Мен кіммін?

71

Мен қазақтың қызымын, студентпін, ертең…

Сабақта «Мен кіммін?» деген тақырыпта ойтолғау жаздық. Сол сұраққа: «Мен – осыдан 3 миллиард жыл бұрын утопиялық алып жарылыс нәтижесінде абсолютті кездейсоқтықпен жерге қонған жұлдызды шаң эволюциясымын, яғни тозаңмын. Тозаң – индивид. Мектепке барып, əріп танудың арқасында жартылай адам болдым. Қазір өзім үшін жеке тұлғамын. Ал айналамдағылар оны білмейді…», деп қысқа қайырдым.
Расымен, «Мен кіммін?» деген сауалға жауап іздегенімде мына тәмсіл еске түсті.
Бір тақуа өзінен сұхбат алмақшы болған журналистен «Сіз кімсіз?» деп сұрайды.
Тілші: – Дэвид Кёрдпін!
Тақуа: – Жоқ, бұл сіздің есіміңіз. Сіз кімсіз?
Тілші: – Мен – журналистпін!
Тақуа: – Жоқ, бұл – мамандығыңыз. Сіз өзі кімсіз? – деп үшінші мəрте сұрапты.
Оның кезекті сұрағына ызаланып кеткен журналист:
– Мен – адаммын! – дейді. Сонда тақуа:

– Бұл сіздің биологиялық түріңіз. Көрдіңіз бе, сіз əлі күнге дейін өзінің кім екендігін білмейтін жансыз. Дүниедегі ең жиіркенішті нәрсе – өзіңнің кім екеніңді білмеу, – дейді…
Бұл өмірде барлығының белгілі бір миссиясы бар екендігіне сенемін. Ал менің міндетім ше? Мен қарапайым отбасының тəрбиесін алған қазақтың қызымын. Ұзын бұрымым, ұяң мінезім соны айғақтай түседі. Журналист болсам деген арманның жетегінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті атандым. Ал ертең кім болатыным өзіме аян.

Арай Жұматай,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
3-курс студенті.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.