Әдебиет

Бір кем дүние

Бір кем дүние

Ақсақ Темірдің аманаты

Жалған дүниеден өтер алдында жарты әлемді жаулаған Әмір Темір жанындағыларға аманат айтты: – Мен өлген соң жылап-сықтап, дауыс көтермеңдер. Оның түкке қажеті жоқ. Ажалды біреу айқайлап, қорқытып қуады ма екен? Киімдеріңді жыртып, жынды адамша жүгіргеннен гөрі Алладан «Аллаһу акбар» деп маған мейірім тілеңдер. Жүрегімді жылыту үшін «Фатиханы» оқыңдар. Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір де мейірімге мұқтаж. Бір кем дүние. Жалғыздық жаман

Жасың ұлғайған сайын құрбы-құрдас, қатарың кеми бастайды. Өз қатарың болмаса тойға барма деген. «1950 жылы мектепті менімен бірге бітіргендерден кімдер бар?» – деп сұрастырсам… көбі жоқ. Сақал-шашы аппақ қудай болып Әбдіуәлі Данаев, төбе шашы түсіп қалған Исатай Үмбетбаев жүр. Махан молда, бозкөз Манап… Әбдіуәлі күміс медальмен бітірген. Ленинград темір жол институтының түлегі. Көп жыл Жамбыл темір жолының бастығы болды. Қазір де студенттерге сабақ береді. Соның барына да шүкір. Мектепті бірге бітірген Қаратай Тұрысов еді. Көп жыл қатар жүрдік. Соңғы жылдары Парламентте депутат болып, бірге отырдық. Жетпіске толар-толмас дүниеден өтіп кетті. Тараз шаһарында сол 1950 жылы мектепті бітіргендер суретіне қарап отырып: – Апырай, мен әлі тірі жүрмін, ә, – деп қоямын. – Мүмкін, Алла менің қиянаттан қырыққа жетпей қайтыс болған әкемнің жасамаған жасын маған қосқан шығар? Бір Алла өзі біледі. Дегенмен, жалғыздық жаман. Бұл да бір кем дүние.

Адал мен арамның таразысы

(Мешiтте айтылған уағыз)

Бiр кедей пенде жалғыз сиырын сауып, соның сүтiн сатып динар ақша жинайды екен. Бiр қалта динар жинаған әлгi кiсi кемеге мiнiп, бiр жағдаймен жолға шығады. Кемеде келе жатып ұйықтап кетедi. Сонда бiр маймыл оның динар салған қалтасын ұрлап алып, кеме желкенiнiң ұшар басына шығып кетедi. Жолаушы оянып, ары-берi қараса, динар салған қалта жоқ! Ары iздейдi, берi iздейдi. Ақыры желкеннiң ұшар басында отырған маймылды көредi. Қараса, маймыл бiр динарды алып мұның қолына лақтырады. Келесi динарды алып теңiзге лақтырады. Сөйте-сөйте қалтаны босатады. Мәнiсi: әлгi мiскiн сиырын сауып, сүтiн сатарда аздап су қосады екен. Иесiне лақтырған динар – адалдан. Теңiзге лақтырған динар – арамнан. Яғни, судың үлесi – суға, сүттiң үлесi – иесiне. Әр заманда адал мен арамның арасын анықтап тұратын осындай таразы болса ғой, шiркiн. Бiрақ ондай құрал жоқ қой... Бiр кем дүние.

Қайда?

Тұрар Рысқұлов 1938 жылы атылды деп жазылатын. Қабiрi Москва түбiндегi Бутова деген деревнядағы зиратта дейтұғын. Бiрақ кейiн iздеушiлер сол Бутовадан таппады. Кейбiр басылымдар Тұрардың өлген жылы «1943» деп жүр. Тұрар Рысқұлов туралы «Служение народу» атты қомақты кiтап жазған москвалық профессор В.М.Устинов: – Өте құпия құжаттар бар. Ол тек генсектiң рұқсатымен ғана көрсетiледi. Бiр сөз бар: Тұрар Рысқұлов Солтүстiк Қазақстанда өлген, – дейдi-дағы, сыбырлап: – Аштан өлген, 1943 жылы, – дейдi. «Ақыр байдың баласы аштан өлген». Тұрар, миллиондарды сталиндiк-голощекиндiк аштық ажалынан (геноцид) арпалыса арашалаған Тұрар Рысқұлов ақыр соңында өзi аштан өлген?! Әдiлет қайда, атасына нәлет! Тым болмаса моласы да жоқ. Шыңғыс ханның моласын осы уақытқа дейiн толып жатқан зерттеушiлер таба алмай келедi. Ал халықты аштық қырғыннан сақтап қалған Рысқұловтың моласын кiм iздейдi?! Бiр кем дүние. Талант сатылмайды

– Бәрін де сатып алуға болады, – деді Ғабең бір жолы. Ақшаң болса қалтаңда, Талтаңдасаң – талтаңда! Бәрін де – атақты да, ар-ұятты да, әйелдің махаббатын да... Ал бірақ талантты сатып ала алмайсың. Ешқашанда. Талантты – адам бермейді, Құдай береді. Біздің Союздың (Жазушылар одағын айтады. – Ш. М) есігі айқара ашық: халтураға да, дарынсыз сүмелектерге де. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сол. Білдің бе? Мен, әрине, білемін. Бұл да бір кем дүние. ... Қазіргі Жазушылар одағы – біздің Мыңбұлақтың егіс даласындай: еккен арпа-бидай арамшөптің, есекмияның, кекіренің арасынан көрінбейді.

Кәрі шынар

Елге барған сайын Зиратсайға сәлем бермесем, әлдене жетпей тұрғандай болады. Кейде жалғыз, кейде немерем Илико екеуміз екі атқа мініп, ата-бабалар жатқан мекенге қарай желе-жортамыз. Терең сайдың шығыс жағын қалың қамыс, қызыл изен, жусан басқан. Ара-арасынан көне төмпешіктер білінеді. Міне, бұл ата-бабалар зиратының жұрнағы. Аттарды қаңтарып қойып, білгенімше шын беріліп дұға оқимын. Бұл зиратта әкемнің әкесі Бердімбет баба жатыр. Бұл зиратта ұлы ана Күнікей жатыр. Дұрысы: олардың сүйегі жатыр. Жандары, Алла қаласа, аспанда, жұлдыздардың бірінде шығар. Жандары жаннатта болғай! Терең сайдың батыс жақ беткейінде бұтақтары тарам-тарам, аспан астын көмкергендей бай шынар тұрады. Ол мына ата-баба зиратының күзетшісіндей. Жарықтық, сол бай шынар менің бала кезімде бар еді. Әлі тұр. Ал мен жетпіс бестен асып барамын. Бай шынар әлі баяғыдай. Тек үлкен үйдің тұрқындай діңгегі ғана қатпар-қатпар әжімді. Бір бүйірі тесік. Әлдебір қарғыс атқыр бүйіріне балта шауып, үңгірлеп, ішіне от қойып, күйдірген. Көлемі бір адам сыйып кетердей. Ішімнен: мен өлгенде денемді осы үңгірге салып қойса, қарсы беттегі бабам Бердімбеттің, ұлы анам Күнікейдің бейіттеріне қарап жатсам деп қоямын. Бай шынардың жапырақтары жамырап, күндіз-түні ғарыш әнін айтып тұрса... Қай жерде, қай сағатта ажал жетіп, сүйегіңнің қайда қаларын бір Құдай ғана біледі. Біздікі тек қиял ғой. Бір кем дүние.

Ас пен тас

1944 жыл. Көктем. Өте ауыр болды. Қыстан сирағымыз сіңірімізге ілініп, әрең шықтық. Қылтиып жаңа шыққан көкті жұлып жедік. Айша анамыз: – Күн күркіремей жуа жұлып жемеңдер, уы бар, – дейді. Күн қашан күркірер екен деп аспанға қарап, алақан жаямыз. Аспан алақанға ештеңе тастамайды. Аспан соқырдың ақшел басқан көзіндей бедірейеді де тұрады. Бір күні қарындасым Құрмаштың қолынан жетектеп, екінші ауылдағы Қайырқұлдың үйіне бардық. Бір үзім нан, бір уыс талқан берер ме екен деп. Қайырқұл бастық: – Кет, айда! – деп қуып жіберді. Жұдырығым томпаяды. Бұл не екен деп қарасам, тас екен. Қайырқұл ас орнына тас салып жіберген бе?Аң-таң болып тұрып, әлгі тасты Қайырқұлдың үйіне қарай құлаштап тұрып лақтырып жібердім. Тасты жерден қашан, қалай алғаным есімде жоқ. Бір кем дүние.

Жайнамаз

Әкемiз Мұртаза марқұмның қызғылтым шырайлы, әдемi гүлдерi жайнаған жап-жаңа жайнамазы бар едi. Алдымен мешiт бұзылды. Оның үйiндi болып қалған кiрпiштерiнiң үстiнде байғыз дейтiн құс сұңқылдап, зарлап отыратынды шығарды. Көп ұзамай Мұртаза рахметiлiк «халық жауы» ретiнде ұсталды. Бұл 1937 жылдың, сiрә, желтоқсан айы едi. НКВД үйге тiнту жасады. Мен ол кезде 5 жасар баламын. Бәрi есiмде. Тiнткенде бәлендей байлық табылған жоқ. Тек бiр милиционер төрде iлулi тұрған жайнамазды жазып көрдi де: «Е, мынау шұлғау болуға жақсы екен. Аяғым тоңып жүр едi», – деп Алланың аты жазылған жайнамазды бүктеп-бүктеп, қойнына тыға салды... Арада алпыс жыл өткенде жолым түсiп, Кереку қаласына барып, мешiтiне кiрiп, дұға оқығанда, Тәңiрi жарылқағыр бас имам маған Қағбадағы мешiттiң суретi салынған сұлу жайнамазды сыйлады. Сонда баяғы милиционерге шұлғау болып, қорланған жайнамаз ғайыптан құс болып келiп, қолыма қонғандай ғажайып хал кештiм. Мұны марқұм Мұртазаның әруағы сездi ме... бiлмеймiн. Бiр кем дүние.

Бастан сипау

Қай жыл екені нақты есімде жоқ, әйтеуір, соғыс жылы еді. Мектеп балаларын бидайдың арасындағы арамшөпті отауға алып келген. Бастығымыз Қайрақбай дейтін делқұлылау шал кісі. Бізге өзінше командир болады. – Айт-дуа, жайратыңдар жауды! – деп бұйрық береді. Бидайдың арасында өскен мияны, кекірені отай бастаймыз. Әбден сілеміз қатқан кезде Қайрақбай командир: – Демал! – деп бұйрық береді. Тақтаның басына жете бере көгалға құлай-құлай кетеміз. Бір кезде қасымызға әңгі есек мінген, жаздың күні басына ескі тұмақты баса киген, бурыл сақалды бір кісі келді. Қайрақбай «командирмен» амандасып болып: – Осында Мұртазаның баласы бар ма? – деді. – Бар, – деді Қайрақбай «командир». Сөйтіп, мені әлгі әңгі есек мінген кісіге алып келді. Қараторы жүзін әжім басқан, оң көзінің алдында бұршақтай қалы бар қартаң кісі мені құшақтай алып, басымнан сипалай берді де: – О, жетімек! Жетімек! Әлі-ақ сен де жетілерсің. Аман бол, есіл ердің тұяғы! О, жетімек! Жетімек, жетілерсің... – деп есегіне мініп, көзінің жасын жеңімен сүртіп, Шанышқылы ауылына қарай кете барды... Артынан білдім, Шанышқылыдағы Әдия әпкемнің қайынағасы Кәлен деген кісі екен. – Шашымнан сипағаны есіме түссе, әлі күнге дейін елжіреп, жылағым келеді. Шала құрсақ, жарым көңіл жетімге басыңнан сипаудың өзі де үлкен бақыт. Бір кем дүние.

Қорқыттың қобызы

Қорқыттың қобызы сарнап тұрғанда ажал оған жолаған жоқ. Аулақ жүрді. Қорқыт әлдеқалай қалғып кетіп, қобызы тартылмай қалып еді, жылан шағып өлтірді. Демек, өнер, әдебиет – рухани дүние тоқтаса, асағаны ақ май болса да, қоғам өледі. Осыны, әсіресе, қазіргі атқамінерлер ескере бермейді. Қоғамның ең кедей тобы жазушылар, журналистер, суретшілер, композиторлар, әртістер, яғни мемлекеттік бюджеттен аластатылып тасталғандар. Әсіресе, нағыз таланттарға қиянат. Дарынсыз арамшөптерге бұл тәсіл керек те шығар. Бірақ құммен бірге алтын түйіршіктерін де лақтырып тастау – имансыздың ісі. Бір кем дүние.

Сәуле әкесін іздейді

Сталиннің тізімі бойынша Тұрар Рысқұлов тұтқындалып, қол-аяғына кісен салынып, Кисловодскіде демалып жатқан жерінен Мәскеуге, Лубянка түрмесіне жеткізілді. Жендеттер бір сәт ұйқы бермей, ұдайы ұрып-соғып, қабырғасын сындырып, әп-әдемі бұйра шашын жұлып, тозақтан жаман азаптап, ақыры атып тастап, Мәскеу түбіндегі Бутово деген деревняға апарып, көміп еді ғой. Арада алпыс жыл өткеннен соң үлкен қызы Сәуле Бутовоға барып, әкесінің моласын іздеп-іздеп таппай қайтты. Туған жерінен бір уыс топырақты орамалға түйіп алып барып еді, қай төмпешікке төгерін білмей, бүкіл зиратқа құлаштап тұрып шашып кеп жіберді. Сәуле әкесін Бутоводан бекер іздейді. Тұрар Рысқұлов сол 1938 жылдың 10 ақпанында-ақ ғарыштағы Шолпан-Кебіс жұлдызын мекендеп алып еді ғой. Бірақ таң алдында туып-бататын Шолпан-Кебіс жұлдызына жету қайда? Мүмкін, таң маһшарда болмаса... Бір кем дүние.

Мұса пайғамбардың амалы

Бір заманда еврей халқы Мысыр перғауындарының құлдығында болғаны тарихтан белгілі. Оларды сол құлдықтан құтқарған Мұса (Моисей) пайғамбар ғой. Перғауынның тұтқынынан қашып шыққан еврей елін Мұса пайғамбар 40 жыл бойы шөл дала – құмның ішімен ары-бері алып жүре беріпті. Мақсат: құлдықтың қамытын кигендердің тұқымы таусылып болсын деген ғой. Құлдық психологиясынан азат, жаңа тәуелсіз ұрпақ өссе, соны Иерусалимге алып бармақ. Ол сол мақсатына жетті де. Жаңа ұрпақтың тұяғын Палестина топырағына тигізсе – арманына жетеді. Ал 300 жыл бойы Ресей бодандығында болған қазақтардың ескі көзі әлі де сол баяғы құлдық психологиядан арыла алмаған, жасқаншақ. Құлаққа ұрған танадай шыр айнала береді. Тарих жаңа буыннан, жалтақтамай, жасқаншақ болмай өсіп келе жатқан ұрпақтан үміткер. Бірақ ескіні естен шығартатын Мұса пайғамбар қайда? Жоқ қой... Бір кем дүние.

Жүген алып жүгірген бала

Ұлы Абайдың 150 жылдық тойы еді. Тойдың ең бір сүбелі тұсы ат жарыс қой. Республиканың түкпір-түкпірінен небір сәйгүліктер жиналған. Бәйге басталды. Жарыс жолының ең арғы шетінде будка сияқты бірдеңе қараяды... Әне, әне! Соңғы айналым. Қарагер тұлпар қара нөпірден оқ бойы озып шығып, алда келеді, жануар. Кенет тіп-тік шаншылған құйрығы сылқ етіп салбырап, дәл қалың халық отырған тұсқа жете бере Қарагер омақаса жығылды. Үстіндегі бала оның басынан аса ұшып түсіп, тез түрегелді де, аттың басындағы жүгенді сыпыра бастап еді, ауыздығы шықпай, әлгі бала тізгінді жұлқып-жұлқып әрең шығарды да, мәреге қарай тұра жүгірді. Бұл кезде оның тұсынан қылаң боз зу етіп өте шықты. Оның соңынан бала да мәреге жете бере жығылды-ау... Өзі сәл-пәл жетпеген мәреге жүгенді лақтырды. Жүген дәл мәре сызығының үстіне барып түсті. Бұл кезде қылаң боз да сызықты кесіп өтіп еді. Артынша дүрмек қаптап кетті де, бала көрінбей қалды. Жарыстың аяғы дауға, тіпті жанжалға айнала жаздады. Озып келген қылаң боздың иесі мен оның жақтастары мәре сызығына лақтырылған жүгенді есепке алмау керек деп кергіді. Зорығып құлаған Қарагердің жанашырлары мәреге жүйріктің орнына жүген барғанын ата-баба салты деген уәж айтып қасарысты. Сөйткенше, бәйге жарыстың бас бақылаушысы микрофон арқылы, қылаң боз жарысқа сонау будканың тасасынан соңғы айналымда қосылғанын айтып, не керек, бірінші бәйге жүген лақтырған балаға берілсін деп жариялады. Бұл кезде ерен жүйрік Қарагердің өлі денесі жол үстінде әлі теңкиіп жатыр еді. Бір кем дүние.

Жоғалған тіл

«Болашақ» деген шығып, бай балалары шет елде оқып, бірсыпырасы сол жақта қалады. Бірсыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ тек орысша, иә ағылшынша сөйлейді. Қазақшасы жоқ. Бір кем дүние.

Ай мен Күн туралы

Бұлар туралы ақын Гете жазып кеткен. Ол да біреуден естіген. Біз де елден естігенімізді, оқығанымызды жазамыз. Аспанда Ай мен Күн бір-бірінен ажырап, адасып қалғанда, жердегі пенделерге не жорық?! Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Сейпілмәлік – Жамал, қайсыбірін айтасың, бір-біріне қосыла алмай кеткен, шын ғашықтар ғой. Дүние жаралғалы бері Ай Күнге жете алмай келеді. Олар о бастан ерлі-зайыпты екен, екеуінен жұлдыздар туған. Әзәзіл ажыратқан. Бір-біріне шын ғашық болып, қосыла алмау дүниедегі кемдіктің ең ұлысы.

Көреген көсем

Мен енді Астанада, Әлихан Бөкейхан көшесінде тұрамын. Үйдің бірінші қабатындағы магазин «Алтын Орда» аталады. Іргемізде – Конгресс-холл, алдымызда – түрік шайханасы. Түстікте бір үйден кейін Есіл өзені. Оған төніп тұрған Кенесары ескерткіші. Әлихан Бөкейхан – Алашорда көсемі. Соның атындағы көше – айбын. Сонау 1910 жылдың өзінде Петроградта басылып шыққан «Қазақтар» деген еңбегінде Әлихан Бөкейхан былай дейді: «Крестьяндарды қазақ даласына үйіп-төгіп қоныстандыра берсе, тың жердің түгел жыртылары хақ. Ал қазақ даласы тыңынан айырылған соң, тұлдырсыз бедеу қалады да, егін өспейтін болады... Қазақ даласының тамаша шүйгін жайылымдарының топырағы көкке ұшқан соң, дала шөлге айналады, сөйтіп, крестьян айтақырға отырып қалады, ал жайылымнан айырылған қазақ әбден азып-тозып, ақыры жаңа тұрмыстың жағдайымен пролетариат қамытын киіп, тау-кен заводтарына, қалаға кетеді». Арада елу жыл өткеннен кейін орыс жазушысы Чивилихин «Земля в беде» деген шығармасында Әлихан Бөкейханның көріпкелдігін растап берді. Сөйткен көсем Әлихан Бөкейханды Сталин жауыздары атып тастады. Имансыз жауыз заман, залым дүние. Дар мен даңқ

Өлтiру оңай. Тiрiлту қиын. Сталин дәуiрiнде небiр марқасқалар атылды. Бас айыптаушы прокурор Вышинский. СССР Жоғарғы Сотының бастығы В.Ульрих. Атылды: Бухарин, Рыков, Ходжаев, Икрамов, Рысқұлов, Сейфуллин, Майлин, Жансүгiров, Нұрмақов, Мағжан Жұмабаев... тағы басқа аса iрi қайраткерлер. Сталин өлгеннен кейiн солардың бәрiн ақтады. Ақтағаны былай тұрсын, мақтады. Бiрақ одан не пайда? Моральдық, адамгершiлiк жағынан пайда бар шығар. Бiрақ зорлықпен өлтiрiлгендердi қайтып тiрiлте алмайсың ғой. Бәлкiм, кiнәсiзден «кiнәлi» болғандардың жағдайы о дүниеде жақсы шығар. Бiрақ жалған дүниеге қайтып оралмайды ғой. Мiне, бұл бiрегей кем дүние.

Опасыз алтын

Жүз жасаған теректi арқалап, балталап жатып алып кеткен. Томары қалып қойған. Кедей кемпiр самаурынға деп, күнде барып, томарды шетiнен кемiре бередi. Бiр күнi балтасы тасқа тигендей болды. Қазып қараса, шағын сандық екен. Ашып көрiп едi, iшiнен киiзге ораған алты кило алтын шығады. Милицияға хабарлайды. Өкiмет кемпiрге алтын құнының 25 процентiн бередi. Баласы ұрсады: – Балам-ау, осыған да шүкiр де. О баста өз иесiне опа қылмаған алтын ғой. Осыған да қанағат. «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар». Саған қатын алып беруге осы да жетедi, – дептi кемпiр. Баласы дүрдигенiн қоймапты. Бiр кем дүние.

Өлтіру оңай, тірілту қиын

Соттар қателесіп, кінәсіздерді өлімге бұйырады. Кінәсіз екені анықталғанда қайтадан тірілте алмайды. Не істеу керек? Бір кем дүние. «Халық жаулары» дегендердің көбі солай өлтірілді.

Ойшыл қарға

Түнімен – жаңбыр. Таңертең – қар. Жалаңаш ағаш мүлгіп тұр. Төбесінде – қарға. Ойланып отыр. Не ойлайды? Қарғаның тілін білмеймін. Әйтпесе сұрар едім: – Оу, Қареке, ертең не болады? – деп. Ол көп біледі. Жүз жасаған ғой. Ол Мұсаның оқыстан өлетінін білген. Көп шуылдап, көп қарқылдаған. Оны біз түсінбедік. Бір кем дүние.

Қанағат қарын тойдырады...

Араны ашылған, ашқарақ тойымсыздар – адалдықтың қазығынан ажырап қалғандар. Адалдықтың қазығы – қанағат. Бір кем дүние – зор кем дүние.