Сарысу ауданының музыкалық мұрасы 8 СD дискіге жазылды

101

Сарысу ауданында туған халық композиторлары мен қазіргі заман сазгерлерінің шығармалары, осы өңірде көп орындалатын халық әндері мен есімі елге таныс әнші, күйшілердің туындылары сегіз дискіге топтастырылып, өнерсүйер қауымның игілігіне ұсынылды.
Бесігін əн тербеген Қаратау – саусағынан саз төгілген дəулескер күйшілердің де мекені. Қарт Қаратаудың қойнауы Қорқыттан қалған сарынды жаңғыртып, Ықыластай ұлы күйшімен халқының құлағын классикалық қобыз күйлеріне қандырған жер. Сондықтан 1-дискі дəулескер күйші Ықылас Дүкенұлының күйлеріне арналып, радиохабарлар берілді.
Қара домбырасымен ел тарихын шежіредей сарнатқан Сүгір күйлерінен бастау алып, дəстүрдің жалғасы іспетті күйлердің таңдаулы нұсқалары сарысулық күйшілердің орындауларында «Сарысу күйшілері» деген атаумен 2-дискіге енді. Сондай-ақ мұнда сарысулық күйшілердің шығармашылық портретін ашатын радиохабарлар да бар.
Сарысудан шыққан композиторлар мен əншілер есімі бұл күнде алты алашқа мəлім. Осы орайда, ауданнан шыққан, қазақ өнерінде қайталанбас қолтаңба қалдырған композиторлар Илья Жақанов пен Тынышбай Рахымның əндері 3,4-дискілерге топтастырылып, біртуар əншілер – Амангелді Сембин мен Сəуле Жанпейісованың орындауындағы шығармалар 5,6-дискілерге жинақталған. Ал «Сарысу композиторлары мен əншілері» атты 7, 8-дискілерге аталған өңірдің талантты өнерпаздарының шығармалары енгізілді.
Сегіз дискіден тұратын СД жинақ – асыл қазынамызға жанашырлық танытып, жарыққа шығаруға демеушілік жасаған белгілі меценат, кəсіпкер Жеңіс Тоғызақбаев. Жоба кеңесшісі – жазушы, композитор, өнер зерттеушісі, Қазақстанның жəне Қырғызстанның еңбек сіңірген мəдениет қызметкері Илья Жақанов. Жоба продюсері, идея авторы Қазақстан Президенті сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Болатбек Төлепберген.

«Aq jol-Aqparat».

Comments are closed.