- Advertisement -

Жылумен, сумен, электр қуатымен қамтудың жайы қандай?

63

- Advertisement -

Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеуге, табиғи монополиялар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілерінің тұтынушылар қаражатын пайдалануын бақылау мен оның ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған жедел шаралар кешенін қабылдау бойынша 5-тармақты жүзеге асыру жүктелгені белгілі.
Осыған байланысты тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалар аясында тұрғын үйлерді жылумен, сумен және электр қуатымен қамтамасыз етудегі табиғи монополиялар нысандарының тұтынушылық қорлар мен тұтынушылар қаражатын мақсатты пайдалануы мәселелері облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті өткізген қоғамдық тыңдауда кең ауқымда қаралып, талқыланды. Оған облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, «Нұр Отан» партиясы мен «Атамекен» ҰКП облыстық филиалдарының, бірқатар табиғи монополиялар нысандарының, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және бірқатар тұтынушылар қатысып отырды.
Жиын барысында «Таразэнергоорталық» АҚ вице-президенті Б.Сағындықова, «Таразтрансэнерго» МКК-ның бөлім басшысы Ү.Жолдыбаев, «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-ның бөлім басшысы Ж.Сембиев және «Тараз Су» МКК-ның бөлім басшысы Ә.Бөлтіріков өздерінің тарифтік сметалары мен инвестициялық бағдарламаларының орындалуы туралы есеп берді.
«Таразэнергоорталық» АҚ жылу және электр энергияларын өндіру, негізгі және көмекші қондырғыларды, ғимараттарды және құрылғыларды жөндеу және пайдалануға беру өндірісі болып табылады. Биылғы жылдың басында акционерлік қоғам алдындағы тұрғындардың қарызы қомақты қаржыны құраған. Жазғы кезеңде тұрғын үйлерге ыстық су берудің төменгі деңгейде жүзеге асырылуы, жүйелік сулардың нормадан тыс пайдаланылуы, жылыту жүйелерінің тозуы мұндай шығынның басты себептері болып отыр. Мұны оңтайлы шешу жолдары да қарастырылуда екен. Биыл 2,2 шақырымдық жылу жүйесі ауыстырылған. Басқа да техникалық жаңарту ісі жүргізілуде. Жалпы жөндеу қоры 72,2 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ 54,4 миллион теңгеге жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын ТК-110, ТК-111 ішкіорамдық жылу жүйелерін алмастыру бойынша инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылған.
«Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-ның 2016-2017 жылдар аралығындағы атқарған жұмыстары да баяндалды. Серіктестік электр қуатын 31 пайдаланушы мекемеге жеткізіп, бөлу ісін жүзеге асырады. Айта кетерлік бір жай, облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментімен 2016-2020 жылдар аралығындағы тарифтік смета мен бағалардың шекті деңгейі бекітілген. Соған сәйкес қосымша құн салығын қоспағанда 1 кВт. сағаттық электр қуатын тұтыну құны 2016 жылы – 5,40, 2017 жылы – 5,46, 2018 жылы – 5,62, 2019 жылы – 5,71, 2020 жылы 5,79 теңге болуға тиіс.
Аталған кәсіпорын жаңартылған энергия көздері қуатын өз жүйелері бойынша тегін тасымалдау құқына да ие. Жаңартылған энергия көздерін пайдаланып, электр қуатын өндіретін ұйымдар қатарында бүгінде «РемКомСтрой», «Изен-Су», «Жамбыл ГЭС», «Гидроэнергокомпания», «Компания А&Т Энерго», «Vista International», «КазЭкоВатт», «ВетроИнвест» ЖШС-лары бар. Жалпы, жаңартылған энергия көздерінің тиімді босатылуы ауқымы 2016 жылы 162 миллион кВт.с, 2017 жылы 72,2 миллион кВт. с. көлемінде болған.
Ал «Тараз су» МКК Талас-Аса жерасты су қорларын тиімді игеру арқылы қала тұрғындарын ауызсумен үзіліссіз қамтамасыз етумен келеді. Кәсіпорын 93 су ұңғымасы мен 586,192 шақырымдық су құбыр желісінің көмегімен жылына 21870,6 мың, ал тәулігіне 60,3 мың текше метр су жеткізу әлеуетіне ие. Өткен жылы жұмысшыларының жалпы саны 640 адамды құраған. Олардың орташа айлық жалақысы 99751 теңге көлемінде. Осы орайда Таразда сумен қамту қызметінің бағасы еліміз бойынша ең төмені екенін атап өту жөн. Яғни бір текше метр су пайдалану 81,99 теңгеге ғана түседі. Бұл –
2017-2022 жылдарға арналып бекітілген баға. Кәсіпорын өкілі Ә.Бөлтіріков биылғы жылдың 9 айы ішінде барлық қызмет түрі бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы да кеңінен тоқталып өтті. Бұдан үш жыл бұрын мекеме Еуропалық қайта жаңғырту және дамыту банкісімен «Тараз қаласының сумен жабдықтау жүйелерін жаңарту» жобасы бойынша 1 050 000 000 теңге сомасындағы несиелік келісім жасасқан.
Жоба, сондай-ақ ҚР Үкіметі мен облыс әкімдігінің гранттық қаражаты есебінен де қаржыландырылып, халықаралық қаржы ұйымдарынан инвестиция тарту саясаты аясында жүзеге асырылу үстінде екен.
Табиғи монополиялар нысандарының өкілдері журналистер мен тұтынушылар тарапынан қойылған сұрақтарға да тиісінше жауаптар қайтарды. Жиынды қорытқан облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Е.Дүйсенбиев аталған нысандарда тұрғын үйлерді жылумен, сумен, электр қуатымен қамту жұмыстарын өз деңгейінде жүргізуі алдағы уақытта да бақылауда ұсталынатынын, серпінді жобалар өз жалғасын таба беретіндігін атап өтті.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support