- Advertisement -

Жаңа мешіт бой көтерді

100

- Advertisement -

сонымен бірге спорт кешені құрылысының қазығы қағылды

Балуан Шолақ ауылдық округінде «Қойайдар баба» мешітінің ашылу салтанаты болып өтті. «Игі істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, ауыл халқы үшін жасалып жатқан игі шараға жиналғандардың санында есеп болмады. Айта кетуіміз керек, жамағаттың игілігіне беріліп отырған мешіттің ашылуына сол ауылдың тумасы Нұрхан Матышев демеушілік көрсеткен. Салтанатты рәсім Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілі Данияр Жұмабаевтың құран оқуымен ашылды. Бұдан кейін сөз алған діни басқарма төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз жиналған жұртшылықты имандылық үйінің ашылуымен құттықтап, өз ризашылығын білдірді. Бас мүфти жаңа мешіттің имамына қасиетті Құран кітабын сыйға тартты. Сонымен қатар салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Қайрат Досаев көпшілікті «Қойайдар баба» мешітінің ашылуымен құттықтап, демеушілерге алғысын жеткізді. Киелі өлкенің тұрғындары таң атысымен киіз үй тікті, ошақ құрды, үлкен асқа дайындалды. Өңірдің қарты мен жасы, ақ жаулықты анасы мен келіндері, еліміздің маңдайалды өнерпаздары, тұлпар тақымдаған шабандозы, жыршысы мен термешісі түгел осында.

Игі шараға бастамашы болған – Матышевтар әулеті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген сыйлы қонақ көп. Бұл киелі өлкеге деген құрметтің белгісі болса керек. Игі шараға арнайы атбасын бұрған грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының жеңімпазы, ел мақтанышы Жақсылық Үшкемпіров пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабеков жаңа мешіттің салынуына мұрындық болған Нұрхан Матышевқа ризашылықтарын білдірді. Шараға алты алашқа аты мәлім айтыскер ақындар мен еліміздің эстрада жұлдыздары, кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев, ауыл тұрғындары қатысты.
Айта кетейік, құрылысы жеті айда аяқталған жаңа мешітте бір мезетте 400-ге жуық адам құлшылығын өтей алады. Онда құлшылық бөлмесінен бөлек, дәріс беру сыныптары және 300 адамға арналған асхана орналасқан. Бұл күні ақындар халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Республикамызға танымал Балғынбек Имашев, Мұхтар Ниязов, Жандарбек Бұлғақов және Сырым Әуесхан сынды айтыскерлердің өнеріне жұртшылық риза болды. Мешіттің салтанатты ашылу рәсімінен соң жиналғандар ауылға ерекше сән беріп тұрған ақ шаңқан қазақы киіз үйлерде арнайы дайындалған дастарқаннан дәм татып, қазақ күресінен өткен жарыста балуандардың бабын байқады. Турнирге қазақ күресінен Әлем чемпионы және «Қазақстан барысы» жобасының қола белбеу иегері, жамбылдық Айбол Айтбек, Даулет Пахреддинов сынды балуандар жиналыпты. Сонымен қатар еліміздің эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, көкпар, бәйге сынды қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.
Тағы бір сүйіншілейтін жайт, дәл осы күні Балуан Шолақ ауылында құрылысы келесі жылы басталатын спорт кешенінің қазығы қағылды. Бұл іске мұрындық болған шалғай өңірлерде жауапты қызметтерді атқара жүріп, өзі туып-өскен Балуан Шолақ ауылының әлеуметтік өркендеуіне үлес қосқан – Айтжан Әшімов. Аталмыш нысанның алғашқы қазығын елімізге белгілі спорт ардагері, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіровтің өзі қақты. Айтжан Әшімовтің істің көзін таба білетін еңбекқорлығының бір дерегі ретінде айта кетейік, үстіміздегі жылдың мамыр айында кәсіпкер Балуан Шолақ ауылының кіреберісіне ауылдың аты жазылған, келбеті келіскен арка орнатып берген еді. Ол жуырда ғана Балуан Шолақ бабамыз бен қар барысының ескерткішін салдырыпты. Туындыны өңірімізге белгілі мүсінші Алтыбай Орманов жасаған екен. Биіктігі екі метр, салмағы бір тоннадан асатын ескерткішті жасау үшін мүсінші бір айдан аса уақыт тер төккен.
Жоғарыда айтып өткеніміздей кәсіпкер сол ауылдан жастарға арналған үлкен спорт кешенін салуды көздеп отырған көрінеді. «Қазіргі кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлерге барынша қолдау білдіріп, олардың еркін жұмыс істеуіне үлкен мүмкіндіктер тудырып отыр. Осы орайда біз де өзіміздің туған өлкемізге қолымыздан келгенше көмек қолын созып, оның одан әрі өркендей түсуіне біркісідей атсалысуға бел буғанымыз жөн. Мәселен, бүгінгі күні ауыл жастарының тұрақты түрде спортпен шұғылдануға құлшыныстары зор болғанымен, ауылда спорт нысандары жоқтың қасы. Ойлана келе, осы олқылықтың орнын толтыру үшін Балуан Шолақ ауылында спорт кешенін салуды жоспарладық. Құрылысы келесі жылдың көктем айында басталатын нысанға жер телімін бөліп беру мен оның құжаттарын рәсімдеуде аудан әкімдігі қолдау білдіреді деген сенімдеміз», – дейді Айтжан Рашидұлы.
Кәсіпкер жоғарыда айтылған Балуан Шолақ бабамыз бен қар барысының мүсінін жаңадан бой көтеретін спорт кешенінің алдына қоймақ ниетте екен. Бұл өз кезегінде ауыл жасөспірімдерінің рухын көтеретіні айтпаса да белгілі. Осындайда қазақтың «Ауылына қарап азаматын таны» деген аталы сөзі еріксіз еске түседі.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Суреттерді түсірген
Петр НОРКИН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support