- Advertisement -

«Aq jol» ҒАСЫРҒА ЖУЫҚ ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ

70

- Advertisement -

Облыстық «Aq jol» газеті 2019 жылдың жазылымына байланысты бұл жолғы оқырмандармен кездесуін Байзақ ауданында өткізді. Жиынды аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев ашып, баспасөзге жазылу науқаны басталғанына, осыған орай өңірдің бас газетіне байзақтықтар зор қызығушылық танытып, басылымнан керегін тауып оқитындарына тоқталды. Сондай-ақ, Елбасымыздың саясаты мен ел Тәуелсіздігінің тұрақтылығы және халықтың әл- ауқатының артып, табысы мен тұрмыс сапасының жақсаруы жөніндегі баспасөз мақалаларының да мемлекет пен өңір дамуында атқаратын рөлі зор екенін айтты.

Бұдан кейін сөзді газеттің Бас редакторына берді. Облыстық «Aq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы Байзақ ауданының қасиетті топырағынан Арғынбай Бекбосын секілді қайраткер тұлға, Жақсылық Үшкемпіров секілді тұңғыш Олимпиада чемпионы шыққанын айтып, елге деген ерекше ілтипатын жеткізді.

— Облыс баспасөзінің қара шаңырағы — «Aq jol» газеті келесі жылы 97-ге толады. Бұл — ғасырға жуық уақыт. Осынау ұзақ мерзім ішінде газет сан рет түлеп, жаңару жолдарынан өтті. Аты да бірнеше мәрте өзгерді. 1992 жылы Арғынбай Бекбосын ағамыз бас редактор болып тұрғанда «Ақ жол» болып өзгеріп, бүгінде оқырманына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Мен сол Арағаңның тұсында, сол кісінің бұйрығымен газетке жұмысқа қабылданған едім. Сондықтан сіздерді газетіміздің ардагері, қадірлі ағамыз Арғынбай Бекбосынның жерлестері деп те қадір тұтамыз. Аудан білім саласы бойынша облыста алдыңғы орында, алфавит бойынша да тізімде көш басында тұр.

Г азетке жазылу барысында да бірінші орыннан көрінеді деп сенеміз.

«Aq jol»-дың бүгінгі бет-бейнесі өздеріңіздің көз алдарыңызда. Алдымен Елбасының сындарлы саясатын жүргізіп, Мемлекет басшысының бастамалары мен идеяларына қолдау білдіреміз. Елімізде, облыста болып жатқан елеулі жаңалықтарды да біздің басылымнан біліп, хабардар болып отырсыздар. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов барлық салаға, оның ішінде баспасөзге де зор қолдау танытып отыр.

«Aq jol» газетінде бірнеше арнайы бет бар. Оны өздеріңіз оқып жүрсіздер. Елімізге белгілі тұлғалармен әңгімелесіп «Бүкпесіз әңгіме» деген айдармен бір беттік үлкен сұхбаттар жариялап келеміз. Халқымыздың біртуар перзенттері Дінмұхамед Қонаев, Бауыржан

Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Кемел Тоқаев жайында кесек-кесек дүниелер жазылып жатқанынан хабарларыңыз бар. Біздің мақсат

  • қайткенде де оқырман көңілінен шығу, уақыттың талабына, сіздердің талаптарыңызға лайықты жауап беру,
  • деді К.Сәттібайұлы.

Мұнан соң Сарыкемер ауылындағы №17 Ғани Мұратбаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Мұхит Нәметқұлов «Aq jol» газетін ұстаздар қауымы қызыға оқитынын айта келіп, оқушыны сыни ойлауға дағдыландыратын танымдық мақалалар көп жарияланса, қазақтың көне салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпы, тарихы газет бетінен түспесе деген ұсынысын білдірді. Аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Қанай Жүзбаев облыстағы бас газетті қолдайтынын айтып, төл теңгемізге

ескерткіш орнатылса деген ұсынысын білдірді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемал Беспаев байзақтықтар «Aq jol» газетіне ерекше құлшыныспен жазылатынына, ауыл- ауылдарда бұл газетке деген құрметтің жоғары екеніне тоқталды.

Мұнан соң Көсемәлі Сәттібайұлы айтылған ұсыныстардың орынды екенін, тарихи, қазақтың салт-дәстүрлері тақырыптары газеттің назарынан түспейтінін айтып, алдағы күнде де мұндай пайдалы кездесулердің толастамайтынын білдіріп, байзақтықтарға алғысын жеткізді.

Жиынды аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев қорытындылап, байзақтықтар баспасөз науқанын белсенділікпен өткізіп, «Aq jol» газетіне де жаппай жазылатынын жеткізді.

 

 Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support