- Advertisement -

Жолдау жүктеген міндеттер мәдениет мен өнеріөрге баскан ел озады

65

- Advertisement -

Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын ауданның мәдениет қызметкерлері де зор серпіліс жағдайында қабылдап отыр. Онда алға қойылған міндеттер мен тапсырмалардың нақты іс жүзіне асырылуына атсалысуда да айрықша құлшыныс танытылуда.Елбасының елге арнаған сөзінде атап өткеніндей, біз тәуелсіздік жылдары шын мәнінде де көп жұмыстар атқардық. Оның бәрін санамалап беруге де болады. Жаңа елордамыз — Астананы салғанымыздың өзі неге тұрады! Халқымыздың саны 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетіп отыр. Оның үстіне аз-ақ жылдың ішінде берік экономикалық негіз қалыптастырдық. Үш жыл бұрын «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарын жарияладық. Содан кейін еліміздің Үшінші жаңғыруына кірістік. Алға қойып отырған басты стратегиялық мақсатымыз 2050 жылға қарай әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу екені баршаға мәлім. Біз осы міндет үдесінен шығатын боламыз. Бұл үшін қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуға тиіс. Жаңа Жолдауда, міне, осы міндеттер айқындалып, оны мүлтіксіз жүзеге асыру жайы қолмен қойғандай көрсетіліп отыр.Осы орайда Елбасының Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсыруы барша қазақстандықтарды, оның ішінде жалақылары жартымсыздау мәдениет саласы қызметкерлерін де айрықша қуанышқа кенелтіп отыр. Бұл іс барлық салалар бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтитын болады. Сондай-ақ бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өспек. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдар аралығында республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу қарастырылуда.Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты — өмір сүру деңгейінің артуы. Ал бұл жаһандық экономикалық дағдарыс шырмауында қалмауымызға, тұрмыспен бірге сананың да өсуіне септесіп, қарапайым еңбек адамдарын жаңа еңбек жетістіктеріне жігерлендіретіні анық. Өйткені бүгінде тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы да қауіпсіз жағдайда өмір сүру әрбір қазақстандық отбасының басты арманына айналып отыр емес пе? Бұл — екінің бірінің басында бар мәселе. Осыған орай, тірек саналатын ауылдардан бастап республикалық маңызы бар қалаларға дейінгі түрлі елді мекендер үшін өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеу тұрғысындағы міндет қойылуы да үмітімізді үстей түсуде.

Бұған дейін жарияланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаппай қолдауға ие болып,

қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін бергені белгілі. Біздің «оң жамбасымызға» келген іс те осы болды. Бұл бастаманы одан әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудеміз.

Ұлбике ақын атындағы аудандық Мәдениет орталығының аты бұл күнде аудан мен облыс аумағынан асып, республикаға жақсы таныс болып қалды. Өнер жолы сан қилы. Іркіліс те, ұмтылыс та кезектесе өріліп жатады. Алайда ұжымымыз бен оған қарасты 9 ауылдық мәдениет үйі мен 8 клубтың қызметкерлері өнерді өрге сүйреп, өз көрермендерін қуантудан әсте жалыққан емес. Олар өнердің халыққа жақын екенін жақсы түсінеді.

Өнер адамы — өзінше бір әлем. Миллион қырлы, миллион сырлы. Мөлдір сезім, нәзіктік һәм бұлқыныс. Алуан бояу, қым-қуыт жан дүние құбыланамасы да сонда. Осындай ерекшеліктерге ие орталық ұжымы күннен- күнге қанатын кеңге жайып, уақытпен санаспай еңбек етуде. Аудан орталығы мен ауылдардағы барлық айтулы оқиғалардың, мәдени- көпшілік шаралардың ұйымдастырушысы һәм үйлестірушісі болумен келеді. Көпшіліктің жан дүниесіндегі бұлқынған тебіреніс пен рухани нәрге деген сұранысты дөп басып, қызмет көрсетудің үлгісін танытуда.

Әр жыл сайын өткізілген мыңнан астам іс-шараны санамалап, жеке-жеке атап көрсету әрине, мүмкін емес. Барлық мерекелік және

атаулы күндер, саяси оқиғалар әсте назардан тыс қалмайды. Ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, жас ұрпақтың санасына құю мақсатындағы жұмыстардың жөні бөлек. Сондай-ақ діни экстремизм көріністерінің алдын алу мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту шаралары да күн тәртібінен түскен емес.

Ең бастысы, аудандағы мәдениет ошақтарындағы жұмыстар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру аясында жандандырылуда. Орталығымыздың бір өзінде «Талас таланттары» халық театры, «Жастар шоу» үйірмесі, қуыршақ театры, «Талас толқыны» ән-би, «Ғасыр ана» әжелер ансамбльдері, «Поколение» ардагерлер хоры жұмыс істейді. Бұдан басқа түрлі тақырыптарда байқаулар ұйымдастырылып, аталар ұлағаты ұлықталып, ел ішіндегі таланттардың танымал болуына айтарлықтай жағдайлар жасалуда.

Елбасы өзінің биылғы Жолдауында « Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс» деп атап көрсеткені белгілі. Осыған байланысты келер жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Ендігі жерде біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға жұмыла кірісуге тиіспіз. Бұған арнайы «Ауыл — ел бесігі» жобасының іске қосылуы да көп септігін тигізетін болады деп сенеміз. Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді уақыт ұттырмай қолға алу керек-ақ.

Бүгінде, міне, осылай халықтың әлеуметтік көңіл-күйін айқындайтын негізгі салаларда теңдессіз шараларды жүзеге асыру күн тәртібіне өткір қойылып та отыр. Аталған бастамалардың қаржылық көлемі 1,5 триллион теңгеден асады, ал жиынтық әсері одан да көбірек болады деп күтілуде. Бұл, сөз жоқ, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға зор серпін береді.

Қысқасы, халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің дамыған 30 елдің қатарына қосылуы басты мұратымызға да айналып отыр. Ел тұрғындары, оның ішінде біздің ауданымыздың мәдениет қызметкерлері де осынау үдеден шығуға күш жұмылдыра береді деп ойлаймын. Санасы мен сезімі сергек, рухы асқақ, өнері мен мәдениеті мықты еліміз талай белестер мен биіктерді бағындыратынына әбден сенімдіміз.

Кендия ПІРМАН, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Ұлбике ақын атындағы Мәдениет орталығының директоры.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support