛКЕ НАН БАҒАСЫ ТҰРАҚТАНДЫ

97

- Advertisement -

Апта басында халық күнделікті тұтынатын бөлке нанның бағасы Тараз қаласы мен Жамбыл ауданында 10 теңгеге қымбаттап, бұл жұртшылық арасында біршама алаңдаушылық тудырды. Алайда жергілікті биліктің араласуымен әлеуметтік нан бағасы ертеңіне-ақ бұрынғы қалпына келтіріліп, сауда нүктелерінде 65 теңгеден сатыла бастады. Баға бағамын бақылауда ұстау үшін облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының жанынан құрылған арнайы штаб өз жұмысын бастап кетті.

Бүгінде нан бағасы Тараз қаласы мен аудандарда тұрақты. Бірақ нарық бағамында 1 кило ұнның бағасы 15­20 теңгеге көтерілген. Солтүстіктен тасымалданатын ұн бағасының өсімі облыстың нан зауыттарына да әсер еткен сияқты. Дегенмен, штаб мүшелерінің жүргізген зерделеу жұмыстары кезінде бағаның көтерілуіне жол берген «Бидай нан» және «Жеке кәсіпкер Козен» нан зауыттары неге бұлай жасағандықтарын құжат түрінде дәлелдеп бере алмады.

Бүгінгі таңда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорында 717 мың бөлке нанның ақшалай қоры жинақталған. Осы қордың есебінен Тараз қаласындағы әлеуметтік дүкендерде нан 55 теңгеден өткерілуде.

Нан бағасын тұрақтандыру бойынша құрылған штаб жұмысының барысын білмек мақсатпен облыс

әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевты әңгімеге тартқан едік.

— Қазір облысымызда нан бағасы тұрақтанды. Кеше де, бүгін де таңертең қаладағы 5-6 дүкенді аралап шықтым. Нан бұрынғысынша сауда нүктелерінде 65 теңгеден сатылуда. Шағын дүкендерден бөлек ірі сауда орталықтарында да болдым. «Себет», «Метроном», «Смарт», «Керемет» сияқты сауда орталықтарында баға қалыпты. «Жеке кәсіпкер Маймақов» нан зауыты тұтынушыларына бір бөлке нанды 58 теңгеден өткеруде. Ал «Смарт» сауда орталығы өз наубайханаларында дайындалған нанның алуан түрін сөрелерге қойып, тұтынушылардың талғамына қарай ұсынуда. Апта басында нан бағасын еш себепсіз көтерген екі нан зауыттары да бағаны бұрынғы қалпына келтірді. Әлеуметтік тұрақтандыру қорынан бөлінетін бөлке нан бұрынғысынша 55 теңгеден дүкендерде толып тұр. Бүгінде біздің бақылауымыздағы әлеуметтік нан бағасы тұрақтанды, — деді Берік Нығмашев.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

  • МАМАН ПІКІРІ

    Ләззат СҰЛТАНҚҰЛОВА,

    ҚР Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті тауар нарықтарында монополияға қарсы заңнаманың бұзушылықтарын тергеу бөлімінің басшысы:

    — Бүгінгі таңда облыс орталығында халық көп тұтынатын әлеуметтік нанның бағасы қайта қалпына келді. Бірақ баға көтерілген сәтте тұтынушылар тарапынан ешқандай арыз-шағымдар түскен жоқ. Олай болуының бірден- бір себебі, әлеуметтік нан бағасының

    көп өтпей-ақ қайта орнына келгендігі болар. Ал нанның нарықтағы бағасын жоғарылатамын деп бізге өтініш түсіріп, негіздемелерін ұсынған кәсіпкерлер болған жоқ. Қазіргі таңда біздің мекеменің өкілі облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы жанынан құрылған штабқа мүше болып енгізілді. Біз заң талаптарына сәйкес белгілі бір жеке кәсіпкердің үстінен жеке тұлға мен жергілікті әкімдіктен арыз-шағым түспей, оны өз бетімізше тексеру жүргізе алмаймыз. Дегенмен, бүгінгі таңда нан бағамы қалпына келді, оның негізсіз қымбаттатылу мәселесі алдағы уақытта туындай қоймас деген ойдамын.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support