- Advertisement -

Әр шаңырақта қазақ басылымы, оның ішінде «Aq jol» газеті болуы тиіс

162

- Advertisement -

Бұрнағы күні облыстық «Aq jol» газетінің ұжымы Жамбыл ауданына барып, оқырмандарымен жүздесті. Оған ауыл әкімдері, ұстаздар қауымы, медицина қызметкерлері және тұрғындар қатысты. Жазылым науқанына орай ұйымдастырылған басқосуды аудан әкімі Бақыт Қазанбасов ашып, басылымның өңір тұрғындары үшін маңызын, салмағын әңгімеледі. «Бұл облыстық газетке деген құрметіміз бөлек. Аймағымыздың бас газеті саналатын «Aq jol»-ды еңкейген қариядан мектеп жасындағы балаға дейін оқитыны жасырын емес. Өйткені онда түрлі тақырыптар қамтылып, рухани, мәдени, саяси дүниелер барынша мол жарияланады. Сондықтан да аудан тұрғындары жазылым кезінде осы газетке жазылуды назардан тыс қалдырмайды деген сенімдемін», деді Бақыт Алпысбайұлы.
Жиында белгілі жазушы, облыстық «Aq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы сөз сөйлеп, басылым туралы кеңінен әңгімеледі. «Ауданда соңғы жылдары көптеген іргелі жұмыстар қолға алынуда. Оның бәрін жазып, саралап, зерделеп, әдеби-көркем тілмен жұртқа жеткізіп отыратын – газет. Сондықтан баспасөз науқанына жазылудан қалыс қалу, оны екінші пландағы жұмыс деп қарау жарамайды. Себебі күні кеше ғана өмірден озған жазушымыз Шерхан Мұртазаның «Құстың қос қанаты бар. Оның біреуін қырқып тастаса, құс ұша алмай қалады. Сол сияқты, мемлекеттің де қос қанаты бар: біреуі – экономика, екіншісі – руханият» деген сөзі бар. Сол руханияттың ішіне әдебиет, мәдениет, өнер кіреді. Байқасаңыздар, қазір әдебиеттің рөлін газет атқарып отыр. Бүгінде эпикалық үлкен кітаптарды оқып жүрген ешкімді көрмейміз. Ал газет беттерінде күнделікті әдеби материалдар, көркем шығармалар, өлеңдер жарияланып тұрады. Оқырман сол арқылы ұлттың құндылықтарымен қауышады, сусындайды, сол арқылы тұшымды романдарға келеді», деді ол.
Көсемәлі Сәттібайұлының айтуынша, әр үйде қазақ тілді газет болуы қажет. Өйткені сол үйдің газетті оқып өскен баласы кейін ауыл әкімі, аудан әкімі, үлкен мемлекеттік қызметтерді атқаруы, елге қызмет етуі ғажап емес. «Сонда газеттің күшін, құдіретін сезінеміз. Сондықтан әр шаңырақта қазақ басылымы, оның ішінде облыстық «Aq jol» газеті болуы тиіс деп ойлаймын», деді бас редактор.
Жазушы кездесуде «Облыстық «Aq jol» газетінен не оқуға болады?» деген сауалға да жауап берді. «Кейбір газеттерді ашып қалсаңыз, бастан-аяқ сандар, көрсеткіштер, түсініксіз жазулар… Біз газетіміздің оқырманға тартымды, оқылымды болуы үшін көптеген арнайы беттерді жасаймыз. Мәселен, «Пырақ» деген әдебиет бетіміз бар. Онда өнер, сурет, музыка, әдебиет өкілдерінің шығармалары жарық көреді. Бұл бетті оқыған жанның рухани байып, демалатынына сенімім зор. Содан соң «Айша бибі» атты қыз-келіншектерге арналған бетіміз оқырманға тұрақты жол тартып тұрады. «Маздақ» деген жастарға арналған бетіміздің де өзіндік салмағы, маңызы бар. Қиял-ғажайып, мистикалық оқиғаларды ұнататындарға арналған «Тылсым дүние» деген бетімізді де атап өтуге болады. Мұнда әлемдік деңгейдегі атақты тұлғалардың өміріндегі қызықты жағдаяттар, құпиялар туралы баяндаймыз. Сатирик-жазушы Шона Смаханұлы деген жерлесіміздің есімі барлығыңызға таныс. Сол кісінің құрметіне арналған «Шөкеңнің шошаласы» деген әзіл-сықақ бұрышы ай сайын жарық көріп тұрады. «Оқырман хаттары» да қалыс қалмайды», деген К.Сәттібайұлы «Дода» айдары жайында да кеңінен баяндады. Айдар аясында әр нөмір сайын спорт жаңалықтары, спортшылар өмірінен елең етерлік хабарлар беріліп тұрады. Онда Америкадағы Головкиннен бастап, өзге де саңлақтарымыздың жетістіктері айтылады. Мұны газеттің бренді десек те болады. Ал спорт – Елбасы әркез қолдап отыратын салалардың бірі. Күні кешегі Жолдауында да осы салаға соғып өткеніне куәміз. «Ауылдардағы спорт ғимараттары бос тұрмасын, оларда жаттығулар, дайындықтар жүріп жатсын», деді Президент.
«Оқырмандарымыз жақсы біледі, біз газетімізге үлкен-үлкен мемлекет, қоғам қайраткерлері, әдебиетшілер, саяси, әдеби, мәдени саланың тұлғалары туралы, олардың өмірлері, еңбектері жайында көлемді дүниелерді үзбей жазып отырамыз. Мәселен, жақында «Қонаев ақиқаты» деген көлемді мақала жарық көрді. Белгілі жазушы, қонаевтанушы Ораз Қауғабай аса көрнекті тұлғаның өміріне, шежіресіне қатысты көптеген даулы дүниелерге нүкте қойды», деп сөзін жалғаған бас редактор өзі жазған Бауыржан Момышұлы туралы мақаласының әзірлену тарихын әңгімеледі.
Жиында Аса ауылының тұрғыны Бақыт Сырлыбаев сөз сөйлеп былай деді: «Жалпы, ақпарат тарататын желі көп. Айталық, радио, теледидар, интернет көздері… Бірақ олардың бәрі лездемелер. Ал газет бетіне жарияланған ақпараттар мен мақалалардан толыққанды мағлұмат ала аламыз. «Aq jol» газеті облыстың төл әрі бас басылымы болғандықтан, оған жазылу көзі ашық, саналы әр азаматтың парызы деп түсінемін. Біздің өңірде көптеген игі істер атқарылып, көзге көрінетін жаңалық болып жатыр. Оны жақында ғана өткен Тараз қаласы күнінде аңғардық. Соны «Aq jol» газетінің бетінен көріп, біліп отырмыз.
Бұл газеттің өзге басылымдардан ерекшелігі – газет ұжымы белгілі бір азаматтық принцип ұстанады. Айталық, Димаш атамыз бен Асанбай Асқаров ағамыздың бастарына күн туып, қиын халге түскен кезде кейбір тосқауылдарға қарамай «Aq jol» газеті бірінші үн қатып, Қазақстан бойынша алғашқылардың қатарында үлкен мақалалар жариялап, көпшіліктің ризашылығын алды. Жаңа айтылғандай, жақында ғана «Қонаевтың ақиқаты» деген мақаланы оқыдық. Онда да ұлт перзентін тиісінше ұлықтаған. Өзге де көптеген материалдар жариялануда. Сондықтан төл газетімізді қолдап, жазылайық». Оқырмандар пікірін аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова жалғап, пошта келген кезде «Aq jol» газетін бірінші қолына алатынын айтты. «Өйткені облыста не болып, қандай шаруалар атқарылғанын немесе қолға алынайын деп жатқанын осы басылымнан білеміз. Сонымен қатар мұнда адамның жанын байытатын, рухын кемелдендіре түсетін керемет материалдар жетерлік.
Жақында оқырмандарыңызға «Теледидар бағдарламасын жариялау керек пе?» деп сауал тастағандарыңыздан хабардармын. Қазір де ол мәселе сөз болды. Менің жеке көзқарасым, бағдарламаның орнына кесек-кесек оқылымды дүниелер жарияланғаны жөн сияқты. Өйткені қазір сандық телевизияға көптеген үй қосылған. Ал онда барлық арнаның бағдарламасы қамтылған. Бәлкім, менің пікірім дұрыс емес те шығар. Теледидардағы бағдарламаны қариялар пайдалана алмауы мүмкін. Оларға газет бетіндегі бағдарламаны шолған ыңғайлы», деді Үміткен Қапанқызы.
Шара соңында К.Сәттібайұлы жиынға қатысып отырған мемлекеттік қызметкерлерді, ұстаздарды, дәрігерлерді Жолдаудағы тапсырмаларды орындауға атсалысуға және облыстық «Aq jol» газетіне жазылуға шақырды.

Асхат РАЙҚҰЛ

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support