Спорт және туризм

Жайна мен Назым келесі кезеңге өтті

Жайна мен Назым келесі кезеңге өтті

Үндістанда бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты басталды. Байрақты бәсекеде ел намысын 48 килограмм салмақта Әйгерім Қасенаева, 51 килограмм салмақта Жайна Шекербекова, 54 килограмм салмақта Дина Жоламан, 57 килограмм салмақта Назым Ишанова бастаған өзге де бұрымды боксшыларымыз қорғайтыны белгілі. Жарыстың алғашқы күнінде екі бірдей аруымыз шаршы алаңға шығып, жанкүйерлердің сенімін ақтай білді. Рингке бірінші болып 51 килограмм салмақ дәрежесіндегі Жайна Шекербекова көтерілді. Ресей Федерациясының өкілі Светлана Солуяновамен қолғап түйістірген Жайнаның шеберлігі жоғары екені айқын аңғарылып тұрды. Үш раунд бойы қарсыласынан мықты екенін дәлелдеген ол төрешілердің бір жақты шешімімен жеңіске жетті. Бұдан кейін кезек 57 килограмм салмақтағы боксшы қыздарға тиді. Ел намысын қорғаған Назым Ишанова бангладештік Аники Исламның аптығын басты. Гонг үні естіле салысымен шабуылған ден қойған Назымның сериялық соққылары бангладештік боксшыны әбден састырғаны анық. Жекпе-жек басталғаннан аяқталғанға дейін басымдықты уысынан шығармаған Назым да келесі кезең жолдамасын қалтасына салды.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.