- Advertisement -

Агроөнеркәсіп кешенінде атқарылар іс ауқымды

84

- Advertisement -

Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары аясында біздің өңірімізде де кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласы айрықша басымдыққа да ие. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау, көмек те мол. Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейтілуі үшін жеңілдетілген несиелер, субсидиялар ұсынылуда. Оның қайтарымы да жоқ емес. Соның нәтижесінде облыстың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері жыл сайын ерен табыстарға да қол жеткізумен келеді. Өңірдің агроөнеркәсіп кешенінде биылғы жылдың 10 айында қол жеткізілген жетістіктер бұған нақты айғақ боларлықтай.
Аталған мерзім ішінде ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімінің жалпы көлемі – 229 395,0 миллион (оның ішінде егін шаруашылығында 136 250,6 миллион, мал шаруашылығында 92 366,9 миллион) теңгені құрады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығының негізгі қорына 18,3 миллиард теңге, яғни өткен жылдың сәйкес мерзіміндегіден 7,3 миллиард теңге артық құйылып, бұл тұрғыдағы көрсеткіш 162,8 пайызға асыра орындалды.
Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі қорына инвестиция салу, еңбек өнімділігі, қосылған құн бағасы бойынша индикаторлардың орындалуы да былтырғы жылға қарағанда, басым үлеске ие.
Биылғы қаңтар-қазан айлары аралығында облыстағы мүйізді ірі қара малының саны 8,1, қой-ешкі 3,9, жылқы 8,0, түйе 4,6, құс 24,9 пайызға көбейгені байқалуда. Сондай-ақ ет өндіру 4,0, сүт өндіру 1,9, жұмыртқа өндіру 9,1 пайызға артып отыр. Ағымдағы жылы 2500 (сиыр еті – 1000, қой еті – 1500) тонна ет экспорттау жоспарланған болатын. Бүгінгі күні 2338,6 тонна ет экспортталып, бұл тұрғыдағы жоспар 93,5 пайызға орындалды.
Қолда бар төрт түлік малдың жемшөптен тарықпай, ойдағыдай қыстатылуы үшін облыс бойынша 1 миллион 471,4 мың тонна пішен, 37,9 мың тонна пішендеме, 15,7 мың тонна сүрлем, 119,7 мың тонна сабан дайындалды. Сондай-ақ биыл 278,9 мың гектарда өсірілген масақты дәнді дақыл орылып, барлығы 671,1 мың тонна дән бастырылғанын, орташа гектар қайтарымы 24,1 центнерден айналғанын да атап өту жөн. Мұның барлығы да ел игілігін еселеген егінші-диқандар еңбегінің бір биік белесі екені анық.
Жалпы саладағы мәселелерді жүйелі шешу үшін үстіміздегі жылы арнайы ауыл шаруашылығы картасы жасалынғаны баршаға мәлім. Онда, бірінші кезекте егістік алқабы көлемін ұлғайту қарастырылып отыр. Бағзы кездері өңірдегі жалпы егістік жер көлемі 992 мың гектарға дейін жеткен болса, бүгінде оның 214 мың гектары айналымнан шығарылып тасталған. Енді оның 33,0 мың гектарын қайтаруға болатыны анықталып отыр. Сонымен қатар қосалқы жерлерден 24,9 мың гектар қосымша айналымға енгізіледі. Оның 25 мың гектарын айналымға енгізу биылғы жылға жоспарлануда.Бұл тұрғыда жүзеге асырылуға тиіс шаралар жоғарыда аталған Картада да нақтыланып, белгіленіп отыр.
Онда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, қалыптастыру және дамыту мәселелері де қарастырылған. Қазіргі уақытта 44, оның ішінде сүт бағытында – 25, ет бағытында – 12 және көкөніс, құс өсіру секілді басқа да бағыттарда 7 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, жұмыс істеуде. Жалпы, кооперативтерді бет алды аша бермес үшін олардың саны өңірдегі қайта өңдеу кәсіпорындары әлеуетімен де сәйкестендірілді. Нәтижесінде 8 сүт өңдейтін кәсіпорынға қосымша 32 сүт кооперативін ашу кажеттілігі анықталды. Сол сияқты, ет бағытында 25 кооператив құрылуы қажеттігі күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Биыл 20 – сүт, 10 ет бағытындағы кооперативтер ашу арқылы кәсіпорындар жүктелімін 80 пайызға жеткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы кооперативтері тарапынан 5600 тонна сүт өндіріліп, сүт өңдеуші кәсіпорындардың жүктелімі 10-15 пайызға артуына қол жеткізіліп отыр.
Картада аграрлық саланы қарқынды техникалық қайта жарақтандыру да қарастырылған. Соған сәйкес есепті кезеңде сатылып алынған жаңа техникалар есебінен өңірдің техникалық паркінің жаңару деңгейі 4,2 пайызды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 5, ал 2021 жылға дейін 10 пайызға дейін жеткізу көзделуде. Осы ретте су тасқынының алдын алу, су жүйелері мен каналдарды тазарту және қалпына келтіру мақсатында «Талас-Аса» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны негізінде өңірлік механикалық отряд құрылып, оның материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға 693,6 миллион теңге бөлінді.
Бұл құрылымның суармалы алқаптар көлемін ұлғайтуға, жерді пайдалану тиімділігін арттыруға қосатын үлесі де қомақты. Коммуналдық механикалық отряд күшімен 2018 жылы 3 канал және 3 су қоймасы жөнделді, 1 мың гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына қосу көзделуде. Жалпы 2019-2020 жылдары нақты қолданылудағы суармалы жерлердің көлемін 184,4 мың гектардан 192,8 мың гектарға дейін арттыру жоспарланып отыр. Оған қоса құрылған мехотряд күшімен 34,8 мың гектар суармалы алқап қайта айналымға енгізіледі деп күтілуде. Оның ішінде жаңадан қосылатын жер көлемі 8,8 мың гектарды құрайды. Сондай-ақ 28 шағын тоған соғу және қалпына келтіру арқылы 6,2 мың гектар жер айналымға қосылатын болады.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өңірлік бағдарламасын іске асыру тұжырымдамасына сәйкес 2019-2022 жылдар аралығында етті қайта өңдеуші кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында шаруашылықтарды зәкірлі кәсіпорындар төңірегінде топтастыра отырып, ет экспорты көлемін арттыру және су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы еңбек өнімділігін 2,5 есеге дейін ұлғайту қарастырылған.
Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру аясында заманауи инновациялық технологияларды және фермерлер «ақылды» басқарушылық шешім қабылдауы үшін алдымен жаңа технологияларды, ғарыштық түсірілімдерді, дифференциалды егісті өңдеу алгоритмдерін, мобильдік қосымшалар мен GPS-жүйелерімен басқарылатын озық үлгідегі агротехникаларды қолданысқа енгізу де ойластырылып отыр. Жер учаскелеріне құқықтар табыстауда ашықтықты қамтамасыз ете отырып, аграрлық салаға инвестициялар тарту міндеті де алға қойылуда.
Биылғы жылы 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасының екінші бағыты бойынша республикалық бюджеттен 4,1 миллиард теңге (1045 адамға несие беру жоспарлануда) бөлініп, қаржы институттарына, атап айтқанда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалына – 2 766,6 миллиард теңге және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалына – 1344,4 миллиард теңге берілген. Оның ішінде ««Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы тарапынан 2 652,1 миллиард теңгесі ( немесе 95,8 пайызы) игеріліп, 667 азаматқа несие берілуіне қол жеткізілген. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы арқылы 1095,6 миллион теңгесі немесе 81,4 пайызы игеріліп , 246 адам несие алды. Бүгінгі күні 4 111,0 миллион теңгенің 3 747,6 миллион теңгесі немесе 9,1 пайызы игеріліп, 913 адам шағын несие алды. Мұның да өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті артуына белгілі бір дәрежеде септесетіні анық.
Қазіргі уақытта салада жалпы сомасы 24,0 миллиард теңгені құрайтын кондитерлік цех, құс фабрикалары, қарқынды алма бағы, сүт тауарлы фермасы, мал бордақылау кешені, қант зауыты, өсімдік майы өндірісін кеңейту, жылыжай кешені секілді 9 инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар нақты жүзеге асырылған жағдайда өңірімізде 1053 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.
Уақытпен санаспай ерен еңбектің үлгісін танытып, осы жұмыстардың барлығының да басы-қасында жүрген асыраушы сала өкілдерін ертеңгі төл мерекелерімен құттықтап, олардың Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру жолында ауызбіршілікпен аянбай еңбек ете беретіндеріне сенім білдіремін.

Берік НЫҒМАШЕВ,
облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы
басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support