Жерлесіміздің «Лифтісі» лос-анджелесте үш аталым бойынша үздік атанды

63

АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен «Genrecelebration-2018» атты жанрлық кинолардың халықаралық фестивалінде жерлесіміз, режиссер Нұртас Адамбайдың «Лифт» атты фильмі үш бірдей аталым бойынша үздік деп танылды.
– Біз түсірген «Лифт» фильмі Лос-Анджелесте жыл сайын өтетін «Genrecelebration- 2018» атты жанрлық кино фестивалінде үш бірдей номинацияда топ жарды. «Үздік драмалық фильм», «Үздік режиссура», «Үздік операторлық жұмыс» аталымдарында жеңіске жеттік. Сондай-ақ «Үздік монтаж» аталымында да сыйлық алатын мүмкіндігіміз бар. Осыдан екі жыл бұрын бұл фестивальде «Тараз» фильмі жеңіске жеткен еді, – дейді режиссер жағымды жаңалықпен бөлісіп.
Бұдан бөлек фестиваль ұйымдастырушылары аталмыш фильмді «Amazon» арқылы тарату, сату жөнінде ұсыныстарын білдіріпті. «Лифт» фильмі ағымдағы жылдың 11 қазанында прокатқа шыққан-ды. Психологиялық триллер жанрында түсірілген туынды сюжетінде күзетші мен кәсіпкер күтпеген жерден лифт ішінде қамалып қалып, оқиға әрмен қарай қызықты өрбиді.
Фильмде басты рөлдерді Жандос Айбасов пен Исабек Әбілмәжінов сомдайды. Режиссер Нұртас Адамбай бұған дейін «Келинка Сабина», «Побег из аула» («Ауылдан қашу») секілді көптеген туындыларымен танылған болатын.

«Aq jol-Aqparat».

Comments are closed.