- Advertisement -

Әке, сізге арнап жазарым көп

81

- Advertisement -

Әке, қалыңыз қалай? Сау саламат жүрсіз бе? Бұл сұрақтарым артықтау болған шығар, ә… Ой жүгіртіп көрсем, бұл сізге жазған алғашқы хатым екен. Сондықтан қалай жазам, не жазам деп ұзақ ойландым. Бастапқыда бүгінде хат жазу трендте емес екенін ойлап, ыңғайсыздандым. Бірақ жүрегімдегі сағыныш сезімі еріксіз қолыма қалам алдырды. Ақ қағазда жорғалай жөнелген көк сиялы қаламым да жүрдек болып шықты.
Әке, соңғы уақытта терезеден айналаға қарап көп ойланатынды шығардым. Өзім төрт құбыласы тең бар балаларға өмір бойы қызығып келдім. Әкесінің мойнына еркелей асылған тентекті көрсем, соның орнында болсам ғой шіркін, деп армандайтынмын… Мен өзіңізбен бірге күн ұзақ серуендеп жүре берер едім. Барлық бос уақытымды сізбен бірге өткізер едім ғой. Әттең… Күрсінемін… Мойынсынамын… Амал қанша?
Әке, сізді қалай сағынатынымды айтып та, жазып та жеткізе алмаспын. Сіздің әрбір сөзіңіз, қимылыңыз көз алдымнан кетер емес. Кейде қиналған кезімде «Қызым, мен қасыңдамын», – деген мейірімді дауысыңыз құлағымның түбінен еміс-еміс естілгендей болады. Анама туған күнінде сыйлаған сыйлығыңызды көзімнің қарашығындай сақтап жүрміз.
Анам оны өз бөлмесінде тығып ұстайды. Жоғалып қалмасын деп. Бүлдіріп аламын ба деп қорқатыны соншалық қол ұшын тигізбейді. Білесіз бе, әкетай, ұлыңыз сіздің үмітіңізді ақтады. ҚазҰУ-ге оқуға түсті. Соны естігенде сіз қатты қуанар едіңіз-ау! Білемін. Кенжетайыңыз жаз басталса, балапан бағады. Биыл «ақша табамын» деп бақшадағыларға қолқабыс етті.
Бұл хат аздап болса да сағынышымды басқандай. Әуелгіде жазған хатымның алғашқысы да, соңы да осы деп едім. Бірақ, олай емес екен. Әлі сізге жазарым көп… Өмірімнен кетсеңіз де, жүрегімнің түкпіріндегі бейнеңіз өшпейді, әке!
Сәлеммен сіздің Дидарыңыз.

Дидар Айдарқызы,
ТарМУ-дың журналистика факультетінің 3-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support