- Advertisement -

Электрондық ақша туралы

78

- Advertisement -

Бүгінгі таңда электронды сауда-саттықтың Қазақстан нарығына алып келетін артықшылықтарымен маңызы зор. Уақыт пен ақша үнемдеп, кезек күтуден құтылып, тәулік бойғы қызмет көрсетуге қол жеткізе аламыз. Азаматтардың виртуалды сауаттылығы артып, көпшілігі ғаламтор арқылы жасалатын электронды қызмет түрлерін қолдануды қалайды.
Ең алдымен электронды ақша ғаламтор арқылы сауда жасауға, тамаққа тапсырыс беру, киім-кешек, тұрмыстық техникалар алудан бастап, коммуналдық төлемдер бойынша есеп айырысу үшін ұзын-сонар кезекке тұрудың азаюына мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ ғаламтор қолданушылар үшін тауар түрлерімен бірге, нарықты да кеңейтті. Себебі кез-келген электронды шот иесі Қазақстаннан ғана емес, қалаған елінен тауар таңдап алу мүмкіндігіне де ие.
Аталған тақырыпты кеңінен өрбітсек, яғни электрондық ақша дегеніміз не, оны кімдер реттейді деген және тағы басқа сұрақтарға жауап берсек.
Электрондық ақша – электрондық нысанда сақталатын және электрондық ақша жүйесінде жүйеге басқа да қатысушылар төлем құралы ретінде қабылдайтын электрондық ақша эмитентінің шартсыз және кері қайтарып алынбайтын ақшалай міндеттемелер. Ол тек қана электронды түрде, яғни арнайы электронды жүйедегі жазбалар түрінде кездесетін төлем құралы болып табылады.
Қазақстан Республикасы аумағында электронды ақша жүйесі Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 26 шілдедегі №11-VI «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңының 8-тарауына сәйкес реттеледі.
Электрондық ақшаны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, банктер және Ұлттық пошта операторы шығаруға құқылы және ең бастысы, электрондық ақша эмитенттері Қазақстан Республикасының аумағында шығаратын электрондық ақша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ғана көрсетілуі тиіс. Электрондық ақша иелері болып электрондық ақша эмитентінен, агенттен немесе өзге де жеке тұлғалардан электрондық ақшаны алған жеке тұлғалар, агенттер, жеке тұлғалардан азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлемақы ретінде электрондық ақшаны алған жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар болып табылады.
Жеке тұлға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің (2018 жылға – 2405 теңге) бір жүз еселенген мөлшерінен асатын сомада электрондық ақшаны иемденген жағдайда, электрондық ақша эмитенті оны сәйкестендіруді жүзеге асыруға міндетті.
Электрондық ақшаның сәйкестендірілмеген иесі – жеке тұлға жасайтын бір операцияның ең жоғары сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшеріне тең сомадан аспауға тиіс.
Электрондық ақшаның сәйкестендірілмеген иесі – жеке тұлғаның бір электрондық құрылғысында сақталатын электрондық ақшаның ең жоғары сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің екі жүз еселенген мөлшеріне тең сомадан аспайды.
Электрондық ақшаны пайдалана отырып жүргізілетін төлем – электрондық ақша жүйесінің ішкі қағидаларында не электрондық ақша жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарда белгіленген рұқсатсыз пайдаланудан қорғау рәсімдері сақталған кезде электрондық ақша иесінің – жеке тұлғаның басқа тұлғаға оны электрондық әмиянды пайдалана отырып беруі арқылы жүзеге асырылады. Электрондық ақшаны пайдаланып төлемді жүзеге асырғаннан кейін оның иесіне – жеке тұлғаға электрондық ақшаны пайдаланған операцияларды жүзеге асыру фактісін растайтын төлем сомасы, төлемді жасау уақыты мен күні, сауда чегінің реттік нөмірі, дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның атауы (коды) және жеке сәйкестендіру нөмірі, бизнес сәйкестендіру нөмірі, транзакцияның коды немесе электрондық ақша жүйесіндегі төлемді сәйкестендіретін басқа код, электрондық ақша иесі – жеке тұлға әмиянының сәйкестендіру коды деректері қамтылған сауда чегі электрондық хабарлама нысанында не қағаз тасымалдағышта беріледі.
Жеке тұлға электрондық ақшаны пайдалана отырып сатып алынған азаматтық-құқықтық мәміле мәнінен бас тартқан және мұндай бас тартуды дара кәсіпкер немесе заңды тұлға қабылдаған жағдайда, төлем жүргізуші жеке тұлғаның электрондық әмиянына электрондық ақша қайтарылады не оған электрондық ақшаның сомасына баламалы ақша сомасы өтеледі. Мұндай төлемді жүзеге асыру тәсілдері, тәртібі және мерзімдері электрондық ақша жүйесінің ішкі қағидаларында белгіленеді.
Электрондық ақшаны қате жіберу анықталған, электрондық әмиян жоғалған, ұрланған немесе рұқсатсыз пайдаланылған кезде электрондық ақша иесі бұл жайлы эмитентті эмитент пен электрондық ақша иесі арасында жасалған шартта және (немесе) электрондық ақша жүйесінің ішкі қағидаларында белгіленген тәртіппен дереу хабардар етеді.
2018 жылдың 18 маусымындағы жағдайы бойынша Қазақстан Республикасы аумағында 17 электрондық ақша жүйесі жұмыс істейді. Олар: «E-KZT», «Wooppay», «Qiwi кошелек», «Личная Касса», «Paypoint», «Dar», «Homepay», «Халык», «AllPay», «Kaspi Bank», «MyBonus», «Homebank Wallet», «TengriWallet», «Wallet One», «AlemPаy», «Казпочта», «РПС» ақша жүйелері.
Қорыта айтқанда, цифрлы технологиялардың дамуы кез-келген салаға өз әсерін тигізуде. Бұл тұрғыда еліміз өзінің технологиялық жаңғыру кезеңін бастан өткеріп, электронды төлем жасау қалыпты процеске айналып, электронды ақшалар уақыты дамып келеді десек болады.

Райгүл Бәзілова,
ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалы
директорының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support