Жаһан

Қазақстан Жаңа Жібек жолы бойынша халықаралық күш біріктіруді қолдайды

Қазақстан Жаңа Жібек жолы бойынша халықаралық күш біріктіруді қолдайды

Вашингтондағы Қазақстан Елшілігінің бастамасымен Орталық Азия, Оңтүстік Азия және Кавказ елдеріндегі аймақтық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарын қарастыратын дәстүрлі кездесу өтті. Оған АҚШ Мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары Фатема Сумар және аталған аймақтардағы Үндістан, Пәкістан, Түркия, Грузия, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан мен Өзбекстан сияқты мемлекеттердің елшіліктерінен өкілдер қатысты. Кездесуді ашқан еліміздің АҚШ-тағы Уақытша сенімді уәкілі Еркін Ақынжанов Қазақстанның «Жаңа жібек жолын» (ЖЖЖ) дамыту мен өңірлік көлік дәлізі жобаларына қатысты қосқан үлесіне тоқталып өтті. Шараға қатысушылар сондай-ақ еліміздің Ауғанстанға ізгілік және техникалық көмек көрсетуі, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан Республикасында инвестициялық климатты жақсарту, соның ішінде АҚШ және Қазақстан экономикасындағы ірі инвестор болып табылатын өзге де елдердің азаматтары үшін визасыз тәртіп енгізуі жөнінде мол мағлұматтар алды. Ал биыл маусым айында Қазақстанда болып қайтқан америкалық дипломат Ф.Сумар еліміздің аймақтық әріптестікті нығайту жолындағы сыртқы саяси белсенділігін жоғары бағалайтынын атап өтті. Ф.Сумар ЖЖЖ бастамасын жүзеге асыру бағытында өңірлік сауда, шекараны нығайту, көліктік әлеует пен энергетикалық серіктестікке жаңа мүмкіндіктер беретін CASA 1000, Түркменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан және Тәжікстан-Өзбекстан-Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан сияқты жобаларды жүзеге асыру барысына тоқталды. «Жібек жолы» аймағының дипломаттары өңірлік экономикалық кооперация болашағы және оның қауіпсіздікті нығайту мен өркендеу мақсатына жету маңыздылығы төңірегінде пікірлерімен бөлісті. Ақпарат көзі: www.kazinform.kz