- Advertisement -

Дәстүрлі діни таным ешқашан адастырмайды

77

- Advertisement -

Қазақ халқының дәстүрлі діни танымының негізі Ислам дінімен астасып жатыр. Ал оның қалыптасуында Имам Әбу Ханифа, Имам Матуриди және Қожа Ахмет Ясауидің рөлін ерекше атап өтуге болады.
Діни таным – кеңістік пен уақыт категориясына мән береді. Имам Әбу Ханифа дін мен шариғат, дін мен саясат арақатынасын ажыратып көрсетеді. Кейіннен бұл мәселені Имам Матуриди өз еңбектерінде нақтылай түседі. Яғни, дін – Хазіреті Адам атадан бастау алып, Мұхаммед пайғамбарға дейінгі аралықта уахи арқылы енген Алла мен адам, адам мен әлем арасындағы байланыстарды реттеуші жүйе. Дін – барлық адамзатқа ортақ құндылық. Ал шариғат әр елде әр түрлі көріністе орын алады. Бұл жерде кеңістік пен уақыт категорияларына келіп тірелеміз. Мұхаммед пайғамбар араб өлкесінде дүниеге келіп, сол қоғамның тұрмыс-тіршілігі, дәстүрі бойынша өмір сүрді. Сол қоғамның киімін киіп, сол тілде сөйледі. Ал енді сол аймақтың киімі, тамағы біздің географиялық кеңістігімізге, климатымызға сай келе ме? Осыдан он ғасыр бұрынғы мен қазіргі уақыт аралығында адамзат баласы көптеген ғылыми-технологиялық жетістіктерге жетті. Міне, осы мәселелерге байланысты Имам Матуриди ара жігін ажыратып көрсетті.
Ендігі кезекте дін мен саясат айырымына тоқталғанды жөн санаймын. Имам Матуриди көзқарасы бойынша халифат – діни емес, дүнияуи және саяси бір мәселе. Тікелей ұлттың немесе қоғамның ісі болып табылады. Сондықтан Құран саяси және құқықтық мәселелерді түгелімен адамдардың еншісіне қалдырады. Зайырлылық – исламның мәні, рухы, жаны. Құранның «Ниса» сүресінде «Аллаға, пайғамбарға, сосын іштеріңнен басшыға бағыныңдар» мағынасында аят бар. Бұл жерде «расул мен улул амр», яғни пайғамбарлық пен басшылық екі бөлек болмыстық мәнде айтылады. Пайғамбар мен мемлекет басшысы бір емес. Исламда жалпы мемлекет болмысы, мемлекет істері, басшысы Алла тарапынан тағайындалған да емес, теократиялық бір негіз де жоқ. Жоғарыдағы аятта да мемлекеттік билік пен діни билік екі бөлек болмыстық мәнде тұр. Сондықтан исламда мемлекеттік билікті басқару еркін халықтан алатын, формасы да «Алланың атынан билік жүргізетін теократия емес», ол халықтың атынан, халық сайлаған, еркін халықтан алатын, билік жүйесі деп қарау керек.
Пайғамбар көзі тірісінде «нубууат пен уалайат», яғни пайғамбар әрі мемлекет басшысы болды. Ең соңғы пайғамбар ретінде де өлгеннен кейін пайғамбарлық миссиясы тоқтады, уалайат, яғни басшылығы да. Егер теократиялық ұстаным болғанда, пайғамбар артына «менен кейін мына адам басшыларың болады» деп аманат етіп, «мұрагер» анықтап кетер еді. Ислам тарихында ондай мәлімет жоқ.
Мемлекеттік биліктің қазақ даласындағы көрінісі тарихи жазбаларда орын алған. Тарихшы М.Х.Дулатидің «Тарих-и-рашиди» атты еңбегінде Қазақ хандығы 1465 жылы құрылғаны туралы дерек бар. Өткенге көз салып қарайтын болсақ, Қазақ хандығында хандар төре тұқымынан шыққан сұлтандар арасынан таңдау негізінде сайланып отырды. Саяси, құқықтық мәселелерді шешуде билер институтының рөлін айрықша атап өтуіміз қажет.
Ал көрші мемлекеттермен саяси-экономикалық қатынастарды хандар тәжірибесі, парасаттылығының арқасында реттеп отырды. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» атты заңдар әзірленді. Ал дін әрбір адамның ішкі жан дүниесінде орын алып, ұрпақтан ұрпаққа тәрбиелік маңызы зор жыр-дастандар, өлең-шумақтар сияқты формада ауыз әдебиеті арқылы беріліп отырды. Шығармаларың басым көпшілігінде негізгі тақырып ахлақ болып табылады. Осы орайда Абай Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба» шығармасында адал еңбек, ғылым іздену, терең ойлауға шақырып, өсек, өтірік айту, мақтаншақтық сияқты жаман қасиеттерден арылуға шақырады. Қазақ даласындағы зайырлылықтың көрінісі Абайдың «Қара сөздерінде» де кездеседі. Яғни бірінші қара сөзінде ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып, дін бағу, балаларды бағу деп әрқайсысына бөлек тоқталып өтеді.
Зайырлылық – барлық наным-сенімдерге, идеологияларға бейтарап қарайтын мемлекеттің сипаты. Зайырлылық – дін емес, идеология емес, ол – құқықтық ұстаным. Зайырлылықтың негізгі өзегі – толеранттылық. Әртүрлі діни конфессиялардың бір шаңырақ астында бейбіт әрі ынтымақтастықта өмір сүруінде толеранттылықтың рөлі ерекше деп есептеуімізге болады. Қазақ даласында толеранттылықтың көрінісін археологиялық ескерткіштерден, сонымен бірге ақын, жырау бабаларымыздың мирас етіп қалдырған еңбектерінен көре аламыз.
Кешегі ойшыл, көрнекті ақын Абай Құнанбайұлы адамзат баласын мейірімділікке, бауырмалдыққа шақыратын өлең жолдарында:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, – деп кездеседі.
Қазіргі таңда мемлекетіміз демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танылады. Мемлекетімізде бірнеше ұлт өкілдері мен дін өкілдері өмір сүреді. Ал осы бірнеше ұлт пен дін өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруіне зайырлылықтың рөлін ерекше атауымызға болады. Еліміздің астанасында әлемдік деңгейде үш жылда бір рет «Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі» өтеді. Биыл 10-11 қазанда өткен алқалы басқосуға 42 елдің дін көшбасшылары, мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, беделді саяси, ғылым және қоғам қайраткерлері келіп, «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін» деген тақырыпта өз пікірлерін білдірді. Бұл жиында діндер арасындағы татулық, достық, бейбітшілік, ынтымақтастық мәселелері көтерілді. Бұл біздің мемлекетіміздің жетістіктерінің бірі деп есептеймін.

Нұржан НҰРМАХАН,
Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының ғылыми қызметкері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support